«Нұрқас- Сатыбалдының» кішкентай қариы

Құран аяттарын жатқа айтып қана қоймай, оның мәніне терең бойлап, жүрекпен ұғыну - екінің бірінің қолынан келе бермейтін дүние. Қасиетті кітаптың құдіретін сезіне отырып, сана-сезіміңді тәрбиелеп, көңіл көкжиегіңді нұрландыру да ізгілік жолындағы ізетті іс.

Жуырда ауданда оқушылар арасында өткен Құран жарысы осы мақсатты көздеді. Ел ертеңін имандылық иірімдеріне тартып, рухани әлемін байытып, мейірім пен парасатқа тағы бір қадам жақындата түскен игі шара Ұлы Отан соғысының ардагері Кәрім Үмбетовтің 101 жылдығына және дүниеден өткеніне 20 жыл толуына байланысты ұйымдастырылды. Құлсары қаласындағы аудандық орталық мешіттің қолдауымен өткен дүбірлі додада 1-11 сынып оқушылары Фәжр сүресінен Нас сүресіне дейінгі аралықты жатқа оқудан сынға түсті. Оған өзіміздің өңір оқушыларынан бөлек Индер, Махамбет, Қызылқоға, Мақат аудандарынан арнайы келген жасөспірімдер де қатысты. Үміткерлердің барлығына ардагердің ұрпақтары атынан қаржылай сыйлықтар табысталды. Бұл жөнінде ардагердің ұлы Өтеумағанбет Үмбетов:

- Осы шараны бауырларымызбен бірге көптен ойлап жүргенбіз. Өткен жылы әкеміздің 100 жасына орай ұйымдастырғымыз келген. Бірақ ауданымыз төтенше жағдайға байланысты қиын кезеңді бастан өткеріп, тасқын судың астында қалды. Сол себепті кейінге шегеріліп, биыл ғана өткізудің сәті түсті. Бұл енді, біріншіден Алланың, екіншіден, әкеміздің аруағының разылығы үшін жасалып жатқан ізгі шара. Жоспарлап жүрген уақыттан бастап қасымызда жүріп, көмектескен барша ағайын- тума, дос-жаранға және аудандық мешіт имамдарына үлкен алғысымды білдіремін. Ал жан-жақтан жиналған оқушы балаларға сәттілік тілеймін. Болашақта Алла жолында дәстүрлі дінімізді берік ұстанған қари болсын! Алған білімінің жемісін көре берсін,- деді ізгі тілегін білдіріп.

Қатысушылардың барлығы 8-бен 17 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер болды. Қай-қайсысы да қасиетті кітаптағы Құдайдың сөзін нақышына келтіре жатқа оқып, бір- бірінен асып түсіп жатты. Бірақ өзгелерге қарағанда, атыраулық жас жамағаттың білімінің терең екені көрініп тұрды. Сөйтіп Құран жарысының жүлделі орындарын Атырау қаласының «Бақтыгерей молла» мешітінің шәкірттері иеленіп кетті.

Нақтырақ айтқанда, І орын – Ис- майл Талапқа, ІІ орын – Әмір Байсейітке, ІІІ орын – Данияр Дастанға бұйырды. Дегенмен, атыраулық қонақтардан жылыойлықтар да қалысқан жоқ. Соның ішінде, Жаңа Қаратон кентінің «Нұрқас- Сатыбалды» мешітінің 11 жастағы шәкірті Айшуақхан Азаматұлы жарыс талабына сай Құран сүрелерін мүдірмей оқып, өзге үміткерлерден басым түсті. Сөйтіп жарыстың бас жүлдесін жеңіп алды. Құранды 7 жасынан бастап жаттаған ол «10 жасымда кітапты толық жаттап алдым» дейді.

- Құранды ең бірінші әкем бастап үйретті. Сосын медресеге барып үйрендім. Ұстазымның аты - Ілияс Асқар. Маған осындай білім бергені үшін алғысымды айтамын. Иә, бас жүлде аламын деп күттім, сол үшін де үлкен дайындықпен келдім,-дейді өз сөзінде кішкентай қари. Иә, бүгінде ауданда ересектерге қарағанда жастардың Құранға деген қызығушылығы жоғары. Олар қасиетті кітап беттерін тез жаттап, аға буыннан оқ бойы озық келеді. Оған аудандық орталық мешіттің бас имамы Думан Балықшиевтің сөзі дәлел.

- Жасыратыны жоқ, үлкен кісімен салыстырғанда жастарымыз зерек келеді. Олардың есте сақтау қабілеті жақсы ғой, сол себепті сүрелерді тез жаттайды. Бізден сабақ алатын шәкірттердің көбі де сол жас балалар. Қазіргі таңда мешітімізде 40-қа жуық ер бала және 20-ға тарта қыз бала дәріс алады. Олардың әрқайсысының жеке ұстазы бар. Сабақ береді, әріп үйретеді. Енді бұйырса алдымызда 3 айлық жазғы демалыс келе жатыр ғой. Сол үш айда біздер оларға жазғы сауат ашу курсын ашып, дайындайтын боламыз. Кейіннен оқушыларымыз алған білімінің нәтижесі ретінде осындай Құран-кәрімнен жарысқа қатысып, өздерінің сабақты қаншалықты жақсы меңгергенін білетін болады,-дейді сөзін растап.

Байқау соңында ардагер ұрпақтары атынан 20 отбасыға тегін азық-түлік тағамдары таратылып, жария садақа ұйымдастырылды. Иә, бала жүрегіндегі иман сәулесінен Аллаға деген сүйіспеншілік оянса, ертеңі де нұрлы болары сөзсіз. Оған сол күнгі шарада көз жеткіздік. Оның үстіне елі үшін жанын беріп, Отан үшін отқа түскен ардагердің де өнегелі өмірі мен ұрпағының ұлағатты ісі жастарға тағылым беріп, рухани қуат сыйлады.

Диана ІЗБАСАРҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT