От пен оқтың ортасынан оралғандар

От пен оқтың ортасынан оралғандар

Жақында редакцияға Ауған соғысының ардагерлері Болат Сарбасов пен Ибрагим Байтанатовтар келді. Олар 1984 жылы жылыойлық бір топ жігіт болып, Отан алдындағы азаматтық борышын өтеген. Тағдыр оларды Ауғанстан жеріндегі от пен оқтың ортасында тоғыстырыпты. Бізбен сұхбаттасудағы мақсаты - Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 35 жыл толуы қарсаңында өмірден өткен қос боздақ, марқұм Оралбай Қойшығұлов пен Жаңабай Жанаев жайлы сыр шертпек ойылары бар екен.

Екі азамат та өзге достары секілді ауған халқы алдындағы интернационалдық борышын өтеп, елге есен-сау оралады. Туған жердің төсінде Құдай қосқан қосағымен шаңырақ көтеріп, ұрпақ өрбітіп, енді ұл-қыздарының қызығы мен қуанышын көрер шағында дәм-тұздары ерте таусылады. Жаңабай Жанаев 2010 жылы ердің жасы елуге де жетпестен, ал Оралбай Қойшығұлов 2022 жылы асқаралы алпысқа жетпей дүниеден озады. Ардагер ағалар осы қос батыр достарын сағынышпен еске алатынын жеткізді.

Иә, олардың ата-ана мен бауырларымен, туған жерімен қош айтысып, жүрдек пойызда әндетіп, әскер қатарына атанып бара жатқан бозбала шағы күні кешегідей есінде. Әрине, ауылдан бірге шыққан тоғыз жігіт алдында қандай тағдыр тезі тосып тұрғанын білген жоқ. Өзге қатарластары секілді КСРО деген кең байтақ алып державаның бір түкпірінде екі жылдық жауынгерлік өмірлері екі күндей болмай өте шығарына сенді. Бірақ тағдыр оларды 15 республикаға да сыйғызбай, алыстағы беймәлім Ауғанстанның асқаралы асуларынан әрі асырып жіберді. Осылайша, бейбіт бақытты өмірден бір-ақ сәтте қайғы мен қасірет шегіп жатқан жат топыраққа табан тіреді. Сонда өмір мен өлім арпалысқан ол жақтағы екі жылға созылған жауынгерлік жолдардың шеті-шегі жоқтай көрініп еді.

-Жаңабай мен Оралбай Құлсары қаласының құмында ойнап, бала кезден дос болып өсті. Екеуі де қазіргі №7 Е.Халықов атындағы орта мектепте білім нәрін алды. Жас кезінен техникаға әуестігі бар олар әскерге дейін жүргізушілік курста оқып, темір тұлпарды ерте тізгіндеді. Біздерді тағдыр армияда табыстырып, жақынырақ таныстырды. 1984 жылдың сәуір айында алғашқы шақырылыммен әскери борышымызды өтеу үшін 9 жігіт болып Жылыойдан әскерге бірге аттандық, - дейді қос ардагер өткен күндерді еске ала.

Жылыойлық жігіттер алғашқы екі айда Самарқанд қаласындағы әскери оқу-жаттығу жиынында арнайы дайындықтан өтіп, ант қабылдайды. Көп ұзамай Ауғанстанға бет алады. Онда біз сөз еткен екі кейіпкеріміз әскери жүк көлігінің жүргізушісі болып борышын өтейді. Кабулдан бастап Ауғанстан аумағындағы елді-мекендер мен таулы аймақтың ойлы-қырлы жерлерінде бекінген әскери құрамға қажетті азық-түлік, қару-жарақ, басқа қажетті заттарды үздіксіз тасымалдап тұратын керуен құрамында болады. Жаңабай «Верхний батальонның» 69706 әскери бөлімшесінде қызметін атқарса, Оралбай «железный батальонынның» 36663 әскери бөлімінде борышын өтеді. Әрбір аттаған қадамы қауіп пен қатерге толы, тажал мен ажал аңдыған жауынгерлік жорықта олар не көрмеді. Отқа оранған әскери техника, оққа ұшқан өздері секілді өрімдей жастардың тағдыры кешегі ауыл баласын ерте есейтті. Майдангер әкелердің аузынан естіп, мектеп оқулығынан оқыған сұрапыл соғыстың қасіретін көзімен көріп, басынан өткерді.

«Қырық жыл қырғында ажалды өледі» деген рас екен. Қанды көйлек қос жолдас интернационалдық борышын абыроймен атқарып, 1986 жылдың тамызында елге кері оралады. Олармен бірге екі жыл бұрын әскерге қатар аттанған қалған жылыойлық жігіттердің табаны туған жер топырағына тиеді. Олардың қатарында Жаңабай Жанаев пен Оралбай Қойшығұловтан басқа Бабас Ишанғалиев, Болат Сарбасов, Нұрлан Лесов, Қобылан Байжанов, Сергей Овчинников, Марат Шафигулин, Ибрагим Байтанатовтар да бар еді. Алыста қалған Ауғаныстандағы соғыстан келген жылыойлық жауынгерлердің барлығы да «От благодарного афганского народа» медалімен және «Почетная грамота от верховного совета правительства СССР» мадақтамасымен марапатталды.

Ауылға келгесін Жаңабай мен Оралбай жүргізушілік кәсібін жалғастырды. Әскерде бірге болған жолдастар бір-бірінен алшақтап кеткен жоқ. Осы уақытқа дейін отбасыларымен де араласып тұрады. Қайғыда да, қуанышта да бірге, бір-бірінен көмегін аянып қалған емес. Жаңабайдың мейірімге толы көңілі мен адамға жақсылық ойлап тұратын кең пейілділігін, Оралбайдың ортаны думанға толтырып, көптің көңілін көтеріп жүретін жайдары мінезі естен кетпейді. Отан үшін отқа түскен қос азамат көзі тірісінде елі үшін еңбек сіңіріп, отбасындағы ұрпағын да өздері секілді адалдыққа тәрбиеледі. Ұлдарының да әкелері секілді халқына қорған боларына сенім мол.

Әрине, артында талай бір нанды бөліп жеп, жауынгерлік жорықтың ыстығы мен суығына тоңған қанды көйлек жолдастары тұрғанда, қос батыр ардагер азаматтардың есімі ел жадынан өшпек емес. Өйткені олар Ұлы Отан соғысында зұлым жауды ұясында талқандаған кешегі әкелерінің ерлік дәстүрін жалғастырды. Енді осындай Ауған ардагерлерінің қайсарлығын өскелең ұрпаққа паш ету – біздің міндетіміз.

Ерназ Алтайұлы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT