Сенаторлар үш жылдық республикалық бюджетті талқылайды

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Сенаттың жалпы отырысында депутаттар алдағы 3 жылға арналған республикалық бюджет туралы заңды қарайды.

Айта кетерлігі, 17 қарашада Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палата бюросының отырысы өтті. Онда палатаның жалпы отырысының күн тәртібі белгіленді және комитеттердің алдағы іс-шараларын пысықтады.

Сонымен сенаторлар «Республикалық және облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қалалар, астана бюджеттері арасындағы 2026-2028 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы» және «2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңдарды қарайды.

Талқылауға шығарылатын бірінші заңды Мәжіліс 22 қазанда қабылдаған болатын.

Сол кезде Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин жалпы сипаттағы трансферттерді айқындау үшін жергілікті бюджеттердің кірістері 2026 жылы 10,7 трлн теңге, 2027 жылы 12,1 трлн теңге, 2028 жылы 13,3 трлн теңге мөлшерінде болжанғанын айтты. Ал шығыс 2026 жылы 14,9 трлн теңге, 2027 жылы 17,3 трлн теңге және 2028 жылы 18,7 трлн теңге болады. Жалпы сипаттағы трансферттердің көлемін айқындау кезінде нысаналы мақсатын сақтайтын ағымдағы нысаналы трансферттер ескерілген.

- 2028 жылы Павлодар облысы өзін-өзі қамтамасыз етеді, ал Маңғыстау облысы қайтадан донор болады. Біздің бағалауымызша, жергілікті бюджеттердің республикалық бюджет қаражатына тәуелділігі орта есеппен 50,7%-дан 33%-ға дейін төмендейді. Өңірлердің базалық инфрақұрылымға тең қол жеткізуін қамтамасыз ету үшін, даму бюджеті бойынша өңірлердің нысаналы көрсеткіштерінің мәндерін есептеу Өңірлік стандарттар жүйесінің нәтижелері ескеріліп жүзеге асырылатын болады. Бұл үшін даму бюджеті жыл сайын ұлғаяды: 2026 жылы 1,7 трлн теңге, 2027 жылы 3,2 трлн теңге және 2028 жылы 4,2 трлн теңге. Үш жылда барлығы 9,1 трлн теңге. Даму бюджетіне салынған қаражатты ескерсек, өңірлік стандарттар жүйесін қамтамасыз ету көрсеткіші 69,2%-ды құрайтын болады, - деген еді ол.

2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын да Мәжіліс сол күні қабылдады.

Үш жылдық бюджет жобасында 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап негізгі қаржылық есептік көрсеткіштер мынандай шамада болмақ:
1) жалақының ең төмен мөлшерi — 85 мың теңге;
2) мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төмен мөлшері — 35 596 теңге;
3) зейнетақының ең төмен мөлшерi — 69 049 теңге;
4) айлық есептiк көрсеткiш — 4 325 теңге;
5) базалық әлеуметтiк төлемдердiң мөлшерлерiн есептеуге қажетті ең төмен күнкөрiс деңгейiнiң шамасы — 50 851 теңге.

Инфляция болжамы 2026 жылы 9-11 пайыз, 2027-2028 жылдары орташа 6 пайыз деңгейінде айқындалған. Ұлттық қордан жыл сайын 2 трлн 770 млрд теңге алып отыру көзделген. Бюджеттің шығыс бөлігі 2026 жылы 27,7 трлн теңге немесе жалпы ішкі өнімнің 15,1 пайызы көлемінде, 2027 жылы — 28,8 трлн теңге немесе ЖІӨ-нің 14 пайызы көлемінде, 2028 жылы— 29,8 трлн теңге немесе ЖІӨ-нің 13 пайызы көлемінде белгіленген. Әлеуметтік шығысқа 2026 жылы 10,7 трлн теңге бөлу жоспарланып отыр. Оның ішінде әлеуметтік төлемдерге 6,8 трлн теңге, адами капиталға 3,9 трлн теңге қарастырылған.

Қаржы министрі Мәди Такиевтің айтуынша, 1 қаңтарда күшіне енетін жаңа Салық кодексі 2026 жылғы бюджет кірісін 3,6 трлн теңгеге ұлғайтады. Бюджет тапшылығы 0,9 пайызға дейін төмендейді.

— 2026 жылға түсімдер 23,1 трлн теңге деңгейінде болжанып отыр. Оның ішінде, трансферттерді есептемегенде, кіріс 19,2 трлн теңге. Экономиканың өсіміне, жаңа Салық кодексінің қабылдауына, оның ішінде салықтық және кедендік әкімшілендіруге байланысты кіріс биылмен салыстырғанда 3,6 трлн теңгеге ұлғайып отыр. Бұл, мемлекеттік қаржының тұрақтылығына әкеледі. Бюджет шығысы 27,8 трлн теңге, яғни осы жылмен салыстырғанда 2 трлн теңгеге ұлғайып отыр. 2026 жылы бюджет тапшылығы жалпы ішкі өнімге шаққанда 2,5% деңгейінде, ал 2028 жылға қарай ол 0,9%-ға дейін төмендейді деп болжанып отыр. Бұл бюджеттік тәртіпті нығайтуға және борыштық жүктемені азайтуға алып келеді, — деді министр.
Естеріңізге сала кетсек, өткен аптадағы палата отырысында күн тәртібіне шығарылған халықаралық келісімдерді ратификациялаған еді.

Оның бірі - «ТМД-ға қатысушы мемлекеттерде радиоактивті материалдарды трансшекаралық тасымалдау туралы келісімді ратификациялау туралы» Заң.

Құжат бойынша баяндама жасаған сенатор Әлібек Нәутиевтің айтуынша, құжатта трансшекаралық тасымалдарға рұқсат ету құжаттары беріле алатын талаптар айқындалған.

Оларға сәйкес:
— ядролық және радиациялық қауіпсіздікті;
— радиоактивті материалдарды қорғауды;
— трансшекаралық тасымалдау кезінде авариялар болған жағдайда авариялық дайындыққа ден қоюды;
— ядролық қаруды таратпау саласындағы халықаралық міндеттемелерді орындауды;
— трансшекаралық тасымалдау кезінде авария болған жағдайда, залалды өтеуді қамтамасыз ету жөніндегі талаптар сақталған жағдайлар көзделген.

— Радиоактивті материалдарды трансшекаралық тасымалдауға арналған шартта авариялардың алдын алу жөніндегі іс-шаралар, сақтандыру және басқа да қаржылық кепілдіктер, сондай-ақ радиоактивті материалдарды күзет үшін жауапкершілікті беру тәртібі көзделеді. Қорытындылай келе, Келісім ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ұлттық рәсімдерін МАГАТЭ-нің халықаралық қауіпсіздік нормаларымен үйлестіруге бағытталған құқықтық негіз қалыптастырып, сол арқылы радиоактивті материалдарды қауіпсіз және тиімді трансшекаралық тасымалдау үшін құқықтық тәртіпті қамтамасыз етеді, — деді депутат.

Осы орайда Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев қаралған келісім ТМД елдері арасында бейбіт мақсатта пайдаланылатын радиоактивті материалдардың тасымалдану мәселелерін реттеу үшін жасалғанын айтты.

- Құжатта тасымалдау кезінде халықты және қоршаған ортаны зиянды әсерден қорғауға бағытталған шаралар қарастырылып отыр. Сондай-ақ апаттық жағдайлардың алдын алу мәселелері де реттелген. Жалпы, заң ТМД мемлекеттері арасында осы саладағы ынтымақтастықты нығайтуға өз үлесін қосады деп сенеміз», – деді Сенат спикері.
Сондай-ақ сенаторлар «Қазақстан Үкіметі мен Түрікменстан арасындағы қылмыскерлікке қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңды мақұлдады.

Заңның мақсаты — қылмысқа қарсы күресте ынтымақтастықты дамыту және нығайту, екі мемлекет азаматтарының құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз ету. Құжатта қылмыскерлікке қарсы күрес саласындағы тиімді ынтымақтастық үшін құқықтық негіз құруға бағытталған ережелер бар.
Келісімде мыналарды:
— ұйымдасқан қылмыскерлікті;
— терроризм және экстремизм, оларды қаржыландыруды;
— есірткі, қару-жарақ, көші-қон және адам саудасына байланысты қылмыстарды;
— сыбайлас жемқорлық, экономикалық және киберқылмыстарды қоса алғанда қылмыстардың алдын алу, анықтау, жолын кесу, ашу және тергеп-тексеру жөніндегі бірлескен шаралар көзделген.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

AQPARATPRINT