Ауданда жас отбасыларды қолдау және ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында «Әр отбасының бірлігі – ел дамуының іргетасы» атты тағылымды іс-шара өтті.
Келелі кездесуді «Қабілет» қоғамдық қоры ұйымдастырып, басқосуға өңірдегі жас шаңырақ иелері, ардақты аналар мен қоғам белсенділері қатысып, отбасы институтының бүгінгі қоғамдағы маңызы жайлы кеңінен ой өрбітті.
Иә, отбасы – қоғамның ең кішкентай бөлшегі болғанымен, оның ішіндегі татулық пен түсіністік тұтас елдің тұрақтылығына тікелей әсер етеді. Сондықтан мұндай кездесулер тек марапат үшін емес, жас отбасылардың арасындағы байланыс пен тәжірибе алмасуды нығайтудың бір жолы. Осындай жылы жүздесулер арқылы жастар өзара пікірлесіп, рухани қолдау алады. Ал қоғамның берекесі осындай бірліктен басталады. Міне, осындай мақсатта аудандағы жас болса да бас бола білетін жанұялар тоғысқан іс-шараға 6 бірдей отбасы қатысты. Олар Құрмановтар, Бисембаевтар, Төрехановтар, Құлымжановтар, Исимғалиевтер және Кенжеғалиевтер отбасы. Өмірлік жан жолдастарымен бірге сыйлы қонақ болып шараға қатысқан олар аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақовамен жүздесіп, отбасы өміріндегі қуанышты сәттерін, өмірлік тәжірибелерін және болашаққа арналған жоспарларын ортаға салды. Сондай-ақ іс-шара аясында барлығы да үлгілі отбасы ретінде марапатталды. Олардың ішінде Құлымжановтар әулеті де бар. Шаңырақ иесі Айбек Құлымжановтың сөзінше, бұл марапат отбасылық өміріндегі серігімен бірге алған ең алғашқы марапаты екен.
-Бүгінде төрт баланың ата-анасымыз. Алдыңғы үшеуі – ер бала. Олардың соңынан еріп, жақында ғана Бегімай деген қызым дүниеге келді. Жанұямыз туралы айтатын болсам, келіншегім екеуміз де кәсіпкерміз. Жылыой халқына асабалық қызмет атқарамын. Біздің шаңырақтың басты тірегі – сенім мен ауызбіршілік деп айтар едім. Өйткені біз қай мәселені де ақылдасып шешеміз. Бір-бірімізге сенім артсақ, ешбір қиындық ауыр соқпайтынын білеміз. Сондықтан да шығар, шаңырағымыздың берік те биік қалыптасып келе жатқанына, отау құрғанымызға биыл 9 жыл толыпты. Бұл аз уақыт емес. Бұл аралықта біздер бірге қол ұстасу арқылы көп сынақтан да өттік, қуанышты да қатар көрдік. Әлі де алар асуымыздың биік екеніне сенеміз. Барлық отбасы бақытты болсын. Одан асқан қандай бақыт бар?!-дейді отбасы отағасы Айбек Құлымжанов.
Аналар кеңесінің мүшесі Мейірхан Алғазиева отбасы институтының ұлттық тәрбиедегі маңызын айта келе, кездесу барысында ойын білдіріп: «Жас отау – екі жастың ғана емес, тұтас бір әулеттің болашағына жауапты одақ. Әр отбасының іргетасы берік болса, елдің де іргесі сөгілмейді. Сол себепті жастарға рухани қолдау қажет. Отбасындағы татулық – елдің татулығының көрінісі» – деген еді. Расында, ұлттың мәдениеті мен салт-дәстүрі алдымен отбасыдан бастау алады. Баланың бойындағы ізгілік, бауырмалдық, еңбекқорлық сияқты қасиеттер ең әуелі ата-ананың үлгісімен қалыптасады. Қазіргі заманда отбасылық құндылықтардың маңызы бұрынғыдан да арта түсті. Ғаламдық ықпалдар мен ақпараттық кеңістіктің жылдамдығы кейде рухани байланыстарды әлсіретіп, адамдар арасындағы қатынасты салқындатуы мүмкін. Осындай кезде қоғамның іргетасы саналатын отбасы құндылығын сақтап, ұрпаққа өнеге көрсету – әрбір азаматтың парызы. Отбасы – бұл жай ғана шаңырақ емес, ол – сенім, сүйіспеншілік, жауапкершілік пен мейірім мекені. Осы мақсатта кейінгі жылдары ауданда да жас отбасыларды қолдауға бағытталған көптеген жобалар жүзеге асып келеді. Бұл ауданның әлеуметтік саясатының маңызды бағытының бірі. Себебі, жас шаңырақтар неғұрлым берік болса, қоғам да соғұрлым орнықты болмақ. Ресми деректерге сүйенсек, жыл басынан бері өңірде 319 жұп некесін қиып, жаңа өмірге қадам басқан. Бұл көрсеткіш – жастардың отбасылық құндылықтарға деген құрметі мен жауапкершілігін білдіреді. Бұл отбасы құндылығын дәріптеудің, жас ұрпаққа өнеге көрсетудің бір айғағы. Оның үстіне әрбір айтылған пікір мен мысал жастарды ойландырмай қоймайды. Өйткені, отбасы – жеке адамның ғана емес, бүкіл қоғамның негізі. Елдің дамуы мен тұрақтылығы отбасындағы ынтымақ пен берекеге байланысты.
Берекелі отбасылар көп елдің болашағы да жарқын. Бірлікті ұстанған, сүйіспеншілік пен сыйластыққа негізделген шаңырақ ұлттың рухани байлығы. Сол себепті әр отбасы өз ішіндегі татулықты сақтап, балаларына мейірім мен адалдықтың үлгісін көрсетсе, бұл ел дамуына қосылған ең үлкен үлес болмақ. Сондықтан ауданымыздағы барша жанұяға тек бақыт тілейміз!
Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ


