САРДАР БОЛАМ ДЕСЕҢІЗ...

Қазіргі озық технология ғарыштық жылдамдықпен қарыштап дамыған заманда еліміздің Қарулы Күштеріне білімді де білікті сардарлар ауадай қажет. Өйткені әлемдегі орын алып жатқан түрлі әскери қақтығыстар «Білімдінің мыңды жығатынын» дәлелдеп берді. Сондықтан Қазақстанның қорғаныс қабілетін арттыру үшін саптағы сансыз сарбаздан гөрі қол бастайтын сапалы сардардың көш бастағаны әлдеқайда тиімді болып тұр. Яғни, қатардағы жауынгерді тактикалық тұрғыдан шебер басқаратын білімді қолбасшылар ғана әскерді жеңіске жетелейді. Бір жақсысы мықты сардарлар дайындайтын әскери оқу ордалары біздің елімізде де аз емес.

Болашақ өмір жолын Отан қорғау жолына сарп еткісі келетін нағыз патриот жастарымыз болса, сөз жоқ, осы білім беру орындарына талаптанып көруіне әбден болады. Қазақстанда әлеуеті күшті әскери мамандар даярлайтын үш институт және бір әскери колледж бар. Соның бірі - Алматы қаласындағы Құрлық әскерлерінің әскери институты, мұнда оқу мерзімі 4 жыл болса, Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтына түскен талапкерлер 5 жыл білім алады. Ақтөбе қаласындағы Кеңес Одағының Екі мәрте батыры Т.Бигелдинов атындағы Әуе Қорғаныс Күштерінің әскери институты да 5 жыл ішінде сапалы кадрлар дайындайды. Осы оқу ордасының жанынан жалпы дәрігер (терапевт, хирург, стоматолог) мамандығын да алып шығуға болады. Яғни, мұнда қыз балаларды да қабылдайды деген сөз.

Ал Ақмола облысы, Щучинск қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы Әскери колледжіне 9 және 11 сынып бітірген жастар қабылданады. Ондағы оқу мерзімі 9 сынып бітірген талапкерлер үшін 2 жыл, 10 ай болса, 11 сыныпты аяқтаған жастар 1 жыл, 10 ай оқиды. Әрине, оқуға түсу үшін жасөспірімдердің денсаулық жағдайы жақсы болуы және Ұлттық бірыңғай тестілеуден 50-ден жоғары ұпай жинауы тиіс, соның ішінде математикалық сауаттылықтан 7-ден жоғары балл жинауы қажет. Сонымен қатар Әскери колледжге ҰБТ-ға қатыспаған оқушылар да жалпы орта білімі туралы аттестатымен қабылдана береді. Оқу орындарында курсанттар жатақханамен, күніне үш мезгіл тамақпен, ақшалай, басқа да жабдықпен, киім-кешекпен, керекті оқулықтармен тегін қамтамасыз етіледі. Жыл сайын жаз айында 30 күн, ал қыста 15 күн каникул демалысы бар.

Әскери институтты бітіруші түлектерге «лейтенант» офицерлік атағы мен мамандығына сәйкес жоғары әскери арнаулы білімі туралы диплом табысталады. Ал әскери колледжді бітірушілерге «кәсіби-сержант» әскери атағы және арнаулы орта білімі туралы диплом беріледі. Әрине, әскери мамандықты меңгергісі келетін кез келген жас бұл оқу орындары туралы толығырақ білгісі келетіні анық. Ол үшін Құлсары қаласындағы аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөліміне (5-12-47, 5-01-69) хабарласса жеткілікті.

Райхан Аяпова,

аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің қызметкері

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT