Әріптестерімнің абыройы артсын!

Кеңес өкіметінде тоқыраудың кемеліне келіп, толықсыған кезінде аптасына үш рет жарық көретін «Ембі» газетіне аудандық партия комитетінің келісімімен әдеби қызметкер болып қабылдандым.

Әрине, әріптесім Болат Дәулетовтің беделі оң ықпал еткенін айтып өткен жөн. Бұл абыройы биік, мәртебесі жоғары ақпарат құралы болатын. Өзімнің иеленген орныма сәйкес күніге 600-жол мақала, хабар жазу міндеті жүктелді. Ақ қағаздың бетінде қаламымыз аламанда алдына қара салмас бәйге аттарындай ойқастайтын. Айына бір рет іс-сапарға аттанатынбыз. Ұжымдағы ең жасы кіші мен болғандықтан қиырдағы Биікжал секілді мұнайлы елді мекендерге мені жіберетін. Сонда сықақшы Төкен Сүндетов, ақындар Амандық Сасаев пен Амангелді Тайпозовтарды кездестірдім. Олар мені баласынбай бауырларына тарта білді. Мүйізі қарағайдай киіктің текесін жайратып салып үйлерінде шағын әдеби кеш ұйымдастыратын. Дүрілдетіп өлең оқып, ой бөлісеміз, пікір алмасамыз. Ол да бір өткен дәурен еді...
Мен еркін ойлы, өз ұстанымым бар азамат болып өскендіктен бе еңбек тәртібін жиі бұзатынмын. Бұл басшылыққа ұнамайтын. Екі жылда маған айтылатын сөгіс те таусылды. Бұл қызметтен Будапешт университетінің профессоры Қоңыр Мандоки Іштуанның хатын шолуға салып, ол «үш әріп» тарапынан мемлекет саясатына қайшы келетін рушылдықты насихаттау деп танылып, Маңғыстауға бой тасалауыма байланысты редактормен келісіп кеттім.
Сол екі жылда «Әдебиет бетін» айшығын асырдым деп ойлаймын. Екі жыл болса да, жинаған тәжірибелерім, әсіресе «Көкжиек-Горизонт» апталығын басқарғанда көмегі тиді. Ұлыстағы ақиқатты айта алатын, пікірін ашық білдіретін ұтымды ұсынысты билікке жеткізе білетін басылымға айналған апталықтағы мақалалар бүгінде қалың кітапқа топтасты. Мен газетті қоғамдық пікір қалыптастыру айлағы ретінде бағалаймын. Қанша адам болса, сонша тағдыр бар, қанша қаламгер болса, сонша қолтаңба бар. Әр адам өз өрнегімен танылғаны абзал! Бүгінгі майданның алдыңғы шебінде жүрген әріптестерімді төл мерекелерімен құттықтаймын, сіздерге бар жақсылықты тілеймін! Абыройларыңыз арта берсін демекпін.

Бүркіт БАЗАРБАЕВ,
Журналистер одағының мүшесі,
Жылыой ауданының құрметті азаматы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT