Құлсарылық Д.Н. есімді жас жігіт 2021 жылғы 20 шілдеде Whats App мессенджеріне адамдардан алаяқтық тәсілмен ақша жинап пайда көру үшін «10 000 теңге салсаң, 100 000 теңге етіп аласың» атты чат топтамасын құрады. Алдымен туған інісінің қолданысындағы абоненттік нөмерін өзінің Айфон-7 ұялы телефонына қосып, оған Kaspi.kz қосымшасын жүктеп алады. 2021 жылғы 24 шілде мен 2021 жылғы 12 тамыз аралығында чатқа тіркелген адамдарға «салған 10 000 теңге ақшаларын 100 000 теңгеге көбейтіп беретіні» туралы шындыққа еш жанаспайтын жалған мәліметтер таратады.
Алайда алаяқтың қақпанына топ етіп түсетін аңқау адамдар да аз болмай шықты. Сөйтіп өтірік чат ашқан жігіт барлығы 610 000 теңге «оңай олжаға» кенеліп шыға келеді. Заң тілімен айтқанда, Д. Н. пайдакүнемдік ниетпен, материалдық тұрғыда жағдайын жақсарту мақсатында, «алаяқтық», яғни екі немесе одан да көп адамға қатысты ақпараттық жүйені пайдаланып алдау, сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен ақшаны иемдену арқылы меншікке қарсы қылмыстық құқық бұзушылықты жасаған еді.
Алайда ақшаларын танымайтын біреудің есепшотына аударған аңқау әйелдер де алаяқтықтың құрбаны болғанын көп ұзамай біледі. Себебі «бірнеше еселеніп кері қайтуға тиіс» ақшалар қайтарылмайды. Тек сол кезде ғана алданып қалғандарын бір-ақ біліп сан соғады. Жәбірленушілер құқық қорғау орындарына шағымданып, жас жігіт қолға түседі.
Басты сот талқылауында сотталушы өзіне тағылған кінәні мойындап, 2021 жылғы 20 шілдеде ақша тауып пайда көру пиғылымен «Айфон» ұялы телефонындағы «WhatsApp» әлеуметтік желісіне «10 000 теңге салсаң, 100 000 теңге етіп ұтып аласың» атты чат ашып, «ойын» ұйымдастырғанын, алайда бұл әрекетінің заңсыз екенін білмегенін, өзінің ұйымдастырған ойынының шарты бойынша кірген бір адам өзінің соңына адам жинауы тиіс болғанын, чатқа кірген адамдарға бәрін түсіндіріп айтқанын, өзі ақшаны сол адамның «Каспий голд» кәртішкесіне аударып отырғанын айтты. Өзінің атына тіркелген «Каспий голд» кәртішкесі болмай, өзінің туған інісінің атына ашылған «Каспий голд» кәртішкесін және соның атына тіркелген абонеттік нөмерін өзінің жеке шаруаларыма керек деп сұрап алып, сол абонеттік нөмерді өзінің «Айфон» ұялы телефонына қосып, сол телефонға «Каспий голд» қосымшасын жазып алғанын растады. Бұдан соң «WhatsApp» әлеуметтік желісіне «10 000 теңге салсаң, 100 000 теңге етіп ұтып аласың» атты чатына көптеген өзіне таныс емес абонеттік нөмерлер қосылып кеткенін мәлімдеді. Алайда қазіргі кезде жәбірленушілерге келтірілген шығынды толықтай қайтарғанын, кешірім сұрайтынын көрсетіп айғақ берді. (Айғақтың толық нұсқасы дыбыс-бейне жазбасында жазылған).
Сотта жәбірленуші Р.А. атты әйел «WhatsApp» әлеуметтік желісінде ашылған «10 000 теңге салсаң, 100 000 теңге етіп аласың» атты группаға тіркеліп, өзінің атына ашылған «Каспий Банк» қосымшасы арқылы 20 000 теңге ақшасын Д.А. есімді өзі танымайтын адамның «Каспий голд» есеп шотына аударғанын, алайда «уәде етілген» 100000 теңге ақшаны алмағанын, кейін өзінің алданып қалғандығын білгенін айтты. Тергеу кезінде ақшаны аударғаны туралы түбіртекті тергеушіге бергенін, өзіне келтірілген шығын 20 000 теңге толықтай қайтарылғанын, сотталушыға кешірім беретінін, берілген талап арызынан бас тартатынын, тоқтатуды сұрап айғақ берді. Басты сот отырысында жоғарыда аты қысқартылып көрсетілген басқа да жәбірленушілер өздеріне келтірілген шығын толықтай қайтарылғандығын, сондықтан талап арыздан бас тартатындықтарын айтып, істі тоқтатуды сұрап айғақтар берді.
ҚПК-нің 123-бабына сәйкес, сот іс жүргізудегі деректер, олар іс жүргізу іс-әрекеттерінің хаттамаларында көрсетілгендіктерін ескере отырып, әрбірін зерттеп, оларды бір-бірімен салыстырып, оларды дәлелдеме ретінде қабылдады. Сот, сотталушыны, жәбірленушілерді тыңдап, іс бойынша куәлардың жауаптарын, іс құжаттарын зерттеп, төмендегі қорытындыға келді.
«Алаяқтық туралы істер бойынша сот практикасы туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2017 жылғы 29 маусымдағы №6 нормативтік қаулысының 1, 3 бөлігіне сай, соттардың назары «алаяқтықтың міндетті белгісі - кінәлі адамның пайдакүнемдік мақсатының болуы, яғни бөтен мүлікті өзінің меншігіне не оған құқықты өзінің пайдасына не басқа адамдардың пайдасына құқыққа қарсы өтеусіз айналдыруға ұмтылуы болып табылатынына» аударылады. Алаяқтық алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен жасалады, олардың ықпалымен меншік иесі немесе мүліктің өзге иесі мүлікті немесе оған құқықты басқа адамдарға өз еркімен береді.
Алаяқтықтың тәсілі ретінде сенімді теріс пайдалану кінәлі адамның өзінің және меншік иесінің немесе иелігінде мүлкі бар өзге адамның арасында туындаған сенімді қарым-қатынастарды пайдакүнемдік пиғылмен бөтен мүлікті немесе оған құқықты заңсыз алу мақсатында пайдалануына негізделеді.
Сотталушының кінәсі оның соттағы жауабымен қатар жәбірленушілердің соттағы айғақтарымен, куәлардың жауаптарымен сондай-ақ, сотқа дейінгі тергеп-тексеру органымен жинақталған құжаттарымен, дәлелдемелермен толық бекітілді.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде жәбірленушілерден ақша қаражаттарын аударғанын растайтын түбіртектері алынған. Банктік ақша қозғалысы туралы ақпараттарда жәбірленушілердің А.Д.-ың «Каспий голд» кәртішкесіне ақша қаражаттарын аударғандары туралы нақтыланған.
Сотталушының кінәсі өзінің жауабымен қатар, сотқа қатысқан жәбірленушілердің соттағы айғақтарымен, сондай-ақ, сотқа дейінгі тергеп-тексеру органымен жинақталған құжаттарымен, яғни айғақты зат алу, заттай дәлелдемені қылмыстық іске тіркеу туралы, қарап-тексеру жүргізу туралы хаттамалармен, түбіртектермен, фото кестелермен және қылмыстық істегі басқа дәлелдемелермен толық бекітілді.
Сотталушының алаяқтық әрекеті, чатқа тіркелген адамдарға шындыққа жанаспайтын көрінеу мәліметтер таратып, ақшаны көбейтіп беруге мүмкіншілігі жоқ бола тұра жәбірленушілердің ақша қаражаттарын алдап алып, ақшаны өз пайдасына жаратып жүргені сотта толығымен өз дәлелін тапты.
Істің мұндай тұрғысында, сотталушының іс әрекеттері ҚК-нің 190 бабы 3 бөлігінің 3) тармағымен дұрыс дәрежеленген, өйткені ол алаяқтық, яғни екі немесе одан да көп адамға қатысты ақпараттық жүйені пайдаланушыны алдау, сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлікке ақшаны иемденуі болып табылатын қылмыстық құқық бұзушылық іс-әрекетті жасаған.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Қылмыстардың бiрнеше рет жасалуын және жиынтығын саралау туралы» 2006 жылғы 25 желтоқсандағы N 11 нормативтiк қаулысының 4-тармағына сай, адам ҚК-нің бір бөлігімен қарастырылған жалғасқан қылмысты жасаған кезде, белгілері ҚК-нің жалғасқан қылмыс үшін жауаптылықты көздейтін бабының диспозициясымен қамтылмайтын басқа бөлігінде көзделген басқа қылмысты жасаған жағдайда, оның әрекеттері ҚК бабының неғұрлым қатаң жаза белгіленетін бөлігі бойынша саралауға жатады. Бұл ретте адамның жасаған барлық әрекеттерінің белгілері айыптауда және үкімде көрсетілуге тиіс. Сондықтан, оның қылмыстық құқық бұзушылық әрекеттері ҚК-нің 190-бабының 3-бөлігінің 3) тармағымен толық қамтылады.
Сот сотталушыға жаза түрі мен мөлшерін анықтау кезінде, қылмыстық әрекетін мойындауын, өкінуін, келтірілген шығын толықтай өтелгенін ҚК-нің 53-бабының талабына сай жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін мән-жайлар деп табады. ҚК-нің 54-бабының талабына сай сотталушының жауаптылығы мен жазасын ауырлататын мән-жайлар сотта анықталмады.
Сондықтан да сот, сотталушының жасаған қылмыстың сипаты мен қоғамға қауiптiлiк дәрежесiн, бірінші рет қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатқандығын, сотталушының жеке басына берілген мәліметтерге, оның iшiнде жауаптылық пен жазаны жеңiлдететiн мән-жайлардың барын, ал ауырлататын мән-жайлардың жоқтығына баға бере келе, сот, сотталушыға оның түзелуі, жаңа қылмыстардың алдын алу, оған тағайындалған жазаның мақсатына жетуді қамтамасыз етуге жеткілікті болуы үшін және оны қолдану кезінде оның отбасы мен асырауындағы адамдардың тiршiлiк жағдайына ықпалын ескеріп, бас бостандығынан айыру жазасын тағайындай келе, ҚК-нің 63- бабының талаптары қолданылып шартты жаза тағайындауға негіз бар деп санады.
Сонымен қатар, 2022 жылғы 4 сәуірдегі сот үкімімен Д.Н-нің Қазақстан Республикасының Жәбірленушілерге өтемақы қорына 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде мәжбүрлі төлем өндірілген.
Ол ҚК-нің 190-бабының 3-бөлігінің 3) тармағымен кінәлі деп танылып, оған осы баппен 3 (үш) жыл 5 (бес) ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. ҚК-нің 58 бабының 6 бөлігінің негізінде, онша қатаң емес жазаны неғұрлым қатаң жазаға, яғни осы үкіммен тағайындалған жазаны, Атырау облысы Жылыой аудандық сотының 2022 жылғы 4 сәуірдегі үкімімен тағайындалған 3(үш) жыл 6(алты) ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына сіңіру арқылы сотталушыға түпкілікті 3(үш) жыл 6(алты) ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
ҚК-нің 63-бабы 1-бөлігініне сәйкес, кінәліге тағайындалған 3(үш) жыл 6(алты) ай мерзімге шартты түрде соттау тағайындалды.
Ауданымыздағы өзге де азаматтар әлеуметтік желідегі осындай жалған чаттарға кіріп, адал ақы, маңдай терлерімен тапқан ақшаларын бейтаныс біреулерге беріп, аңғалдықпен алаяқтардың торына түспесе екен дейміз.
А.К.АДАЕВА,
аудандық соттың бас маманы