Бурабайда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың IV отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев түзету мекемелеріндегі әйелдерге қатысты заңдық ұстанымдарды қайта қарауды тапсырды, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Еліміздегі қылмыстық-атқару жүйесінің мақсаты сотталған азаматтарды жазалау емес, түзету болуы керек деген пікірмен келісемін. Ер адам немесе әйел болсын, бас бостандығынан айырылғандардың бәрі заң алдында бірдей екені түсінікті. Дегенмен адамгершілік құндылықтарды басшылыққа алып, «Заң мен тәртіп» қағидатын сақтай отырып, кәмелетке толмаған баласы бар әйелдерге қатысты кейбір заңдық ұстанымдарды қайта қарауға болады деп ойлаймын. Құқық қорғау органдары мен депутаттар осы мәселені байыпты әрі жан-жақты зерттеп, шешім қабылдау үшін ұсыныстар енгізуі керек», деді Президент.