«Amanat» партиясы аудандық филиалының мәжіліс залында Партиялық бақылау комиссиясы мүшелерімен «дөңгелек үстел» өткізіліп, ауданда белең алған жұмыссыздық мәселесі және құрылыс нысандарының қазіргі ахуалы талқыланды.
Жиынға аудандық «Мансап» орталығының басшысы Ақылбек Едігеұлы қатысып, халықтың табысын арттыру және жұмыссыздықтың алдын алу бағытындағы мемлекеттік бағдарламаларға тоқталып, ақпарат беріп, ағымдағы жылы атқарылған жұмыстарды баяндады. Сондай-ақ жиынға қатысушыларды жастар саясатына үлес қосып, ауданымыздағы әлеуметтік мәселелердің оң шешімін табуына ықпал етуге шақырды.
- Ағымдағы жылы күні бүгінге дейін Мансап орталығына 9711 жұмыссыз хабарласып, оның 1920-сы жұмысқа орналастырылды. Ал «Алғашқы жұмыс орны» жобасына 39 адам жолданды. Сонымен қатар 202 мүмкіндігі шектеулі жан хабарласып, оның 85-і жұмыспен қамту шараларымен қамтылған болатын. Ауданымызда жалғызбасты қарттар мен мүгедектерге үйде қызмет көрсету бөлімшесінде әлеуметтік қызметкерлер де стандартқа сай қызмет көрсететінін атап өткім келеді,-деді орталық басшысы А.Едігеұлы.
Партия төрағасы комиссияның осы уақытқа дейін атқарған жұмыстары мен алдағы жоспарларын таразылады.
- «Amanat» - партиясы ел азаматтарының тыныс-тіршілігін зерделей келе сайлауалды бағдарламасында ең алдымен тұрғындардың әлеуетін арттыру бағытында кешенді жоспар құрып отыр. Соның ең негізгісі жұмыссыздық мәселесі екені баршамызға мәлім. Сондықтан да осы мәселелер – біздің ортақ міндетіміз. Сол себепті зерделеу жұмыстары кезінде мердігер мекеме басшыларының уәделеріне сәйкес, жыл аяғына дейін көпір мәселесі де біржақты шешілетініне сеніміміз мол,- деді партия төрағасы Сайлаубай Сұлтанғалиұлы.
А.Шабыт



