ОЛАР ӘРДАЙЫМ ҚОҒАММЕН БІРГЕ

Адам баласының қадірі – оның мүмкіндігінде емес, ниетінде, ерік-жігерінде. Соңғы уақытта айналамызда талай азаматтардың жұмыссыз жүргені, кейбірінің ішкілікке салынып, қоғамнан шеттеп, өмірге енжар қарайтыны көңіл қынжылтады. Ал, аудандағы «Мүгедектігі бар жандардың қоғамы» қоғамдық бірлестігіне бара қалсаңыз, керісінше жағдайға кезігесіз. Ерекше жандар қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, салауатты өмір сүруге ұмтылып, түрлі шараларға қатысып, спортта, өнерде де жетістікке жетіп жүр.

ЖЕҢІСКЕ ДЕГЕН ЖІГЕР ШЕКТЕУДІ БІЛМЕЙДІ

Иә, олар мүмкіндігі шектеулі болса да қолдағы бар мүмкіндікті пайдаланып, жарыстарда жеңіс тұғырынан көрініп, алтыннан алқа тақса, бірі сахна төрінде өнер көрсетіп, көпшіліктің құрметіне бөленіп жүр. Мұның бәрі қалауын тапса, бұл өмірде шектеудің жоқ екендігінің тағы бір көрінісі болса керек. Шын мәнінде мүмкіндігі шектеулі жандар өмірмен күресіп, ерік-жігермен алға ұмтылып келе жатқан қайсар тұлғалар. Осы тұста ауданымыздағы ерекше жандардың жанашырына айналып келе жатқан «Мүгедектігі бар жандардың қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Амангелді Мыңжасаровпен байланысып, қоғамдық ұйымның бүгінгі тыныс-тіршілігі хақында қалам тербеп көрген едік. Біз өмір сүріп отырған ортада әртүрлі тағдырлар иесі тоғысады.

Бүгінде мүмкіндігі шектеулі жандардың дені сау адамнан ешқандай да кем еместігін, қоғамдық қызметке белсене араласып, ел дамуына үлес қоса алатынын осы аудандағы ерекше жандар дәлелдеп бағуда. Осындай өмірге құштар жандардың басты тірегіне айналған «Жылыой ауданы филиалы мүгедектігі бар жандардың қоғамы» қоғамдық бірлестігі 1997 жылғы 17 наурызда құрылған. Амангелді Көздібайұлы 2018 жылдан бастап осы қоғамдық бірлестіктің төрағасы болып тағайындалды.

Бірлестіктің мақсаты – мүмкіндігі шектеулі жандардың үйде отырып қалмай қоғамға етене араласып, өзін-өзі дамытуына, бойындағы қабілетін шыңдауға қолдау көрсету. Қазіргі таңда қоғамдық бірлестіктің 325 мүшесі бар. Қоғамдық ұйым осындай батыл жандармен бірге дамып келеді. Өмірге құштар жандардың бірлескен жұмыстарының нәтижесінде бірлестікте ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Ерекше жандардың арасында спортты жанына серік еткен параспортшыларымыз да аз емес. Бүгінде олардың қатары 30-ға жуықтады. Әр түрлі спорт түрінен аудандық, облыстық жарыстарға қатысып, республикалық паралимпиаданың жол- дамасын иеленіп, жеңісті жетістіктерге жетіп келеді.

- 2024 жылдың өзінде облыстық іріктеу жа- рысында ауданымыздан шахматтан Ыбырай Қариев, дойбыдан Аманжан Қожасейлов, тоғызқұмалақтан Амангелді Мыңжасаров, Күләш Ғалымжанова, үстел теннисінен Берекет Ақжігітов, Ақмөлдір Тлеуқұлова, ат спортынан Аманқос Тулешов, Айсұлтан Дүйсәлиев, жеңіл атлетикадан жасөспірімдер арасында өткен іріктеу жарысынан Рысгүл Орысбаева, ересектер арасы- нан Ерлан Есекенов, Айдана Әлиева ҚР чемпионатына жолдама алды. Спортшыларымыздың 7-еуі облыс спорт шебері, 6-ы ҚР спорт шебері.

ҚР Чемпионатында үстел теннисінен жекелей турдан Берекет Ақжігітов жүлделі II орын, жұппен ойыннан I орын иеленсе, Ақмөлдір Тілеуқұлова жекелей турдан III орын, жұппен ойында I орынды иеленіп, аудан намысын қорғады. Сондай-ақ Алматы қаласында өткен жеңіл атлетикадан өткен ҚР чемпионатында Рысгүл Орысбаева ядро итеруден жүлделі I орын иеленсе, Ерлан Есекенов найза лақтырудан I орынды жеңіп алып, Халықаралық спорт шебері атағын алды. Айдана Әлиева 100 метрге жүгіруден және ядро итеруден III орын, найза лақтырудан II орынды қанжығаға байлады. Ат спортына келер болсақ, ҚР чемпионатында Аманқос Төлешов жүлделі I орын, Айсұлтан Дүйсәлиев I орынды иеленді,- дейді ол.

Жақында 29 – 30 сәуір аралығында өткен ҚР VII Спартакиадасының іріктеу кезеңіне 5 спортшы қатысып, жүлделі орындар алып, аудан мерейін үстем етті. Оларды қоғамдық ұйым төрағасы әрі жеңіл атлетика жаттықтырушысы Амангелді Мыңжасаров жарысқа арнайы дайындады. Атап айтсақ, Ерлан Есекенов найза лақтырудан жүлделі I орын, дискі лақтырудан II орын, ядро итеруден III орын, Нұрболат Асқаров 100 метр және 200 метр жүгіруден II орын, ядро итеруден III орын, Айдана Әлиева дискі лақтырудан және ядро итеруден I орынға, Рысгүл Орысбаева найза лақтыру мен ядро итеруден I орын, Ақнұрай Қуанғали найза лақтыру мен 100 метрге жүгіруден I орын, ядро итеруден II орынға ие болды. Үздіктер қатарында Ақмөлдір Тлеуқұлова мен Берекет Ақжігітовтің есімдері де ерекше аталады. Олар үстел теннисінен жекелей және жұптық сайыста жеңіске жетіп, Халықаралық спорт шебері атанды. Бұл – ауданымыз үшін үлкен мақтаныш.

ЖОМАРТ ЖҮРЕК, ЖАЙСАҢ ЖАНДАР

Қайсар рух, биік мақсат, жанкешті еңбек – осының бәрі бірлестік мүшелерінің бойынан та- былады. Спорттағы жеңісті жетістіктеріне қарап тұрып, тіпті, оларды «мүмкіндігі шектеулі жандар» деп айтуға да аузың бармайды. Оның үстіне ерекше жандардың қоғамдық өмірге етене араласуы тек спортпен ғана шектелмейді. Олар жұмыс жасап, еңбек етуге, өз күшін қоғамға арнауға да дайын. Осы орайда аудандық «Мансап» орталығымен бірлесе отырып, қоғамдық ұйымда 5 адам тұрақты түрде жұмыспен қамтылып отыр. Оның ішінде бапкерлік, курьерлік, іс-қағаздармен жұмыс істеу секілді қызметтер атқаруда.

Сондай-ақ, айта кету керек, мүмкіндігі шектеулі жандарға 3 әлеуметтік такси және гемодиалез ап- паратын қабылдайтын жандар үшін қосымша арнайы 2 такси де қызмет көрсетуде. Бұл, әрине, өз алдына үлкен көмек болып отыр. Қоғамға қолдау білдіріп отырған демеуші азаматтар мен мекеме басшыларының да еңбегін ерекше атап өту керек. Әрбір қайырымдылық – тек материалдық көмек емес, рухани тірек. «Ауданымыздағы бірқатар мекемелер демеушілік танытып, бізге қолдау білдіріп келеді» дейді қоғамдық ұйымның төрағасы А.Мыңжасаров.

-Айталық, «Каспий Нефть» компаниясы қоғамдық ұйым мүшелерінің сұранысымен ағаш үй беріп, емделіп жатқан балаға 500 000 теңге, 20 отбасына азық-түлік, қоғам мүшесі Бақтылы Байзулдиеваға баспана сыйлады. «Пятьойл» – қолөнершілерге демеушілік ретінде тігін машиналарын сыйлады. «Ембімұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасы арнайы массаж жабдықтарын, музыкалық аппараттар мен іс машинасы, сплит-система жүйесі және түрлі құрал-жабдықтармен, «Мектепке жол» акциясы аясында 56 балаға мектеп құралдарымен, Құлсары мұнай құбырлары басқармасы «Мектепке жол» аясында 20 балаға (әр балаға 30 мың теңге көлемінде) мектеп формасымен және қүрал-жабдықтарымен көмектесті. Сонымен қатар жаңа жылда 50 балаға тәттілермен демеушілік жасады. Осылайша ел ертеңінің жүзіне қуаныш ұялатты.

Ал, «Рип Газ» ЖШС 144 балаға жаңа жылдық сыйлықтар, 4 баланың еміне әрқайсысына 50 000 теңге көлемінде, «Атырау Жарық» ЖШС 30 ерекше жанды аудандық «Кең Жылой» газетіне жаздырды. Қайырымдылық айы аясында «Аруана», «Парадайс», «Нұрасыл», «Делюкс» мейрамхана басшылары демеушілігімен қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған ерекше шаралар ұйымдастырды. Қоғамдық ұйым мүшелеріне дәмді тағамдар қойылған дастархан жайылып, оларға ерекше құрмет көрсетілді,-дейді Амангелді Көздібайұлы.

Мүмкіндігі шектеулі жандар тағдырдың қиындығымен күресіп жүріп, өмірге құштарлығын жоғалтпай, өз мақсатына жету үшін қолынан келгеннің бәрін жасап келеді. Соның бір дәлелі - Орталық базардан ашылған сауда нүктесі. Онда қоғамдық бірлестік мүшелерінің өз қолдарымен жасаған әшекей және қолөнер бұйымдары сатылымға шығарылған. Бұл бастама олардың шығармашылық қабілетін дамытуға, сондай-ақ табыс көзін арттыруға мүмкіндік беріп отыр. Шеберлердің қолынан шыққан бұйымдар сатып алушылардың қызығушылығын тудырып, қоғамда ерекше жандардың әлеуетін арттыруға жол ашты. Бүгінде спорттан бастап өнерге дейін әр саладан ойып тұрып өз орнын алып, белсенділік танытып жүрген ерекше жандарымыз – баршамызға үлгі. Осылайша олар өздерінің рухы мықты жандар екенін дәлелдеп отыр. Ал аяқ-қолы сау бола тұра өмірден безіп, жұмыс істегісі келмейтін кейбір жандар үшін бұл – үлкен сабақ. Әрине, мүмкіндігі шектеулі жандарға мемлекет тарапынан да, қоғам тарапынан да жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді. Десек те, мәселелер жоқ емес, бар.

Айталық, олар спорттық жарыстарға дайындалу кезінде арнайы жаттығу алаңдарының жетіспеушілігін сезініп отыр. Мәселен, найза лақтыру, ядро итеру, жүгіру сынды спорт түрлерімен айналысу үшін қажетті жабдықтар мен бейімделген жаттығу орындары қарастырылмаған. Сол себепті мектептің спорт залы мен сыртқы алаңын уақытша сұрап алып, дайындалуға мәжбүр.

Иә, мүмкіндігі шектеулі жандарға жасалған әрбір қолдау – мейірімді қоғамға бастар үлкен қадам. Өйткені әр адамның қадір-қасиеті мен құқықтары бірдей болуы тиіс. Ауданда осындай қайсар рухты жандар барда болашаққа зор сеніммен қарамау мүмкін емес. Олардың әрбір жеңісті жетістіктері, талпынысы мен табандылығы аудан абыройын асқақтатып, ынтымақ пен бірлігімізді нығайтады. Осындай жігерлі азаматтарымыз барда елдің болашағы жарқын, әлеуметтік және мәдени өмірі көркейе береді. Сондықтан ерекше жандарға қолдау көрсету – біздің ортақ міндетіміз.Ендеше, қоғам болып жұмылып, кедергіні емес, мүмкіндікті көре білейік.

Азамат МОЛДАШЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT