Бүгін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдум өткізу туралы жарлыққа қол қойды. Осыған байланысты аудан көлемінде арнайы жұмыс тобы бірнеше мекемелерге барып, тұрғындарға Жаңа Конституциядағы өзгерістер туралы ақпараттық түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Алдымен арнайы топ Мақат пайдалану локомотив депосына барды.
Жұмыс барысында жаңа Конституциядағы негізгі өзгерістер мен жаңашылдықтар атап өтіліп, азаматтар ел болып референдумға қатысып, өз пікірлерін білдіруге шақырылды. Кездесуде сөз алған аудандық мәслихат төрағасы Азамат Шаңғалаев жаңа Заң жобасындағы маңызды тұстарға тоқталып өтті.

Сондай-ақ, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мәлік Әнесұлы және аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Ерғазы Жоламанов Жаңа Ата Заңдағы азаматтар мүддесіне сай ұтымды жақтарды атап, заңның қоғам өмірінде алатын рөлін түсіндірді.
Аудандық Amanat партиясының төрағасы Айбол Долдашев Конституцияның елдің барлық заңдары мен нормативтік актілеріне бағыт беретін негізгі бағдаршам екенін айтып, жаңа Конституцияның маңыздылығын ерекше атап өтті.

Сондай-ақ, мекеме қызметкерлерінен келген сұрақтарға арнайы топ толық және нақты жауаптар беріп, түсініктемелермен бөлісті. Іс-шара барысында тұрғындардың белсенділігі мен заңға деген қызығушылығы байқалды.
Айта кетейік, түсіндірме жұмыстары әрмен қарай ауданға қарасты ірі мекемелерде де жүргізілуде, сондықтан барлық тұрғындар Жаңа Конституция мен референдумға қатысты толық ақпарат ала алады және өз пікірін білдіру мүмкіндігіне ие болады.

Ж.ҚАМЗА
Суреттер автордікі




