Үміт бар жерде — өмір бар

“Жаныңдамын” қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Атырау облыстық балалар ауруханасы базасында 15 ақпан – Халықаралық балалар обырына қарсы күрес күніне орай ерекше қайырымдылық іс-шарасы өтті.

img 0536

Жиынның басты мақсаты – онкологиялық дертпен күресіп жатқан балаларға моральдық қолдау көрсету, олардың бойына сенім мен үміт ұялату, сондай-ақ ата-аналарға рухани демеу беру болды.

img 0534

Жиынға Атырау облысы бойынша аурухана есебінде тұрған балалар мен олардың ата-аналары қатысты. Ашылу салтанатында облыстық балалар ауруханасының директоры Альмира Талапқызы сөз сөйлеп, кішкентай пациенттерге ақ тілегін білдірді. Ол мұндай игі бастамалардың балалардың сауығу жолындағы сенімін арттыруда маңызы зор екенін атап өтті.

img 0535

Сонымен қатар, Атырау қалалық мәслихатының депутаты, «Жаныңдамын» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Мейрамгүл Есниязова шараның маңыздылығына тоқталды.

— Бұл күн – тек күнтізбедегі дата емес. Бұл – әр баланың өмірі үшін күрес жүріп жатқанын еске салатын ерекше сәт. Біздің мақсатымыз – балаларға жалғыз емес екенін сезіндіру. Әрқайсысының жүрегінде үміт оты сөнбеуі тиіс. Біз олардың жанындамыз және әрқашан қолдауға дайынбыз, – деді ол.

img 0539

Кештің көркін жас волонтерлердің концерттік бағдарламасы аша түсті. Әсем әндер мен көңілді билер балаларға көтеріңкі көңіл күй сыйлап, аурухана қабырғасын шаттыққа бөледі. Сонымен қатар, балалар мен олардың аналары арт-терапияға қатысып, қиялдарын бояулар арқылы бейнеледі. Шығармашылық сәттер әр қатысушының жүрегіне жылу ұялатып, бір сәтке болса да уайымды ұмыттырды.

img 0538

Іс-шара соңында шағын дастархан жайылып, ата-аналар ұйымдастырушыларға алғыс білдірді. Жылы сөздер мен шынайы ризашылыққа толы бұл кездесу көпшіліктің жадында ұзақ сақталары анық.

А.ҚҰРМАШЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT