Өткен аптада аудандық «Кең Жылыой» мәдениет үйінде Мемлекеттік қызметшілер күніне және Қазақстан Полициясының құрылғанына 30 жыл толу мерекесіне орай концерттік шара өтті. «Мемлекеттік қызмет – мерейлі міндет», «Қазақ Полициясы – елдің қорғаны» тақырыптарында ұйымдастырылған шараға аудан әкімі Жұмабек Қаражанов қатысып, кәсіби мереке иелерін құттықтады.
Мемлекеттік қызмет атқарудағы бар еңбектеріңіз халықтың көз алдында. Сіздерге өз қызметтеріңіздің мәртебесі мен абыройын асқақтатып, еліміздің өркендеуі, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етудегі қосқан үлестеріңіз үшін алғыс айтамын. Дана халқымызда «Билігі мықты елдің - тірлігі құтты болады» деген сөз бар. Сондықтан қашан да жүгі ауыр билік міндетінің ауқымды және мақсатының биік болары барлық мемлекеттік қызметшілердің де, полиция қызметкерлерінің де әрқашан жадында болуы керек, - деді аудан басшысы Ж.Байрақбайұлы.
Құттықтау сөзінен соң аудан әкімі үздік полицейлер мен мемлекеттік қызметшілерге Мемлекет басшысының, облыс, аудан әкімдерінің алғысхатын және Құрмет грамоталарын табыстады.
2021 жылдың сәуір айынан бастап мемлекеттік мекемеде қызмет етіп келемін. Осы салада жүріп өзіңнің туып-өскен жеріңе адал қызмет етуге болады. Өзім құрылыс саласында жүргеннен кейін ауданда жаңа нысандардың бой көтеріп, мектеп, балабақша сынды іргелі ғимараттардың салынуы арқылы үлес қосуға болады деп есептеймін. Осылайша Жылыойдың экономикалық-әлеуметтік дамуына аз да болса септігімді тигізуге мүмкіндігім бар, - дейді марапат иегері, мемлекеттік қызметші Дархан Сәдуов.
Айта кетейік, атаулы күннің қарсаңында қос мереке иелерінің арасында волейбол және шағын футболдан турнир өткен болатын. Әр жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып тұратын спорттық сайысқа мемлекеттік қызметкерлер де, құқық қорғау органдарының қызметкерлері де белсенділікпен қатысты. Нәтижесінде, волейболдан бірінші орынға жергілікті дербес бөлімдер командасы ие болса, шағын футболдан жүлделі бірінші орынға полицейлерден құралған команда ие болды.
Аудандық полиция бөлімінде 100-ден астам қызметкер жұмыс істейді. Бүгінгі мерекелік шара біздің қызметкерлерге шабыт беріп, әрі қарай құқық қорғау саласында толымды табысқа, өнімді еңбекке жетуіне себепші болып отыр. Барша кәсіби мереке иелерін шын жүректен құттықтаймын! – деді аудандық полиция бөлімі басшысының бірінші орынбасары Мұрат Демегенов.
Мерекелік шараның легі одан әрі аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты. Зал толы көрермендер мәдени іс-шарадан көтеріңкі көңіл күймен қайтты.
Ш.ХАМИТОВА