Өр Алтайдың Оралханы – прозаның кербұғысы

Жазушы–драматург, Қазақстан Республикасы Жастар сыйлығы мен Н.Островский атындағы Бүкілодақтық әдеби сыйлықтың, Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығының лауреаты Оралхан Бөкей прозасы исі қазаққа ғана емес, шетелдерге де таныс.

Замандастары арасында «Қазақ әдебиетінің кербұғысы» атанған қаламгер қазақ прозасына ешкімге ұқсамайтын өз қолтаңбасымен қоса асқақ романтизммен астасқан күрделі де жұмбақ кейіпкерлерін де ала келді. Өткен аптаның бейсенбісі күні ауданымызда талантты жазушының прозасына арналған көркемсөз оқу шеберлерінің облыстық байқауы болып өтті.

Аудандық «Кең Жылой» мәдениет үйіндегі сахна төріне Атырау қаласы мен облысымыздың аудандарынан келген 18 бен 35 жас аралығындағы өнерпаздар шықты. Жүздерінде үлкен сайыс алдындағы қобалжу байқалады, себебі бүгінгі облыстық байқауда жүзден жүйрік шыққан ең таңдаулы өнерпаз республикалық байқауға қатысуға жіберіледі. Сахнаға 10 көркемсөз оқушы шықты. Жүргізуші үміткерлерді таныстырды. Ақын, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Бүркіт Базарбаев, ақын, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, «Кең Жылой» газетінің бас редакторы Сәулеш Шәтенова мен облыстық халық шығармашылығы орталығынан келген Назира Әшімқызынан тұратын әділқазылар алқасы мүшелері жас таланттардың қабілетін сараптап, баға бермек.

Сахнаға алғашқы болып шыққан Атырау қаласынан келген өнерпаз, Қатира Дүтбаева атындағы Атырау Гуманитарлық колледжінің қызметкері Гүлнұр Шораева Оралхан Бөкейдің «Мәңгілік деген махаббат шығар» атты шығармасынан үзінді оқыды. Көркемсөз оқушының әсем даусы, дикциясы тамаша. Жазушы шығармасының идеясы мен сұлулығын көрерменге жеткізуге тырысқаны, шынайылығы мен қарапайымдылығы тәнті етті. Жас талапкер әлі де сахнада ысылып, шыңдала түссе, талай биікті бағындырары сөзсіз.

Келесі көркемсөз оқушы, Атырау қаласындағы Еркінқала ауылдық мәдениет үйінің әдіскері Шұға Жексемәлиева О. Бөкейдің «Сайтан көпір» шығармасынан үзінді оқыды. Талапкердің актерлық қабілетін дамыта түссе, талай жүлделерге ие болары анық. Сахналық киімге де мән беруге тиіс.

Құлсарылық өнерпаз, «Кең Жылой» мәдениет үйінің халықтық Жастар театрының режиссері Дархан Смайылов жазушының «Апамның астауы» шығармасынан монолог оқыды. Дарханның байқауға дайындалғаны көрініп тұр. Сахна декорациясы да О.Бөкей прозасындағы пейзаждарды, жазушының балалық шағы өткен орманды ауыл көрінісін көз алдымызға келтіруге көмектесіп тұр. Көркемсөз оқушы сахналық образды сәтті бере білді. Әлдебір бұтақты пышақпен жона отырып, жазушы кейіпкерінің ішкі көңіл-күй толқынысы мен психологиясын жеткізуге ұмтылды.

Исатай ауданының Аққыстау ауылындағы Абай атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия қызметкері Ақтыныс Мақсотова Оралхан Бөкейдің «Үш кезең» шығармасынан үзінді оқыды. Көркемсөз оқушының дауысы, шығарманы жеткізу мәнері ұнады. Сахнада толқығаны да байқалды.

Махамбет ауданындағы Ортақшыл ауылдық «Самал» мәдениет үйінің басшысы Бексұлтан Маратұлы О.Бөкейдің «Апамның астауы» әңгімесінен үзінді дайындап әкелген. Сахна декорациясына, сахналық образға да мән берген. Сахнада жарық өшірілген соң, жазу үстелінде отырған жазушының ойға батып, іштей аласұрған сәтін, қайран анаға деген сағыныш сезімін көркем сөзбен ғана емес, актерлық шеберлікпен де көрермендерге жеткізуге тырысты.

Индер аудандық кітапхана қызметкері Асылай Зекенова драматург-жазушының «Адамдар неге жылайды?» шығармасынан үзіндіні жатқа оқыды. Экраннан шығармаға сәйкес бейнеқойылым көрсетіліп тұрды. Асылайдың адамдардың қарым-қатынасындағы тұрмыстық қайшылық арқылы психологиялық күрмеуі қиын мәселелерді ортаға салып, бөлісуі сәтті шықты.

Жылойлық өнерпаз, ЮРСС компаниясының қызметкері Альбина Мұхамбетова көптен көркемсөз оқу шеберлерінің байқауына қатысып жүр. Осы өнерді жан жүрегімен сүйетіні көрініп тұр. Бұл жолы да сахнаға тыңғылықты дайындалған тәрізді. Ол жазушының «Жылымық» атты шығармасынан үзінді оқыды. Альбина қара көзілдірік киген зағип бойжеткеннің ішкі мұңы мен қасіретін, адамгершілік қасиеттері мен қиындықтан қаймықпайтын өр мінезін актерлық шеберлікпен сомдай білді. Алғашында қасіретке шомып, тас мүсіндей сахнаға ілби шыққан кейіпкер, шығарманың шарықтау шегінде кенеттен жарқ етіп қайсарлығы мен өмірге деген құштарлығын паш етеді. Осының бәрі көрерменді бейжай қалдырмай, сезімді селк еткізгендей болады. Бұл психологиялық иірімді жеткізе білу үшін де актерлық қабілет керек. Альбинада мұның бәрі бар, тек дауыс дикциясы мен ашықтығына мән беріп, шеберлігін шыңдай түсуі керек. Көркемсөз оқу қағидасының басты шарттары да сондай.

Қызылқоға ауданындағы «Арман» мәдениет үйінің әдіскері Мейрамгүл Болатқызы О.Бөкейдің «Ана қуанышы» шығармасынан үзінді оқыды, алайда кей тұстарынан жаңылысып, мәтінді ұмытып қалды. Келесі байқауға қатысушы Мақат аудандық орталық кітапхана қызметкері Арайлым Құрманова О.Бөкейдің «Апамның астауы» шығармасынан үзінді орындады. Осымен үшінші байқауға қатысушы осы туындыны сахнаға алып шықты. Бұл әркім шығарманы өзіндік қабылдау түйсігі арқылы берсе де қазыларға үміткерлердің талант қабілетін саралауға мүмкіндік береді. Мейрамгүл кейіпкер сезімін көрерменге өзгеше бояуымен жеткізуге тырысты.

Құрманғазы ауданындағы С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйі жанындағы Д.Ғұмаров атындағы халық театрының режиссері Айжанар Ғапуова Оралхан Бөкейдің «Мынау аппақ дүние» шығармасынан үзінді оқыды. Айжанардың актерлық өнерге бейімділігі, сахнада өзін еркін ұстай білетіндігі, көрермен алдына шығып ысылғандығы көрініп тұр. Сахналық киімі – аппақ қардай көйлегі де ұтымды шешім, образды бар болмысымен ашуға тырысқандығы байқалды. Көркем сөз оқушының дауысы залдағыларға бәсең естілгендей көрінді, бұл дыбыс күшейткішке де байланысты болу керек. Алдағы уақытта мұндай техникалық жағдайларға да көңіл бөлуі қажет. Сонымен байқаудың ең негізгі бөлімі - Оралхан Бөкейдің шығармаларынан үзінді оқу сайысы аяқталды. Байқауда бағын сынауға келгендердің бәрінде де толқу, өз-өздеріне деген сенімсіздікті байқадық. Бұл, әрине, өнер адамдарына тән, дегенмен сахнаны меңгеру үшін еркіндік керек.

Байқаудың екінші кезеңінде өнерпаздар қазақ ақындарының өлеңдерін оқыды. Бұл кезеңде драмалық шығармалар орындалғаны жөн еді. Оралхан ағамыз көркем проза жанры ғана емес, драматургияда да өз қолтаңбасын қалдырған дарын. Оның шығармалары сахналық қойылымдарға өздері-ақ сұранып тұрғандай, кейіпкерлері де негізінен романтик, былайғы дүниемен ісі жоқ қиялшыл, сол себепті де өмір атты күресте жеңіліс тауып жататын жандары асқан сезімтал адамдар.

Гүлнұр Шораева ақын Қадыр-Мырза-Әлінің «Бақыт», Шұға Жексемалиева Фариза Оңғарсынованың «Жетімнің монологы», Ақтыныс Мақсотова Мұхтар Шахановтың «Әке үкімі», Асылай Зекенова Мұхтар Шахановтың «Жайықпен кездескенде», Альбина Мұхамбетова Қадыр-Мырза-Әлінің «Жұбату», Мейрамгүл Болатқызы Жұмекен Нәжімеденовтың «Туған жер туралы», Арайлым Құрманова Ахмет Байтұрсынұлының «Жас ағаш», Айжанар Ғапуова Шөмішбай Сариевтың «Дүниені жалт қаратсам деп едім...» атты өлеңдерін оқыды.

Байқаудың бірінші кезеңінде өз қабілеттерін таныта алмағандар, екінші кезеңде мүлде басқа қырынан көрініп, көрермендерді сүйсінтті. Он көркемсөз оқушы облыстың әр түкпірінен кеп өнер жарыстырған байқау да өз мәресіне жетті. Қазылар алқасы шешімімен Шұға Жексемалиева мен Ақтыныс Мақсотовалар 3- орынға ие болды. 2- орын жылойлық Дархан Смайыловқа берілді. Альбина Мұхамбетова 1-орынға ие болса, Айжанар Ғапуова Бас жүлдеге ие болды. Бас жүлдені Жылой аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысы Жанар Қазиева табыс етті.

Қатысушылардың бәрі де Алғыс хаттармен, түрлі сыйлықтармен марапатталды. Байқау болған соң біреулер өз таланттарын жарқырата көрсетіп, енді бірі қобалжығандықтан немесе дайындықтың аздығынан өз деңгейін байқата да алмайды. Облыстық жарысқа жүрдім-бардым қарап, тіптен сахналық киім кию, сахна мәдениетін сақтамау орынсыз. Алайда үміттерін үкілеген жастар алда әлі талай бәйгелерде бақ сынап, жүйріктігін дәлелдейді деп сенеміз. Бүгінгідей байқаулар олардың қанатын қатайтып, неғұрлым биік ұшуға баули түседі деп ойлаймыз.

С. ТӘЖІҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT