Республика күні қайтып келді

25 қазан ұлттық мереке – Республика күні болып аталып өтілмек. Бұл күні ресми демалыс болады. Мәжіліс депутаттары «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне кинематография және мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын мақұлдады. Нәтижесінде 25 қазан мемлекеттік мереке Республика күні деп белгіленуі тиіс, ал 16 желтоқсан мемлекеттік мереке Тәуелсіздік күні болып қала береді.

 Бұған дейін қазақстандықтар Республика күнін тойлап келген еді. Ол 2001 жылы мемлекеттік мерекелер тізіміне енгізілген, бірақ кейінірек 2009 жылы Н. Назарбаевтың жарлығымен алынып тасталды.

 Қ.К.Тоқаев биылғы жылдың маусым айында Ұлттық Құрылтайдың отырысында бұл мерекені қайта атап өтуді ұсынды: «Мемлекеттік мерекелер мен есте қалатын даталардың тізіміне бірқатар өзгерістер енгізу қажет. Ұлттық мереке мәртебесін Республика күніне қайтаруды ұсынамын. Жыл сайын 25 қазанда біз егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде тойлауымыз керек», – деді президент.

Қ.Тоқаев 1990 жылдың дәл осы күні Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданғанын атап өтті. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы алғашқы қадамы еді. Ал 16 желтоқсан Тәуелсіздік күнін ұлттық қаһармандарымызды еске алу күні ретінде атап өту керектігі ерекше айтылып өтті.

 1990 жылы 25 қазанда Жоғарғы Кеңестің қаулысымен Мемлекеттік егемендік туралы Декларация қабылданды. Қазақ КСР-нің егемендігі, Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде саяси-құқықтық негіздері жарияланды. Онда тұңғыш рет аумақтардың тұтастығы, бөлінбейтіндігі және мызғымастығы, Қазақстан халықтары мен олардың тілдерінің мәдениетін дамыту, ұлттық бірегейлікті нығайту сияқты мемлекеттіліктің қағидалары бекітілді.

Сондай-ақ құжатта саяси, экономикалық және әлеуметтік мәселелерді дербес шешу принципі жарияланды. Қазақ КСР өзінің ішкі әскерлерін, мемлекеттік қауіпсіздік және ішкі істер органдарын құру құқығын алды. Ал президент ел басшысы, әкімшілік-атқарушы жоғарғы биліктің басшысы болып танылды. Осы декларацияның арқасында біз кеңестік заңдарды тоқтата алдық және өзіміздің заңдарымызды жасай бастадық. Осы қағидалар негізінде кейінірек 1991 жылы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң қабылданды.

 

Сурет ашық дереккөзден

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT