ПОДПОЛКОВНИК ШЕНДІ ҚЫЗ
Ауыртпалығы мол, жауапкершілігі зор полиция қызметкері болу екінің бірінің қолынан келе бермесі анық. Алайда, бұл саланың қиындығына қарамастан бір отбасынан шыққан туған бауырлардың құқық қорғау саласын таңдап, еңбек династиясын қалыптастырған. Осындай бір шаңырақ астында дүниеге келіп, үлкен ағаларының жолын қуып, ішкі істер органдарына қызметке келген тәжірибелі маман, полиция подполковнигі – Анаргүл Кенжекова.
Анаргүл Дүйсенғалиқызы 1973 жылы Құлсары қаласында дүниеге келген. Ол - жанұядағы сегіз баланың ортаншысы. Әулеттің үлкені, кейіпкеріміздің әкесі Дүйсенғали Сейітқалиұлы кезінде үлкен-үлкен көліктерді жүргізген тәжірибелі жүргізуші болса, ардақты анасы Сәнім Бимағанбетқызы «Алтын алқа» иегері, поштада телефоншы болып қызмет еткен.
Өз саласына ұзақ жылдар бойы қызмет етіп, еңбегі сіңген подполковник қыз - 1980-1990 жылдар аралығында Құлсарыдағы А.С.Пушкин атындағы №6 жалпы орта білім беретін мектепте білім алған. 1998 жылы Алматы коммерциялық институтына оқуға түседі. Өткен 2005 жылы Каспий қоғамдық университетінің «құқықтану» мамандығы бойынша екінші оқуын да аяқтап шығады. Орыс мектебінде білім алған соң ана тілде және орыс тілінде де еркін сөйлейді. Отбасылы.
Ішкі істер органдарында бауырларына даңғыл жолды бастап берген Анаргүлдің ең үлкен ағасы – Рүстем еді. Ол 1965 жылы өмірге келген. Ағасы 1983 жылы әскер қатарына қабылданып, Владивосток қаласында, Тынық Мұхит флотында Отан алдындағы борышын өтеген. Бір жылға жуық уақыттан соң Вьетнам еліне жіберіліпті. Рүстем әскерден келген соң әкесінің қасына жұмысқа тұрып, жүргізуші атанады. Кейін ішкі істер органдарында түрлі қызметтер атқарып, капитан шенімен зейнетке қалған. Алайда, өткен 2019 жылы көрер жарығы таусылып, ауыр науқастан қайтыс болған. Қазірде оның артынан 3 бірдей перзент қалып отыр. Ал ағасының қандай жауапты қызметкер, өжет полицей болғанын, сол жылдарда шешімі табылмай жүрген талай-талай қылмыстардың бетін ашқанын Анаргүл Дүйсенғалиқызы зор мақтанышпен баяндап берді.
Әулеттегі өз қалауымен полицейлік қызметті таңдап, кәсібінде табанды еңбегімен көптеген жетістіктерге жеткен кейіпкеріміздің әпкесі – Ақмарал Дүйсенғалиқызы еді. Ол өзінен кейінгі екі бірдей бауырының да осы салаға келуіне ықпал болған. Соның бірі – бүгін өзіміз мақаламыздың басты кейіпкері ретінде таңдап алған – Анаргүл болса, екіншісі үйдің кенжесі – Азамат. Ол көші-қон қызметі бөлімшесінде аға инспектор қызметін атқарады.
Ақмарал қызметін Ембі ауданында (Жылыой ауданы) ІІБ-де сержант шенімен бастап, облыстық Полиция департаментінде басқарма бастығы лауазымына дейін көтерілді. Қазір құрметті демалыста. Оның кәсіби мамандығына шынайы берілгені сондай - саналы ғұмырын полиция қызметінсіз елестете алмайды. Өзімен бірге қызметтес болған әріптестері де оның қандай жауапкершілігі зор, түсінігі мол адам екенін жарыса айтады. Апамның бұл саладағы ерен еңбегі маған қашан да үлгі-өнеге, - дейді әпкесі жөнінде Анаргүл Кенжекова.
Анаргүл Дүйсенғалиқызының өзі бұл салаға 1995 жылы аяқ басқан. Еңбек жолын қарапайым полицей қызметінен бастаған екен. Ол кезде Патрульдік-бекеттік қызмет ротасы болған. Бір жылдан кейін басқа қызметке ауысып, офицер атанған. 1996-1997 жылдары есепке тіркеу және статистикалық жұмысы тобының аға инспекторы, 1997-2007 жылдар аралығында – Әкімшілік полиция бөлімшесінің үйымдастыру-аналитикалық тобының аға инспекторы болып қызмет еткен. 2007-2012 жылдары – Қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің бастығы, 2012-2013 жылдары Теңіз полиция бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторы, 2013 жылдың ақпан-маусым айлары аралығында – Атырау қалалық ІІБ-ның қоғамдық қауіпсіздік бөлімі бастығының орынбасары, 2013-2021 жылдары – Жылыой АПБ Теңіз полиция бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторы болған екен. Ал 2021 жылдың қазан айынан бастап – аудандық Полиция бөлімінде Кадр саясаты тобының аға инспекторы лауазымына тағайындалды. Қызмет барысында, ҚР ІІМ, Департамент және бөлім басшылығы атынан алғыс хаттарымен, грамоталарымен және де «10, 15, 20 жыл ІІО-ғы мінсіз қызметі үшін», «25 жыл ІІО ардагері», «ҚР полициясына 25 жыл», «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медальдарымен марапатталды.
Бос уақытында кітап оқиды, домбыра, гитара музыкалық аспаптарында еркін ойнайды. Бұдан біз кейіпкеріміздің өнерден де құр алақан еместігін аңғардық. Тіпті, кішкентай күнінде үйге келген қонақтардың алдында ән шырқап, би билеп беруді жақсы көрген. Ауылдағы өзі қатарлы балалармен қосылып, кешқұрым концерттік шаралар ұйымдастыратын. Өнер жолын қуып бала кезінде Алматы қаласына дейін барып, телеарналарға сұхбат беріпті. Өзі қатысқан байқаудан «Балалар шығармашылығының лауреаты» атанған. Қазірде екі немеренің әжесі жұмыстан тыс уақытында немерелерінің жанында болып, ән айтып, көптеген шығармалармен танысып, өзіне көңілді демалыс жариялайды.
Ш.ХАМИТОВА