Рамазан – бірлік пен береке бастауы

Барша мадақтар мен мақтаулар әлемдердің раббысы Алла тағалаға тән! Оның сүйікті елшісі Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымызға сәлем мен салауаттар болсын!

Мұсылман қауымы үшін жылдың ең қасиетті әрі ерекше айы, ол – Рамазан. Биылғы жылы Рамазан айы наурыз айының 1-жұлдызына сәйкес келіп тұр. Барша халқымызды Рамазан айымен құттықтаймын.

Сабыр мен төзімділік айы

Рамазан - айлардың сұлтаны. Басқа айлармен салыстыра қарайтын болсақ, онда мүміндерге ерекше мол сауаптар беріледі. Бұл айда ораза ұстаған адам жаны мен тәні тазаруы үшін жаман істер жасаудан тыйылуы қажет. Пайғамбарымыз да (с.ғ.с): «Рамазан келгенде жұмақтың қақпалары ашылып, тозақтың қақпалары жабылады әрі шайтан атаулының бәрі кісенделеді»-деген (Имам Бухари). Ұлы ғұлама, ғалым Хафиз ибн Раджаб: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің сүйікті сахабаларын Рамазан айының келуімен құттықтайтын»,- деді. Бұдан байқайтынымыз адамдардың бір-бірін Рамазан айының келуімен құттықтау, шариғатымызда құпталған амал екендігіне негіз болмақ. Салман Фариси атты сахаба (р.ғ.) былай дейді: «Алла Елшісі (с.ғ.с.) шағбан айының соңғы күндерінде айтқан құтбасында бізге былай деді: «Ей, адамдар, ұлы және қасиетті ай жақындады, төбелеріңе көлеңкесі түсті. Бұл айда мың айдан да қайырлы Қадір түні бар. Алла сол қасиетті айдың күндізінде оразаны парыз қылды, түндерінде нәпіл намазын заңды қылды. Бұл айда үлкенді-кішілі жақсылық жасаған адам басқа айларда бір парызды орындағандай сауап алады. Бұл айда бір парызды орындау — басқа айлардағы жетпіс парыз болып есептеледі. Бұл ай – Алла үшін аштық пен шөлдің, құлшылық пен тағаттың машақаттарына сабыр мен төзімділіктің айы. Сабырдың қайтарымы – жұмақ».

Жақсылыққа бет бұратын ай

Бұл ай – мүміндердің ризығын арттыратын ай. «Бұл айда кім ораза тұтқан мүмінге аузын ашатын бір нәрсе беретін болса, жасаған бұл ісі күнәларының кешірілуіне және тозақтан құтылуына себеп болады. Ораза тұтқан адамның сауабы азаймастан соның алатындай сауабына ие болады»,- деді. Иә, осындай нығметтер жасырынған айдың қадірін біліп, әрбір сәтінен құр қалмау үшін мүмін барын салады. Сондықтан да Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Егер адам баласы Рамазан айының не екенін лайықты түрде түсіне білсе, бір жылдың бастан-аяқ Рамазан болуын қалар еді»,-деген. Бұл ай жылына бір рет келетін зор мүмкіндік. Сондықтан ғибадат айында ерекше рухани күйде іс-амалдарды електен өткізіп, иманды жаңартуға, ізгілік істер арқылы жүректі жұмсартуға тырысу қажет. Ал осы бір мүмкіндікті кәдеге жарата алмау нағыз немқұрайлылықты білдіреді. Алла Тағала адам баласының сенімін арттырып, еркіндікті сезінуге, өзіне-өзі бақылау жасауына және нәпсісін тыю үшін осы Рамазан айында ораза тұтуды парыз етті. Себебі, тиісті міндеттерді дұрыс орындау арқылы ауыз бекіткен кісі өзін-өзі тәртіпке шақырып, харам істерден тыйылады. Нәтижесінде, ондай адам жиіркенішті әрекеттерден арылып, жақсылыққа бет бұрады. Алла Тағала оразаны бұрын өткен Пайғамбарлардың (ғ.с.) қауымдарына парыз еткеніндей, пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) де үмбетіне, яғни бізге де Рамазан айында 30 күн ораза ұстауды парыз етті. Бұған байланысты Құран Кәрімде былай делінген: «Ей, иман келтіргендер, өздеріңнен бұрыңғыларға ораза ұстау міндет етілгендей, сендерге де ораза тұту парыз етіледі. Мүмкін тақуалыққа қол жеткізерсіңдер» (Бақара сүресі, 183 аят).

ПІТІР САДАҚА МӨЛШЕРІ

Рамазан айында көптеген салиқалы амалдар жасау бұйырылған. Солардың бірі - өткен Рамазаннан осы жылғы Рамазан айына аман-есен жеткеніміз үшін Алла жолында берілетін пітір садақасы. Пітір садақа - бұл бас амандығы үшін жұмсалатын ең басты жан садақа. Пітір садақаның берілу уақыты тек қана Рамазан айы болып саналады. Биыл бір адам атынан берілетін пітір садақа мөлшері 655 теңге болып бекітілді. Оның құны республика бойынша есептегенде ұнның нарықтық орташа бағасымен шығарылды. Материалдық мүмкіндігі бар адамдар пітір садақаны 2 кг мейіз құнымен немесе 4 кг құрма құнымен бергені абзал. Пайғамбардың сахабасы Осман өз заманында пітір садақаны беруді ұмытып кеткен болатын. Кейін есіне түсіп, Рамазан айында пітір садақаның өтемі ретінде бір құлды азат еткен екен. Оны естіген Пайғамбарымыз былай деп айтты: «Ей, Осман, сен бір құлды емес, мейлі жүз құлды азат етсең де, пітір садақаның сауабын таба алмайсың»,- деді. Сондықтан Рамазан айы кезінде тұтқан оразамыздың кем - кетігін толықтыратын пітір садақаны өз уақытында, Рамазан айының ішінде бергеніміз дұрыс болады.

ПІДИЯ МӘСЕЛЕСІ

Кәрілік немесе айықпайтын аурудың кесірінен ораза ұстауға шамасы келмейтін адамдар әр күні үшін підия береді. Биыл бір күннің підиясы 3520 теңге боп белгіленді. Ол – орта есеппен бір адамның таңғы және кешкі асы немесе оның құнына тең қаражат. Жағдайы жоқ адамдардан підия беруі талап етілмейді.

ЗЕКЕТ БЕРУ ЖАЙЫ

Рамазан айында жасалған әрбір жақсылыққа еселеп сауап беріледі. Сондықтан көпшілік сауапты үміт етіп, осы айда зекет беруді әдет еткен. Құран Кәрімде: «Намазды орындаңдар, зекет беріңдер һәм Аллаға көркем қарыз (садақа) беріңдер. Өздерің үшін алдын ала жасаған қайырларыңның (қиямет күні) Алланың қасында одан да қайырлы әрі мол сауапты екендігін табасыңдар», – делінген. Зекет берумен зекет берушінің мал-дүниесі тазарады, берекесі артады. Ислам дінінде бай адамдардың зекет беруі – парыз. Бай деп қарызы мен қажеттілігінен артық өсімді мал-дүниесі дәл қазіргі уақытта 2 млн 350 мың теңге шамасына жеткен немесе нисаб мөлшерінде қойы, сиыры, түйесі, жылқысы бар адамға айтылады. Себепсіз пітір садақа және зекет бермеу күнә есептеледі. Алла Тағала: «Алланың өз кеңшілігінен бергеніне сараңдық ететіндер, оны өздері үшін қайырлы деп ойламасын. Керісінше, бұл – оларға жамандық»,- деп хабар береді.

Қайырымдылық пен құлшылық айы Қадірлі мұсылмандар, Рамазан айында көбірек игі іс жасауға асығыңыздар! Ата-анаңыздың, үлкен кісілердің батасы мен дұғасын алыңыз. Көршілеріңіздің жағдайын біліңіз, туыстарыңыздан хабар біліп, науқастардың көңілін сұраңыз. Жылыой аудандық мешітінде биылғы Рамазан айында 29 күн бойы мешіт асханасында ораза ұстаған жандар үшін ауызашар жасап, сауапқа кенелуге болады. Ардақты ағайын, қасиетті Рамазан айында Жылыой аудандық мешітінде 29 күн бойы қасиетті Құран-кәрім оқылып, Құран-хатым түсіріледі. Рамазан айында ғайбат айтудан аулақ болып, күнә іс істеуден арылыңыз. Құлшылықты арттырып, Құран немесе пайдалы кітап оқуға көбірек уақыт бөліп, жоқ дегенде күніне бірнеше бет қасиетті кітапты оқуға тырысыңыз. Айтылған кеңестің бәрі ораза ұстайтын, ұстамайтын барша мұсылмандарға қатысты. 28 ақпан тарауық намазының алғашқы күні. Наурыз айының 26-нан 27-не қараған түні - Қадір түні. 29 наурыз оразаның соңғы күні. 30 наурыз Ораза айт. Алла Тағала баршамызды осы қасиетті Рамазан айында жарылқап, барынша көбірек сауапты істерді жасап қалуды нәсіп етіп, Құдай күнәмізді кешірсін, елімізді түрлі пәле-жаладан, қауіп-қатерден, көз-тілден сақтасын! Әмин!

Жасұлан ҚУАНЫШҰЛЫ,

аудандық мешіттің бас имамы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT