«Сексеуіл – Бейнеу» автожолы транзиттік дәлізді арттырады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауын ерекше ықыласпен тыңдадым.

Бұл Жолдау – еліміздің жаңа технологиялық дәуірге қадам басуының, озық технология мен жасанды интеллектті пайдалана отырып, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған маңызды саяси құжат.

Жолдауда айтылған бастамалардың барлығы біздің ауданымыз – Жылыой үшін де ерекше мәнге ие. Бүгін мен үш негізгі бағытқа тоқталғым келеді: инфрақұрылым және тасымал, энергетика мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық,  экология мен кәсіпкерлікті дамыту.

1. Инфрақұрылым және тасымал Президент ерекше атап өткен «Сексеуіл–Бейнеу» жаңа жолы – бұрын болмаған, жаңа бағыт. Бұл тек Бейнеу мен Жылыойды ғана емес, Қазақстанның басқа өңірлерін де жалғайтын маңызды дәлізге айналмақ. Бұл – біздің аудан үшін жаңа мүмкіндіктер: - логистика күшейеді,

- жүк тасымалы арзандайды,

- жаңа жұмыс орындары ашылады,

- және Жылыой кәсіпкерлерінің өнімдері басқа аймақтарға тез жетеді.

Сонымен қатар, көлік жүйесін басқарудың жаңа үлгісі мен «Smart Cargo» жүйесі енгізілсе, ауданымызда жүк тасымалы цифрландырылып, қауіпсіз әрі тиімді болады. Бұл Жылыойдың өңірлік экономикалық рөлін күшейтеді.

2. Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық (ТКШ) Құлсары қаласы тұрғындарының ең өзекті мәселелері – ауыз су тапшылығы, кәріз жүйесінің ескіруі, көшелердің жарықтандырылуы. Президент айтқан «Ақылды қала» тұжырымдамасын енгізу арқылы біз:

- су есептегіштерін автоматтандырып, суды үнемдеуді,

- көшелерді заманауи жарықтандыру жүйесін орнатуды,

- қоқыс шығару және кәріз жүйесін ретке келтіруді іске асыра аламыз.

Осының бәрі халықтың күнделікті тұрмыс сапасын көтеруге бағытталған.

3. Экология – басты мәселе Жылыой үшін ең үлкен мәселе – экология. Мұнай-газ саласының ортасында отырған халық үшін ауа сапасы, жер мен судың тазалығы – денсаулық пен өмір сүрудің негізі. Президент Жолдауда экологиялық нормаларды күшейту қажеттігін нақты атап өтті.

Бұл – компаниялар табиғатқа келтірген зиянын азайтып, халық алдындағы әлеуметтік жауапкершілігін күшейтуі керек деген сөз. Біз аудан деңгейінде экологиялық мониторингті күшейтіп, өнеркәсіп орындарының әр қадамын бақылауымыз қажет.

4. Кәсіпкерлікті дамыту Жолдауда шағын және орта бизнестің үлесін 40%-ға жеткізу міндеті қойылды. Бұл Жылыой үшін мұнайға тәуелділіктен арылып, жаңа мүмкіндіктер ашатын үлкен бағыт.

- Жастар кәсіпкерлігін қолдау арқылы жаңа жұмыс орындары ашылады.

- Қызмет көрсету саласы, шағын өндірістер дамиды.

- Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, қайта сату бағыттары ашылады. Мұнай өндірісімен қатар, осындай әртараптандырылған экономика ғана Жылыойдың болашағын баянды етеді. Президентіміздің Жолдауы – елімізді жаңа деңгейге шығаратын тарихи бағдар. Бірақ кез келген бастама – тек құжат күйінде қалмай, жергілікті жерде жүзеге асқанда ғана нақты нәтиже береді. Сондықтан біз Жылыой ауданында:

- жол сапасын жақсартуға,

- су мен коммуналдық жүйені реттеуге,

- экологияны қорғауға,

- және кәсіпкерлікті дамытуға бар күшімізді салуымыз қажет.

Жолдау – тек елдің емес, әр ауданның, әр ауылдың дамуына арналған. Егер біз осы мүмкіндікті дұрыс пайдалансақ, Жылыой ауданын жаңа деңгейге шығара аламыз.

Құлбаев Бекет Бағытжанұлы,

Қоғамдық кеңес төрағасы, мәслихат депутаты

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT