Отбасы – әр адамның алтын діңгегі. Өйткені ең алғаш шыр етіп дүниеге келген сәтінен бастап, осында ер жетіп, отбасының тәрбиесін алады. Отбасы – әр адамның қалыптасу мектебі. Ата-ананың балаға деген шексіз мейірімі мен тәрбиесінің орнын ешнәрсе толтыра алар емес. «Ел болам десең, бесігіңді түзе!» деген нақыл осыдан қалса керек.
Қосшағыл ауылында тұратын Кенжеғали Байғұршынов ағаны танымайтын адам кемде-кем болар. Ол 1950 жылы мамыр айының 16 жұлдызында дүниеге келген. Алғаш кеңшарда шопан болып ағасының тәлімімен еңбек етті. Қарапайым еңбегінің арқасында туған жерге қадірлі азамат атанды. 1978 жылдың ақпан айында Ділдә Шаненова апамен шаңырақ құрды. Екеуі алтын асықтай төрт ұл, бір қыз тәрбиелеп өсіріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Олардан бүгінгі таңда тоғыз немере, бес жиен сүйіп отыр.
Ағамыз бен апамыз қазір зейнеткер. Немере-жиендердің сүйікті ата-әжесі. 2017 жылы Отбасы күніне арналған «Шаңырағым-шаттығым» атты үлгілі отбасылар кешіне қатысып, Алғыс хатпен марапатталған. Бүгінгі таңда ауылдағы үлгілі отбасылардың бірі.
Атаң болса анаңмен,
Алтыннан соққан қорғаның.
Ағаң болса ақылды,
Ешкімнен кем болмадың.
Інің болса жанашыр,
Семсер қылыш білегің.
Ақылды қыз, ақылды ұл,
Сөнбес сенің шырағың,-деп халық шайырлары жырлағандай қоғамда отбасы ролі қашан да маңызды. Сондықтан ауылымыздағы Кенжеғали аға мен Ділда апаның қара шаңырағы баршаға өнеге.
Қосшағыл ауылдық округі әкімі аппараты