Отбасы – адам баласының ең алғашқы тәрбие алатын, өмірлік құндылықтарды бойына сіңіретін қасиетті ұясы. Қоғамның тұрақтылығы мен дамуы ең алдымен отбасындағы береке-бірлікке, тәрбиенің сапасына байланысты. Себебі отбасы – жеке тұлғаны қалыптастыратын, оның мінез-құлқы мен дүниетанымын айқындайтын басты орта.
Отбасы – адам өмірінің бастауы, тәрбиенің қайнар көзі, рухани құндылықтардың ұйытқысы. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген халық даналығы отбасы тәрбиесінің маңызын айқын көрсетеді.
Отбасында балаға мейірім, сыйластық, жауапкершілік сияқты адамгершілік қасиеттер үйретіледі. Ата-ана өз үлгісі арқылы баланың еңбекке, білімге, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуіне жол ашады. Яғни, ата-ананың үлгілі іс-әрекеті, өзара сыйластығы мен жауапкершілігі баланың болашақтағы мінез-құлқына тікелей әсер етеді. Осындай тәрбиемен өскен ұрпақ елінің ертеңіне бейжай қарамайтын, қоғамға пайдалы азамат болып қалыптасады.
Сонымен қатар отбасы – ұлттық салт-дәстүр мен мәдениеттің сақтаушы киелі орта. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан әдет-ғұрыптар, тіл мен дін отбасында беріледі. Тілге құрмет, үлкенге ізет, кішіге қамқорлық көрсету сияқты асыл қасиеттер алдымен отбасында үйретіледі. Ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген ұрпақ қана ел болашағын баянды ете алады. Отбасы құндылықтары берік болған қоғамда рухани байлық та, әлеуметтік тұрақтылық та жоғары болады.
Қорытындылай келе, отбасы – қоғамның негізі, тірегі. Берекелі отбасы – берік қоғамның кепілі. Сондықтан әрбір адам отбасылық құндылықтарды құрметтеп, оны нығайтуға үлес қосуы тиіс.
Мәдина Әбдіғалиева,
аудандық Аналар кеңесінің төрайымы




