Мемлекет тарапынан мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік қолдау бағытында бірқатар маңызды мемлекеттік қызметтер көрсетілуде. Соның ішінде кейбір қызмет түрлері пролонгация тәртібімен, яғни азаматтардың қайтадан өтініш беруінсіз автоматты түрде жалғастырылып отырады.
Атап айтқанда, пролонгация тәртібімен жүзеге асырылатын қызметтерге жеке көмекші қызметі, міндетті гигиеналық құралдармен қамтамасыз ету, сондай-ақ санаторлық-курорттық емделу қызметтері жатады. Бұл жүйе мүмкіндігі шектеулі жандарға көрсетілетін қолжетімділікті арттырып, құжат жинау және уақыт жоғалту сынды кедергілерді азайтуға бағытталған.
Пролонгация барысында қызмет алушыға ешқандай қосымша өтініш берудің қажеті жоқ. Қызмет автоматты түрде ұзартылып, бұл туралы азаматтың тіркелген ұялы телефон нөміріне SMS хабарлама жолданады.
Алайда, ескеретін маңызды жайттар бар. Ағымдағы жылы орындалмаған өтініштер, тұрақты мекен-жайы бойынша тіркелмеген азаматтар, сондай-ақ оңалтудың жеке бағдарламасының (ОЖБ) мерзімі аяқталған мүмкіндігі шектеулі жандарға пролонгация жүргізілмейді. Сондықтан азаматтарға өз құжаттарының мерзімін қадағалап, мекенжай тіркеуінің өзектілігін қамтамасыз ету маңызды.
Осыған байланысты, мүмкіндігі шектеулі жандарға және олардың заңды өкілдеріне құжаттарының жарамдылық мерзімін уақытылы жаңартып, қажетті мәліметтердің жүйеде дұрыс көрсетілуін бақылау ұсынылады. Бұл мемлекеттік қызметтердің үздіксіз әрі сапалы көрсетілуіне мүмкіндік береді.
Л.Досжанова,
аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік
бағдарламалар бөлімінің бас маманы



