Отанын қорғаудан жалтарғанның жазасы ауыр

Қазақстан Республикасын қорғау – әрбір азаматтың қасиетті парызы және міндеті. Ел азаматтары заңда белгіленген тәртіппен әскери қызмет атқарады. Бұл норма Конституцияның 36-бабымен бекітілген.

Азаматтарды әскери қызметке шақыруды жүргізу «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңымен және Қазақстан Республикасының азаматтарын әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру және өткізу қағидаларымен реттелген.

Заңның 27 – бабының 1 – тармағына сәйкес азаматтарды әскери қызметке шақыру – бұл әскери міндет негізінде Қарулы Күштердің басқа да әскерлері мен әскери құрылымдарының жеке құрамын жасақтауға бағытталған мемлекеттік органдар жүргізетін іс-шаралар кешені. Заңның 31-бабына сәйкес азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы негізінде жылына екі рет, яғни наурыз-маусым және қыркүйек-желтоқсан айлары аралығында өткізіледі. Әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе босатуға құқығы жоқ 18 бен 27 жас аралығындағы азаматтар Отан алдындағы борышын өтеуге міндетті.

Әрине, қолданыстағы заңнамаға сәйкес бейбіт уақытта әскери қызметке шақырудан босату жөнінде бірқатар негіздер көзделген. Бұл заңның 36-бабында көрсетілген:

1)денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамсыз деп танылған;

2) жиырма жеті жасқа толған, заңды негіздер бойынша мерзімді әскери қызметке шақырылмаған;

3) туыстарының бірі (әкесі, анасы, аға-інілері немесе апа-сіңлілері) әскери борышын өтеу кезінде немесе қызметтік міндеттерін атқару уақытында қаза тапқан, қайтыс болған немесе бірінші немесе екінші топтағы мүгедектік белгіленген;

4) басқа мемлекетте әскери (баламалы) қызмет өткерген;

4-1) «Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары туралы» Қазақстан Республикасы заңының 51-бабының 9-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдарында қызмет өткергендер;

5) ғылыми дәрежесі бар азаматтар;

6) тіркелген діни бірлестіктердің дін қызметкерлері босатылады. Сонымен қатар әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру үшін де келесі негіздер көзделген. Бұл заңның 35-бабында қарастырылған:

1)отбасылық мән-жайлар бойынша;

2)білімді жалғастыру үшін;

3)денсаулық жағдайына қарай;

4)басқа себептермен.

Қазіргі уақытта әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру үдерісі толығымен цифрландырылған. Осыны назарға ала кез келген азамат «eGov» порталы арқылы шақыру науқаны басталар алдында, кейінге қалдыру үшін негізді растайтын құжаттарды қоса бере отырып, өтінішті жергілікті атқарушы органға жіберуі қажет. Әскери қызметке шақырылуға жататын азаматтар жергілікті әскери басқару органының шақыру комиссиясына шақырту қағазы арқылы келуге міндетті. Шақыру қағазын әскери борышын әлі өтемеген азаматқа жергілікті әскери басқару органының лауазымды адамды жеке өзіне, 1414 нөмірінен SMS хабарлама арқылы немесе жұмыс (оқу) орны бойынша мекеме басшысының қол қоюы арқылы беріледі. Мекеме басшылары меншік нысанына қарамастан, әскерге шақырылушыларды іссапардан (демалыстан) қайтарып алуға, оларды хабардар етуді ұйымдастыруға және әскерге шақыру пунктіне уақытылы келуін қамтамасыз етуге міндетті.

Шақыру қағазын азаматтың жеке өзіне тапсыру мүмкін болмаса, оның келуін қамтамасыз ету тиісті ішкі істер органына жүктеледі. Қазақстан Республикасының азаматтарын әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру мен жүргізу қағидасының (ҚР Үкіметінің 15.05.2012 жылғы №620 қаулысымен бекітілген) 12-тармағына сәйкес, әскерге шақырушылар аудандық (облыстық маңызы бар қаланың) шақыру комиссиясына дәлелсіз себептермен келмесе, сондай-ақ азаматқа шақыру қағазы жеке өзіне тапсырылмаса, барлық жағдайы туралы Қорғаныс істері жөніндегі басқармалардың (бөлімдердің) бастықтары оларды іздестіру үшін мән-жайды Қазақстан Республикасының Ішкі істер органдарына хабарлайды (Заңның 17-бабының 3 тармағы). Әскерге шақырудан қасақана жалтарған, сондай-ақ азаматтардың әскерге шақыру пункттеріне уақытылы келуіне кедергі келтірген әскерге шақырылушыларға арналған материалдар қолданыстағы заңнамаға, яғни әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке сәйкес, жауапқа тарту үшін тиісті органдарға беріледі.

Сонымен қатар, әскери қызметке шақырылуға жататын азаматтар (тіпті, кейінге қалдыру үшін негіздер болса да) жергілікті әскери басқару органының шақыруымен шақыру комиссиясына келуге міндетті. Сондықтан Атырау қаласы мен облыс тұрғындарына айтарым: әскерге шақыру науқаны кезінде сіздің құқықтарыңыз бұзылса немесе заң бойынша сауалдар туындаса, онда Атырау қаласы, Құлманов көшесі, 48 мекен-жайында орналасқан Батыс аймағының әскери прокуратурасына және 75-59-01 телефон нөмірі арқылы хабарласуға болатынын қаперге береміз.

М.Жақсылықов,

Батыс аймағының Әскери прокуратурасының прокуроры, әділет лейтенанты

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT