Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Парламенттік реформа – еліміздің, халқымыздың тағдырына тікелей қатысы бар мәселе» деген сөзі өте терең мағынаға ие.
Бұл — мемлекеттің саяси дамуы мен демократиялық жаңғыруының өзегін айқындайтын ұстаным. Парламенттік реформа тек заң шығару органының құрылымын өзгертумен шектелмейді, ол – халықтың үнін естіп, қоғамның сұранысына жауап бере алатын жаңа саяси мәдениет қалыптастыруға бағытталған қадам.
Президент атап өткендей, бұл маңызды бастамаға Парламент, Президент Әкімшілігі, Үкімет, саяси партиялар, заңгерлер мен қоғам қайраткерлері қатысып отыр. Мұның өзі реформаның кең ауқымда, ашық түрде талқыланатынын көрсетеді. Осындай формат қоғам сенімін арттырып, қабылданатын шешімдердің сапасын күшейтеді деп сенемін. Менің ойымша, Парламенттік реформаның табысты болуы – әр азаматтың белсенділігіне де байланысты. Президент айтқандай, бұл «еліміздің, халқымыздың тағдырына тікелей қатысы бар мәселе», сондықтан жұмыс тобының мүшелері мен сарапшылар ғана емес, қарапайым халық та пікір білдіріп, өз ұсынысын айтуы қажет.
Бұл – Жаңа Қазақстанның саяси жүйесін нығайтудың, жауапкершілігі жоғары қоғам құрудың нақты қадамы.
Бекұлан Мақсотов,
Құлсары қаласы тұрғыны