Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында аудан әкімдігінің мәжіліс залында тағылымы терең, өнегесі мол шара өтті. ”Еңбегімен ерлеген әулет” деп аталған құрмет кешінде өмір жолы елге үлгі, өнегесі өшпес із қалдырған ардагер Талап Нұрғазиев марапатталды.
Шараны аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Нұрдаулет Ақназаров ашып, Талап Сәрсенұлының өмір жолы еңбек пен адалдықтың нағыз үлгісі екенін атап өтті. Жиын барысында ауылдың құрметті ардагерлері қатысып, ағамыздың тағдырлы кезеңдерінен сыр шертетін өнегелі әңгіме айтылып, ақсақалдың ғұмырдария жолын баяндайтын арнайы бейнеролик көрсетілді. Талап Сәрсенұлы бес жасында әкесінен Ұлы Отан соғысы жылдарында айырылып, жетімдік тауқыметін тартқанымен, өмір ауыртпалықтарына мойымай, ерте есейген. Алты жасында атқа мініп, ауыл шаруасына қолғабыс бола бастаған қайсар бала кейін Қарасуда бастауышты, Құлсарыда жетінші сыныпты аяқтап, Доссордағы училищеде моторист мамандығын игерген. Курстардан өтіп, ауылда шөпір болып еңбекке ерте араласып, ауыл шаруашылығының ең ауыр кезеңдерінде бел шешпей еңбек етті.
Өмір жолындағы ең әсерлі тұстардың бірі – әке рухына деген құрметі. Ұлы Отан соғысында қаза тапқан әкесінің ескерткішіне туған жердің топырағын апарып, сол жерден бір уыс топырақты анасының бейітінің жанына әкеліп қоюы ұрпақтың әкеге, баланың анаға деген адалдығының айқын көрінісіне айналғандай.
Талап Сәрсенұлы он жыл жүргізуші болып, колхоз жұмыстарының қызған шағында күндіз-түні самосвал айдап, құрылыс материалдарын тасып, ауыр еңбекті арқалады. Науқандық жұмыстарда ешкімнен қалыспай, шаруаның басы-қасында жүріп, өз ортасында білікті, беделді азамат ретінде танылды. Жастық шағында арманы болған күлімкөз Үмітпен шаңырақ көтеріп, бір-біріне демеу болып, еңбекпен көркейген берекелі әулетке айналды. Сәбилік шағында жетімдіктің тауқыметін тартқан қос жүрек бүгінде бес ұл, жеті қыз өсіріп, 43 немере, 46 шөбере сүйіп отыр. Бір шаңырақтан бір қауым елдің тарауы – адал еңбектің, татулықтың, отбасылық берекенің жемісі.
Өткен жылы Талап Сәрсенұлы “Алтын қыран” медалімен, Үміт Қарашқызы “Алтын алқа” алқасымен марапатталды. Бүгінде шаруа қожалығын ұлы Абыл қолына алып, әке ісін жалғастырып, өрісін кеңейтіп келеді. Бұл жыл да осы әулет үшін ерекше қуанышқа толы мерекемен бастау алды. Талап Сәрсенұлы 85 жасқа, Үміт Қарашқызы 80 жасқа толып, қос мерейтойды дүркіретіп қарсы алып отыр.
Биылғы Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай ардагердің елге сіңірген еңбегі тағы бір мәрте бағаланып, Талап Сәрсенұлы Атырау облыстық ардагерлер кеңесінің “Сұлтан Бейбарыс” орденімен марапатталды. Ал Үміт Қарашқызы “Хиуаз Доспанова” медалімен құрметке ие болды.
Бұл жиын бір әулеттің және тұтас ауданның абыройын асырған еңбек жолының салтанаты десек қателеспейміз. Осындай тұлғалар барда елдің рухы биік, алдыңғы ұрпақтың жолы ашық болмақ.
А.ТАЛАПКЕР



