Отбасы – шағын мемлекет. Ондағы мейірім – заң, тәртіп – сыйластық, ал алтын арқау – махаббат. Ата-ананың аялы алақаны мен баланың кіршіксіз күлкісінен тұратын бұл әлем – адам баласының ең алғашқы ұясы, ең үлкен мектебі. Осы бір қастерлі құндылықты ұлықтау – қоғамның өзегіне жарық түсіргенмен бірдей.
Осы мақсатта 15 мамыр – Халықаралық отбасы күніне орай аудандық балалар кітапханасында «Отбасым – бақыт мекенім» атты тағылымға толы отбасылық сайыс ұйымдастырылды.
Байқауға Жылыойдың байырғы тұрғындары, өнегелі әулеттер – Алғабаевтар мен Табылдиевтер отбасылары қатысты. Олар бес кезең бойынша сынға түсіп, жанұядағы жарасымдылық пен ұйымшылдықты көпшілікке үлгі етті. Шараның көрермені ретінде №1 мектептің 5 және 6-сынып оқушылары арнайы шақырылды. Сонымен қатар, жас өрендердің өнері де көрермен көңілінен шықты. 3-сынып оқушысы Нұржанқызы Айжұлдыз атаулы күнге арнап Мұқағали Мақатаевтың «Үш бақытым» өлеңін тебірене оқыды. Кештің көркемдік көрігін Құлсары балалар өнер мектебінің шәкірттері келтірді. Жетекшісі Серік Ризабектің қолдауымен Боранғали Айбек қара домбырамен «Молдабай» әнін орындаса, Ерсайынов Мұстафа Кенен Әзірбаевтың «Ой жайлау» әнімен кештің сәнін арттырды. Бұл көріністер ұлттық өнердің ұрпақ бойында жалғасын тауып келе жатқанын көрсетті.
Сайыс барысында отбасылар өзін-өзі таныстырудан бастап, отбасындағы құндылықтар мен бала тәрбиесі төңірегіндегі сұрақтарға жауап беріп, өзара түсіністік пен тату-тәтті қарым-қатынастың үлгісін көрсетті. Қолөнер бұйымдарын таныстыру кезеңі де көптің қызығушылығын туғызды. Ана мен әкенің, баланың қолынан шыққан түрлі туындылар көрерменді тәнті етті.
Қара қылды қақ жарар әділ-қазы мүшелері кітапхана директоры Сандуғаш Төлеуішқызы мен оқырман қамту бөлімінің меңгерушісі Айгүл Жұмырбаева екі отбасының да белсенділігін жоғары бағалап, оларды арнайы алғыс хаттармен және естелік сыйлықтармен марапаттады. Шара соңында қатысушылар мен көрермендер естелік суретке түсіп, бір-біріне ақжарма тілектерін білдіріп, көңілден шыққан кешке ризашылықтарын жеткізді.
Ұрпаққа өнеге, қоғамға үлгі болған отбасылар қатысқан бұл кеш – жылулық пен шынайылыққа толы, жүректерге жол тартқан мерейлі сәтке айналды. Отбасы – қоғамның алтын ұясы. Ал осындай тағылымы мол шаралар – ұрпаққа өнеге, ұлттық құндылықтарға деген құрметтің нақты көрінісі. «Отбасым – бақыт мекенім» атты кеш сонысымен де құнды болды.
Айнұр Базарбаева
аудандық балалар кітапханасының меңгерушісі