Президент айтқан жүйесіздік қалай жойылмақ?

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында айтылған маңызды тұстардың бірі – экономиканы әртараптандырудың жаңа қарқынмен дамуы қажеттігі туралы пікір.

Мемлекет басшысы қазіргі қолдау тетіктерінің бытыраңқы екенін, түрлі институттардың талаптары мен ережелері әркелкі болғандықтан, кәсіпкерлер арасында түсініксіздік тудырып отырғанын ашық көрсетті. Бұл – еліміздің экономикалық жүйесіндегі нақты әрі өміршең проблема.

        Менің ойымша, Президент көтерген мәселе уақыт талабы ғана емес, ұзақ жылдар бойы қордаланып келген жүйелік түйіннің шешімін іздеу. Соңғы жылдары отандық өндірушілер әлемдік нарықтағы өзгерістерге бейімделуге тырысқанымен, олардың алдында бірыңғай ережелер мен нақты бағдардың болмауы қолбайлау болды. Әр институт өз талабын ұсынып, кәсіпкер «кімнің талабын орындасам дұрыс?» деген сұрақпен әуре-сарсаңға түсетін жағдайлар жиі кездесті. Мұндай ахуал елдегі инновациялық және өндірістік бастамалардың қарқынын бәсеңдетіп, бәсекеге қабілетті жаңа өнімдердің шығуына кері әсерін тигізіп келді. Президенттің бұл саланы толыққанды ретке келтіріп, үйлестіру жұмысын бір орталықтан жүргізу туралы ұсынысы – стратегиялық тұрғыда өте маңызды шешім. Егер кәсіпкерлерге арналған қолдау тетіктері біріздендіріліп, нақты талаптар мен бірыңғай стандарттар қалыптасса, экономикадағы сауатты жоспарлау мүмкіндігі артады. Кәсіпкер әкімшілік кедергілермен емес, өнім сапасын арттырумен, жаңа нарыққа шығумен айналысар еді. Бұл – Қазақстанның жаһандық нарықтағы орнын күшейту үшін қажет қадам. Сонымен қатар, терең өңделген өнімге басымдық беру – шикізаттық модельден арыла бастаған ел үшін дұрыс бағыт. Елімізде табиғи ресурстар жеткілікті, бірақ олардың тек шикізат күйінде экспортталуы экономикалық тәуелділікті күшейтеді. Сондықтан дайын өнім шығаратын кәсіпорындар санын арттыру, жаңа технологияларды енгізу, өндіріс мәдениетін жетілдіру – ұзақмерзімді дамудың негізгі кепілі.

Сандуғаш Айтқұлова, 
«Құлыншақ» бөбекжай-бақшасының тәрбиешісі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT