Атырау облысы, Жылыой ауданында ауыл өмірін жаңғыртып, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған «Qogamdyq Kenistikter» әлеуметтік жобасы ерекше қарқын алып келеді. Бұл бастама ауыл азаматтарының өз қолымен туған жерін көркейтуіне, қоғам игілігі үшін еңбек етуіне мүмкіндік беріп отыр.
Биыл бір ғана жылдың ішінде Атырау облысы Жылыой ауданына қарасты бірнеше ауылда 16 халықтық жоба өмірге келді. Жалпы, «Qogamdyq Kenistikter» әлеуметтік жобасы аясында соңғы алты жылдың ішінде Атырау қаласы, аудандарда барлығы 223 халықтық жоба өмірге келді.
Осылайша, жоба аясында салынған демалыс орындары, балалар мен спорт алаңдары, мәдени нысандар ауыл тұрғындарының бірлесе отырып, ауылдағы өмір сапасының жақсара түсуіне үлес қосып келеді.
«Qogamdyq Kenistikter» жобасы аясында өз ауылдарындағы өмір сапасын жақсартуға қатысып жатқан тұрғындардың айтуынша, бұл жоба - ең алдымен адамдардың өзіне деген сенімін арттырған. «Бұл жоба тек балалар ойнайтын алаң немесе демалыс орны емес. Бұл – адамдардың ойлауын, қоғамға деген көзқарасын өзгертетін жоба. Біз бір мақсат үшін бірігіп, қалай жоспар құруды, шешім қабылдауды, әр теңгені дұрыс жұмсауды үйрендік. Ең бастысы – сенім пайда болды. Енді ауылдастар бір-біріне сенеді, өз күшіне сенеді. Бұл – кез келген инфрақұрылымнан да маңызды нәтиже» дейді тұрғындар.
Ең бастысы, бұрын бос жатқан аумақтар «Теңізшевройл» компаниясымен серіктестікте Орталық Азияның Еуразия Қоры жүзеге асырып отырған «Qogamdyq Kenistikter» жобасы аясында бүгінде демалыс, ойын және спорт алаңына айналып, ауылдың келбетін көркейтіп қана қоймай, адамдардың өмір сапасының жақсаруына ықпал етуде. Бұл — ауылдың болашағына салынған инвестиция, елжандылық пен жауапкершіліктің көрінісі.
Қосшағыл ауылында жаңа тыныс — «Шапағат» аллеясы
Жылыой ауданы, Қосшағыл ауылының тумасы Арайлым Мейрхан - алақандай ауылға «Шапағат» аллеясын сыйлаған адамдарды біріктірген тұлға. “Туған ауылымызды көркейтуге біздің отбасын ғана емес, барлық ауылдастарымды біріктіре алғаныма мақтанамын. Өз ауылымызға аллея сыйлаймыз деген ой үш ұйықтасам да түсіме кірмепті. Біз осындай үлкен аллеяны өз қолымызбен жасай алатынымызға басында сенбеген едік” дейді Арайлым Мейрхан.
«Осыдан 7-8 жыл бұрын әкеміз әкімдіктен жер алып, ағаш егуді бастаған еді. Өзі тал отырғызып, өзі үйден су тасып, қолынан келгенінше бақты күтіп-баптап келді. Әкеміз сол бақты үлкен саябаққа айналдыруды армандайтын еді. «Qogamdyq Kenistikter» жобасы туралы естіген соң, жолдасым екеуміз өтініш беріп, іске кірістік. Саябаққа қоршау салып, брусчатка төседік, орындықтар мен әткеншектер, урналар орнаттық. Осылайша, әлеуметтік жобаның арқасында әкеміздің ұлы арманын орындадық. Әрі ауылымыз үшін үлкен демалыс орнын сыйға тарттық», — дейді Арайлым.
450 шаршы метр аумақты алып жатқан аллеяға жоба аясында 305 шаршы метр брусчатка төселіп, 30-ға жуық ағаш отырғызылған. «Осылайша, «Шапағат» аллеясы бүгінде ауыл тұрғындарының сүйікті демалыс орнына айналып отыр. «Әкеңнен мал қалғанша, тал қалсын» деген даналықтың маңызын ұққандаймыз» дейді Арайлым Мейрхан.
Арайлымның ойынша, «Qogamdyq Kenistikter» жобасының басты табысы – салынған нысандар емес, санасы оянған адамдар. Бұрын әр адам өз тірлігімен ғана жүретін, енді әркім ортақ іске өз үлесін қосуға тырысады. Жобаның арқасында адамдардың бойында “мен де өзгеріс жасай аламын” деген сенім пайда болды. Сол сенім – ауылдың нағыз дамуының бастауы» дейді Арайлым.
Ақкиізтоғай ауылындағы жаңа тыныс
Мұхтар Шолан Ақкиізтоғайдағы ауылдастарын біріктіріп, өз ауылындағы балаларға қауіпсіз әрі заманауи ойын алаңын салып берді.
«Бұрынғы ойын алаңы сапасыз салынған, балалар үшін қауіпті еді. «Qogamdyq Kenistikter» жобасы арқылы, жаңа алаң салдық. Газон төселіп, орындықтар мен урналар орнатылды. Бұл жер қазір ауыл тұрғындарының бас қосатын мәдени демалыс орталығына айналды», — дейді ол.
Биыл Мұхтар Шолан жаңа бастаманы қолға алып, «Толағай» атты воркаут алаңын да салды. 185 шаршы метр аумаққа 11 түрлі спорт жабдығы орнатылды. «Ауыл үшін бір нәрсе жасасаң, өзің рахаттанасың. «Атасы салып қалдырған алаң» деген сөздің өзі — үлкен мәртебе. Шындығында, «Qogamdyq Kenistikter» жобасы – нағыз халықтық бастама. Себебі, қаржыны да, жаңа жобаны нөлден бастап жүзеге асыруды да халық өзі атқарады. Бұл – ауыл тұғындарының өмірін жақсы бағытқа бұрып жатқан жоба», — дейді ол.
Мұхтар Шоланның айтуынша, «Qogamdyq Kenistikter» жобасы тұрғындарға тек саябақ салуды емес, қаражатты тиімді пайдалануды да үйретеді.
«Жобаға қатысушылар өз бюджеттерін өздері жоспарлап, әр теңгенің қайда жұмсалатынын шешеді. Қай жерде үнемдеуге болатынын, қай жерде сапаға көңіл бөлу керек екенін бірге талқылайды. Мысалы, кей ауылдарда тұрғындар қоршауды өздері орнатып, үнемделген қаржыға қосымша орындықтар немесе жарық шамдарын орнатқан. Бұл — үнемшілдіктің жаңа деңгейі, яғни «ортақ мүлікке құрметпен қарау» мәдениетінің қалыптасуы дер едік. Жобаның тағы бір табысы - тек идеямен емес, оның артындағы фасилитаторлар мен координаторлардың еңбегімен де байланысты. «Теңізшевройл» компаниясы, Орталық Азияның Еуразия Қоры, тіпті, жергілікті әкімдіктер тұрғындарға дайын шешім бермейді. Керісінше, олар бағыт көрсетіп, сенім ұялатып, адамдардың өз қабілетіне сенуіне жағдай жасайды. Координаторлар тұрғындарға «Сен өз ауылыңды өзгерте аласың» деген сенім береді. Ал, тұрғындар өз күшінің нәтижесін көріп, қоғамдағы рөлін сезіне бастайды. Бұл жобаның басты жеңісі де осы» дейді жоба қатысушысы, ақкиізтоғайлық Мұхтар Шолан.
Қосшағылдық жастардың сыйы — «Мұнайлы» спорт алаңы
«Qogamdyq Kenistikter» Жылыой ауданына қарасты Қосшағыл ауылына да үлкен өзгерістер әкелді. Ғабдол Ғалымжан бастаған ауылдың бір топ тұрғыны кішкентай Қосшағылға «Мұнайлы» футбол-волейбол алаңын салды.
«Біздің аймақта балалар ойнайтын алаң жоқ еді. «Qogamdyq Kenistikter» жобасы туралы естіп, қатысуға өтініш бердік. 240 шаршы метр аумақта 18 жасқа дейінгі балаларға арналған спорт алаңы салынып жатыр. Ауылдың он шақты жігіті бірігіп, өз күшімізбен істеп жатырмыз», — дейді ол.
«Мен үшін бұл жоба – жай ғана саябақ салу немесе алаң жөндеу емес. Ең бастысы – адамдардың бірігіп, өз ауылына жанашырлықпен қарауды үйренуі. Бұрын көпшілік “мұны біреу келіп істейді” деп ойлайтын, ал қазір әркім өз қолынан не келетінін көрсетіп жатыр. Бірге жоспар жасап, бюджет есептеп, құрылысқа қатысып, жаңа дағдыларды меңгердік. Ең қызығы – адамдар өз күшіне сенуді үйренді. Біз енді тек өз ауламызды емес, бүкіл ауылды өз ортамыз, өз үйіміз сияқты көреміз. Осы сезім – жоба берген ең үлкен өзгеріс” дейді Ғабдол.
Қазіргі уақытта нысанның 95 пайызы дайын, қараша айының соңында алаң толық пайдалануға беріледі. Бұл алаң ауыл жастарының спортпен айналысуына үлкен мүмкіндік сыйлағалы отыр.
Майкөмген ауылындағы мәдени серпін — жаңа сахна
Жылыой ауданына қарасты Майкөмген ауылында Нұрлыбек Ермекбайұлы бастаған жастар сахна салып, ауылдың мәдени өміріне тың серпін берді. Бұл сахна ауыл тұрғындары бас қосып, түрлі мәдени іс-шаралар өткізетін басты орынға айналған.
«Сахна көктемгі және жазғы мерекелерді өткізу үшін қажет болды. Бұл жобаны «Qogamdyq Kenistikter» жобасы арқылы жүзеге асырдық. Ауыл әкімдігі мен тұрғындар қолдап, ортақ күшпен керемет нәтиже алдық. Қазір сахнаны Майкөмген мәдениет үйі күтіп ұстап отыр», — дейді ол.
«Басында “Қоғамдық кеңістіктер” жобасы тек инфрақұрылымды жақсарту деп ойладық. Бірақ іс жүзінде бұл жобаның ең үлкен күші – адамдарды біріктіруінде. Өз қолымызбен ортақ дүниені жасаған сайын, ауылға деген көзқарасымыз өзгерді. Әркім өз орнын, өз жауапкершілігін сезінді. Бұрын “біреу келіп істейді” деп күтсек, қазір “біз істей аламыз” дейміз. Бұл – нағыз азаматтық сана қалыптасуының белгісі деп ойлаймын» дейді Нұрлыбек Ермекбайұлы.
Ауыл өмірін жақсартудағы жобаның маңызы
«Қоғамдық кеңістіктер» әлеуметтік жобасы — ауыл азаматтарының белсенділігін оятып, туған жерге деген сүйіспеншілігін нақты іспен дәлелдейтін тамаша мүмкіндік. Арайлым, Мұхтар, Ғабдол, Нұрлыбек сынды азаматтар өз еңбегімен ауыл ажарын ашып, ел игілігі үшін үлгі боларлық іс атқарып отыр. Осындай жандардың арқасында ауыл өмірі жанданып, еліміздің әр түкпірінде игі өзгерістер жалғасын таба бермек.
Баян Жанұзақова


