Жуырда Құлсарыдағы №5 Абай атындағы жалпы орта білім беретін мектептің жаңадан салынып жатқан ғимараты құрылысына зерделеу жұмыстары жүргізілді.
Зерделеу жұмысы «АMANAT» партиясының 2021-2025 жылдарға арналған «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасының Жол картасы шеңберінде жүзеге асып отыр.
Аталған білім беру мекемесінің аяқталмаған құрылыс нысаны басына «AMANAT» партиясының аудандық филиалы жанынан құрылған Партиялық бақылау комиссиясының мүшелері мен аудандық құрылыс бөлімінің мамандары барып, зерделеп қайтты.
Құрылыс жұмыстары жүріп жатқан мектеп 2 қабатты, 300 орындықпен қамтылмақ. Аталған құрылыс ғимаратын салу Үкіметтің «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған Жол картасы» бағдарламасы аясында қаржыландырылып жүзеге асырылуда.
Қазіргі таңда, барлық құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталуға жақын. Ғимараттың қадалары (сваи) қағылған. Іргетасы құйылып, бетон блоктарымен қаланған. Темірбетонды монолиттік каркасы да бетоннан құйылған. Сыртқы және ішкі қабырғалары толықтай қызыл кірпішпен қаланып, газобетонмен тұрғызылып, шатыры жабылған. Терезелерінің 80 пайызы яғни, тең жартысынан көбі орнатылған. Су және кәрізсу құбырлары тартылып, электр желілерін монтаждау жұмыстары да жүруде. Мектеп ауласында жеке жарық трансформаторы да бар. Сондай-ақ, жылыту қазандығы орнатылып, ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары іске асуда. Ішкі сантехника және желдету құбырлары тартылуда. Ауланы абаттандыру үшін қоршау орнату жұмыстары да жүзеге аспақ.
Айта кетейік, №5 орта білім беретін мектептің құрылыс жұмыстарына тапсырыс беруші - облыстық Құрылыс басқармасы. Ал құрылысты жүргізіп жатқан «ТаразҚұрылысИнвест» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Мердігер мекеме қызметкерлерінің айтуынша, мектеп сыныптары заманауи құрал-жабдықтармен, оқыту жүйесіне қажетті технологиямен қамтамасыз етілмек. Құрылыстың аяқталып, қолданысқа беру мерзімі 2022 жылдың аяғына қарай деп жоспарланып отыр.
А.ЖҰМАБАЙҰЛЫ