Ұлттық қолөнерді дамыту, ерекше жандардың еңбегін халыққа таныстыру, оларға қолдау көрсету және бабадан қалған өнерді болашақ ұрпаққа дәріптеуді мақсат тұтқан бұл шарада Жазира Оңдасынова, Гүлмира Алмадиева, Нұргүл Әбдіғалиева, Индира Өмірзақова сынды қолөнер шеберлері өз туындыларын ұсынды.
Көрмеге қойылған бұйымдар көздің жауын алады. Ағаш пен теріден жасалған ерекше туындылар, қолмен кестеленген көркем бұйымдар, ұлттық нақыштағы киімдер мен зергерлік әшекейлер – барлығы қазақ халқының дәстүрімен үндесіп, өткен мен бүгіннің үйлесімін көрсетті. Әр туындының астарында шебердің жан дүниесі мен өнерге деген сүйіспеншілігі байқалып тұрды.
Осындай іс-шаралар мүмкіндігі шектеулі жандардың қолөнерін бағалап, олардың еңбектерін көпшілікке таныстыруға үлкен мүмкіндік береді. Қазақ бұрыннан «Өнерлінің қолы алтын, өлеңшінің сөзі алтын» деп, қос қолдың ептілігімен елдің үдесінен шыққан шеберлерді жоғары бағалаған. Қайырымдылықтың қадірін ұғындырып, өнерге қолдау көрсеткен көрменің маңызы зор.
Е.АЛТАЙҰЛЫ