«Самұрық-Қазына» және «Теңізшевройл» бес инклюзияны қолдау кабинеттерін ашты

Атырау облысы Құлсары қаласындағы бес мектепте ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған инклюзияны қолдау кабинеттері ашылды. Жаңа кеңістіктер «Самұрық-Қазына» АҚ-ның бірыңғай қайырымдылық операторы - «Samruk-Kazyna Trust» қоры мен «Теңізшевройл» компаниясының серіктестігі аясында іске асырылды.

Инклюзияны қолдау кабинеттері қаланың әртүрлі шағынаудандарындағы мектептерде, соның ішінде жоба таныстырылымы өткен №16 мектеп-гимназияда орналасқан. Ашылу салтанатына «Samruk-Kazyna Trust» қорының бас директоры Альфия Адиева, «Теңізшевройл» ЖШС Үкіметпен және қоғаммен байланыс жөніндегі бас менеджері Нұрмұхамед Қартабаев, Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақова, Құлсары қаласының әкімі Қадіржан Адинов, мәслихат депутаттары, әкімдік өкілдері мен қоғам қайраткерлері қатысты. Салтанатты іс-шара барысында жаңа инклюзивті кабинеттерді ашу құрметі ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың аналарына берілді.

Инклюзияны қолдау кабинеттері Құлсары қаласындағы №16, №8, №7, №18 және №21 мектептерде ашылып, 158 ерекше білім беру қажеттіліктері бар баланы қамтыды.

«Инклюзивті ортаны дамыту – қор жұмысының басым бағыттардың бірі. Біз мұндай кабинеттерді өңірлерде ашу арқылы ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың өз мектебінде мамандардың қолдауын алуына жағдай жасаймыз. Бүгінде қор Астана, Ақмола және Атырау облыстарында шамамен 2 мың оқушыны қамтитын 31 инклюзивті кабинет ашып отыр», — деді «Samruk-Kazyna Trust» қорының бас директоры Альфия Адиева.

Кабинеттер мамандардың қатысуымен әзірленіп, жаңаша үлгіде жабдықталған. Мұнда балалар өз мектебінде логопед, психолог және дефектолог мамандарынан көмек алады. Сонымен қатар, балаларға арналған сенсорлық сабақтар және бейімделген дене шынықтыру жаттығулары өткізіледі.

Жоба аясында «Samruk-Kazyna Trust» қоры бес мектептің мұғалімдеріне жыл бойы қолдау көрсетеді. Педагогтерге оқыту жүргізіліп, балалармен жұмыс істеу үшін жеке бағдарламалар дайындауға көмектеседі және мамандардан тұрақты кеңес алу мүмкіндігі беріледі.

Сонымен қатар, Атырау облысында «Samruk-Kazyna Trust» қоры инклюзия саласындағы өзге де жобаларды жүзеге асыруда. Олардың қатарында облыстық арнайы мектеп-интернатта іске асырылып жатқан «Солнце на ладони» жобасы бар. Бұл жоба мүмкіндігі шектеулі балалардың өмір сүру жағдайын жақсартуға, жиһаздар мен төсек-орын жабдықтарын жаңартуға бағытталған.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT