Өндіріс ошағы мен әулеттің отын қатар маздатқан...

Жеміс Ысқақова ширек ғасырға тарта уақыт «Интергаз Орталық Азия» АҚ-ның Құлсары желілік-өндірістік басқармасының автоматика саласында еселі еңбек етіп келеді. Газ өндірісінің қауіпті аймағында жұмыс жасайтын Жеміс осы мекеменің кәсіподақ комитетінің төрағасы қызметін де қоса атқарады. Жеміс Әбілтайқызы, негізінен, Тұрғызба топырағының перзенті. Алғаш Мұхтар Әуезов атындағы №4 орта мектеп табалдырығын аттап, кейін ата-анасымен Құлсарыға қоныс аударып,1988 жылы бұрынғы А.Островский атындағы орта мектепті бітірді. Алтын ұядан қанат қаққан жас түлек арман қуып өзгелердей өзіміздің Алматы емес, Ресейдің Волгоград қаласына аттанды. Онда техникумға түсіп, білімін жалғастырған жас қыз арнаулы оқу ордасын ойдағыдай тәмамдады. Сол кезде өмірлік қосағы Ерлан Ысқақовпен отау құрған ол көп ұзамай Құлсары поселкесіндегі «Аққайың» балабақшасына тәрбиеші болып қызметке орналасады.

Әрине, бұл уақыт өткен ғасырдың 90-жылдарындағы тоқырау кезеңі еді. Көптеген әлеуметтік нысандар мен балабақшалардың жабылып жатқан мезгілі. Сондықтан тәрбиеші Жеміс Ысқақова отағасы секілді өмірдегі өз орнын өндіріс ошағынан іздегенді жөн көреді. Сөйтіп Атырау қаласындағы политехникалық институтына сырттай оқуға түсіп, экономика және менеджмент факультетін бітіреді. Жоғары білімді маман атанып, Құлсары желілік-өндірістік басқармасына қызметке келеді. Бастапқыда шаруашылық меңгерушісі міндетін атқарып, бірте-бірте автоматика саласына түпкілікті ауысады. Қазір ер-азаматтармен бірдей басқарманың өндірістік аймағында бір кісідей еселі еңбек етіп жүр.

- Газ саласы – қауіпті аймақ. Сондықтан әйел адамға қиындық келтіретін жерлері де кезігеді. Бірақ қызықты тұстары да көп. Сондай жауапты салада ұжымдастарыммен бірге еңбек ете жүріп уақыттың қалай өтіп кеткенін де байқамай қаламыз, - дейді өз қызметі жайлы Жеміс Әбілтайқызы. Басқарманың кәсіподақ комитетінің төрағасы ретінде талай жұмысшы-қызметкерді марапаттап, ынталандырып, еңбектегі құқықтарын қорғап жүрген ол өзі де сый-құрметтен кенде емес. Бір саладағы көп жылғы еңбегі ескеріліп, «Интергаз Орталық Азия» АҚ-ның құрылғанына – 25 жыл» төсбелгісімен және Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған және өз компаниясының дамуына қосқан сүбелі үлесі үшін Құрмет грамоталармен наградталды. Осылай түзде өндіріс тетігін ұстаған газ маманы үйде асыл жар, ибалы келін, аяулы ана, ақ жаулықты әже.

- Мен тұрмыс құрғанда екі енемнің қолына келін болып түстім. Қазір қолымызда 75 жастағы енем бар, Аллаға шүкір! Азаматыммен отау құрғаныма 33 жыл болды. Үш перзент сүйдік. Бүгінде олардан үш жиен мен бір немере көріп отырмыз. Жолдасым мұнай, ал мен газ саласында еңбек етіп жатырмыз. Қосымша кәсіпкерлік қызметім де бар,-дейді Жеміс Ысқақова.

Іргелі өндіріс ошағы мен үлкен бір әулеттің отын қатар маздатқан Жеміс Әбілтайқызын біз де көктем мерекесімен шын жүректен құттықтап, нәзік жанына жылылық сыйлаған отбасына аманшылық, еңбегіне толағай табыстар тіледік.

Е.ЕСЕНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT