Өңіріміздегі бірқатар мәселелердің бірі жастарға патриоттық сананы қалыптастыру, өз еліне, жеріне деген мақтаныш сезімін ояту, Отанын қорғау мақсатында азаматтық борышын өтеуге жағдай жасау маңызды болып отыр. Елімізде барлық азаматтар ұлтына, нәсіліне қарамастан тең құқылы және Отан алдындағы жауапкершілігі ортақ екендігін айтып кеткен жөн. Қай кезде де ата-ананың мақсаттары мен міндеттеріне саналы ұрпақ тәрбиелеп, оларға жастайынан патриотизмді дарыту кіреді.
Әр адам өз Отанының мәртебесін қорғауда азаматтық борыштарын орындап, Ата заңды құрметтеуі қажет. Ешкімге елі мен жерін, Отанын зорлықпен немесе жалынып-жалбарынып сүйгізе алмаймыз. Туған жерге құрмет адамға кішкентай кезінен бастап дариды. Сол себепті де мектепте оқушыларға патриотизмге арналған тәрбие сағаттары көп өткізілуі керек. Санаға біртіндеп қалыптасатын, тынымсыз тәрбиенің нәтижесінде орнығатын ұлы сезім патриотизм – психологиялық құбылыс десек те болады. Өзі туып өскен Отанын адам өзі тануы тиіс. Оның қадір-қасиетін ұққанда тарихын, өткен жолын көз алдынан өткізіп, жанымен сезе білгенде ғана патриоттық мақтаныш сезімі оянады. Ұлттық нышандарымыз – Ту, Елтаңба, Әнұранға, ұлттық мерекелерге патриоттық сезімді, оларға құрметпен қарауда мақсатты түрде қалыптастыруымыз керек.
Жүрегіне «Бұл менің туған жерім, елім» дейтін жастар ғана өз елінің патриоты бола білмек. Ол үшін «баланы жастан» дейтін халық сөзін естен шығармаған жөн. Жас ұрпақ білімді де саналы, патриоттизмді қалыптастырған болса одан жақсы тұлға шығатынына күмән жоқ.
А.ЖҰМАБЕРГЕНОВА