Мәуліт кеші

Құлсары қаласындағы Жылыой мұсылмандар орталық мешітінде қасиетті Мәуліт айына байланысты рухани кеш болып өтті. Онда жамағатқа арнайы дастархан жайылып, Мәуліт оқылды.

Рухани кеште мешіттің бас имамы Жасұлан Қуанышұлы жамағатқа “Пайғамбарымыздың өмірбаянын қаншалықты білеміз?” деген тақырыпта уағыз айтты:

- Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) үш нәрседен сақтанатын: тартысудан және жанжалдасудан, қажетсіз сөйлеуден, өзін қызықтырмайтын іспен айналысудан. Сол секілді өзгелер үшін де үш нәрседен алыс тұратын: ешкімді сынамайтын, ешкімге тіл тигізбейтін, өзгелердің сырын білуді қаламайтын. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) сөйлеген кезде барлық сахабалар үнсіз қалып, бастарын иіп тыңдайтын. Көпшілік бір нәрсеге күлсе, ол тек күлімсіреп қоятын-ды. Егер бөтен біреу оған құрметсіздік жасап, дөрекі сөйлейтін болса, оны сабыр етіп, үнсіз тыңдайтын. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) өзін мақтағанды жақсы көрмейтін.

Біреу көрген жақсылығы үшін оған рақмет айтса, алғысын қабыл алады. Ол ешкімнің сөзін бөлмейтін еді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) өте жомарт, онымен жолдастық қарым-қатынаста болған жандар оған қатты таңырқайтын. Міне, көріп отырғанымыздай, екі дүниенің ардақтысы болған Пайғамбарымыз (с.ғ.с) осындай өнегелі мінез-құлыққа ие болған. Олай болса, біз де мінезіміздің жақсы болуы үшін Аллаға дұға етіп, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) мінезінен үлгі алайық,-деді бас имам.

Кеште наиб имам Райымбек Сағындықов “Мәуліт шариф” оқыды. Одан бөлек жиылған жамағат арасында сүбелі сөздер айтылып, өнегелі әңгімелер өрбіді. Рухани азық алып, ардақты пайғамбардың тағылымын бойына сіңірген жұртшылық та рухани кештен риза болып тарқасты.

Думан Мұратұлы,

Жылыой мұсылмандары орталық мешітінің наиб имамы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521