Қазақ қоғамында отбасы түсінігі - рухани және мәдени, салт-дәстүрдің сақтаушысы, ұрпақ сабақтастығын жалғастырушы, адамгершілік пен мейірімділік ордасы. Оның маңызы турасында қазақ даналығынан қалған хикметтер өте көп. Қай дәуірде болмасын жанұяның адамзат баласының тәрбиесіне тигізер ықпалын өмірдегі басқа еш нәрсенің күшімен салыстыруға келмейді. «Отбасының өнегесі – Отан өнегесі» деп білетін ұлтымыз отбасының тыныштығы мен құндылықтарын бірінші орынға қойған. Аудандық «Кең Жылыой» мәдениет үйінде «Өнерлі - өнегелі отбасы» атты аудандық байқау, міне, осы бағытты көздесе керек.
Шынымен де, байқаудың мақсаты – отбасылық құндылықтарды дәріптеп, ұлттық тәрбиені жаңғырту, бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөлін көрсетіп, асыл мұрамыз - салт-дәстүрімізді жаңғырту, мемлекет құндылығы саналатын отбасыны сақтап қалуға үндеп, қоғамға үлгі болатын жанұяларды насихаттау болды. Байқау жүргізушісі, алдымен, сайыскерлерді ортаға шақырып, көрермендерге таныстырды. Сайысқа 3 кезең бойынша 5 отбасы қатысып, сынға түсуге бел буған екен. Отау құрғанына 7 жыл болған Шалабаевтар отбасы – 2 қыз, 1 ұл тәрбиелеп отырған үлгілі жанұяның бірі. Қуаныш Шалабаев – қосымша білім беру педагогі, робототехника жаттықтырушысы болса, жұбайы Нұрайым Батыр "АЙДАЙ" студиясының жетекшісі, жеке кәсіпкер. Келесі көпбалалы жанұя қатарындағы Смайловтар отбасының құрылғанына 9 жыл болған. Отағасы Дархан жеке кәсіпкерлікпен айналысса, үйдің отанасы Мөлдір аудандық орталық аурухананың медбикесі.
Қатысушылар ішіндегі ең жас «шағын мемлекет» – Ахметкәрімовтер жанұясы болды. Шаңырақ көтергеніне 6 жыл болған Ерназ бен Шолпанның 3 баласы бар. Ақын, аудандық «Кең Жылой» газетінің жауапты хатшысы Ерназ Ахметкәрімов аудан жаңалықтарының жаршысы болып жүрсе, жары Шолпан – бала тәрбиесімен үйде отырған асыл жар.
Ал Оңғарбаевтар отбасын жылыойлықтар өнерлі отбасы ретінде жақсы біледі. Бүгінде «Қосшағыл» ауылдық мәдениет үйінде қызмет ететін Жәдігер мен Әсем 4 бала тәрбиелеп отыр.
Байқаудың келесі қатысушылары – Нұрғановтар жанұясы да ауданға белгілі жандар. Отасқанына 39 жыл болған Ерлан аға мен Хадиша апай – 3 ұлдан 12 немере сүйіп отырған үлгілі ата-әже.
Байқаудың алғашқы кезеңінде қатысушылар бейнеролик арқылы өздерін таныстырса, екінші - «Ақылдыға дүние жарық...» кезеңінде арнайы дайындалған сұрақтарға жауап берді. Халқымыздың салт-дәстүрі, әдет-ғұрыптары туралы тереңірек айтқан қатысушыларға көрермендер қол соғып, қошемет көрсетіп жатты. Ал «Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» атты кезеңінде қатысушылардың өнерден де кенде еместігін байқадық. Қыздарымен қуыршақтар арқылы «Бауырсақ» ертегісін қойған Шалабаевтар отбасы қойылымды жоғары деңгейде көрсете білді. Ал Смайловтар отбасынан шыққан жұп Дархан мен Мөлдір ана туралы ән орындап, көрермен боп келген анасына гүл шоқтарын сыйлап, бүкіл анаға деген құрметтің үлгісін көрсетті.
Бұл күні поэзия да оқылып, көрермендер бір сәт жыр әлеміне саяхат жасап қайтты. Ақын Ерназ Ахметкәрімов өзінің жүрегінен шыққан «Түсімдегі кейіпкер» өлеңін диалог ретінде жұбайы Шолпан екеуі оқып берді. Екеуінің көркемсөз оқу шеберлігіне ғана емес, әртістік қабілетіне де көпшілік таңдай қағып жатты. Ал көпбалалы Оңғарбаевтар ұл-қызымен бірге «Туған жер» әнін тамылжыта шырқады. Нағыз өнерлі отбасы екендігін көрсеткен жанұяға әділқазылар алқасы да жақсы бағасын берді. Келесі боп «Ата-әжеге арнау» әнімен Нұрғановтар да сахнаға шықты. Ерлан аға мен Хадиша апаның қос немересі көңілді әнді орындап, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Байқау соңында әділқазылар алқасының төрағасы, Мәдениет саласының үздігі, «Кең Жылыой» аудандық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі, хореограф Мағрипа Шегенбаева қорытынды сөзінде байқауға қатысқан барлық қатысушыларға алғысын білдірді. Ол бойындағы бар талантын ортаға салып, қоғамдық шараларға белсене қатысқан әрбір жанұя мүшесінің жеңімпаз екенін айтты. Отбасы құндылықтарын дәріптеп, көпке үлгі болып жүрген барша сайыскерлерді әділқазы мүшелері атынан арнайы алғыс хатпен марапаттап, 100 мың теңгенің сертификатын табыс етті.
П.ТӘЖІ