Қоғамда сауда мәдениетінің қалыптасуы заң аясында қаралып, өркениетті елдер тәжірибесіндей жүйелі жолға қойылған. Бұл тұрғыда ол тұтынушы құқығына ден қойып, оның қорғалуына мән беруімен маңызды. Оған төмендегі дерек мысал бола алады.
Айталық, биылғы жылдың наурыз айында отандық сауда желілерінің бірінен массаж қондырғысын сатып алған тұтынушы үй жағдайында тауарды қарап шығады. Содан кейін оның өзінің қажеттілігіне сай келмейтінін анықтайды. Осыған орай, тауарды кері қайтармақ ниетпен дүкенге жүгінеді. Бірақ сатушы ақшаны қайтарудан бас тартады.
Бұл жағдайға Қазақстан Республикасының «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңы нақты жауап береді. Осы заңның 7-бабының 1-тармағы, 7) тармақшасында тұтынушының тиісті де, тиісті емес те сападағы тауарды айырбастауға немесе қайтарып беруге құқығы бары анық көрсетілген. Сонымен қатар «14-баптың 1-тармағына сәйкес, тұтынушы азық-түлікке жатпайтын тауарды сатып алған күннен бастап 14 күн ішінде, егер сатушы басқа мерзім жарияламаған болса, сол тауарды басқа түріне айырбастауға немесе ақысын қайтарып беруге толық құқылы» - деп көрсетілген.
Департамент мамандары тұтынушыға наразылық дайындап беру жөнінде консультативтік көмек көрсетілді. Ол құжат тұтынушының қолымен сатушыға жолданды. Нәтижесінде интернет-дүкен сатып алушыға 1 200 000 теңгесін қайтарып берді.
Азаматтық құқықтық қатынастарда тұтынушының құқығын сақтау — заң талабы ғана емес, сонымен қатар бизнес мәдениетінің ажырамас бөлігі болуы тиіс. Мұндай жағдай заңсыз әрекет ретінде бағаланып, тұтынушының сеніміне сызат түсіреді.
Мұндай заңсыздық орын алып жатса, кез келген тұтынушы заңда көрсетілген құқықтарын қорғау мақсатында облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне келуіне немесе «e-Otinish» платформасы арқылы өтініш жолдауына болады. Біздің мекен-жайымыз: Атырау қаласы, Құрманғазы - 12 «Б» ( Б.о «Авангард»,3-қабат ). Бұл ретте әр тұрғынның тиісті мемлекеттік органдарға немесе тұтынушылар құқығын қорғау ұйымдарына шағымдануға құқылы екенін еске саламыз. Ендеше, әрбір азамат өз құқығын білуі және оны қорғаудан тартынбауы тиіс.
Назым РАХМЕТОВА,
облыстық сауда және тұтынушылар құқықтарын
қорғау департаментінің бас маманы