Мүмкіндігі шектеулі жандардың ыңғайлылығы үшін орнатылатын пандустар талаптарға сай болуы тиіс.
Осылайша, олардың биіктігі мен ұзындығы, жалпы құрылысы ерекше жандардың ғимаратқа кіріп-шығуына кедергі келтірмеуі керек. Осы мәселеге орай аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі «Amanat» партиясымен бірлесіп қаладағы бірқатар әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандардың мүмкіндігі шектеулі жандарға қолжетімділігін зерделеді.
Зерделеу барысында арнайы кресло-коляска пайдаланылып, нысандардың пандус, кіреберіс, есік пен санитарлық торап талаптарына сәйкестігі тексерілді. Тексеру жұмыстары нәтижесінде бірнеше кәсіпкерлік нысанда мүмкіндігі шектеулі жандардың кедергісіз жүріп-тұруына толыққанды жағдай жасалмағаны анықталды. Соған сәйкес, нысан иелеріне заңнамаға сәйкес ескертпелер беріліп, қолжетімді ортаны қамтамасыз ету бойынша нақты ұсыныстар айтылды. Бұл жұмыстар мүмкіндігі шектеулі жандардың кедергісіз, еркін өмір сүруіне бағытталған.
Ш.Хамитова