Өмір күйін шерткен жүректер

Тағы да шетелді мысалға келтірейік. Онда, жасыратыны жоқ, инклюзивті қоғамның әлдеқайда бір жолға қойылғанын көруге болады. Айталық, Еуропада, Скандинавия елдерінде, Швеция, Норвегияда 20-30 жылға алға кеткен. Тіпті көршілес Ресейдің өзі бұл мәселеге қатты мән беріп отыр. Ал біздің елде, өкінішке орай, дискринимация әлі де болса бар екені жасырын емес. Көп алысқа бармайық, мүмкіндігі шектеулі жандар мен ерекше балалардың проблемасымен тек аудандағы құзырлы орган мамандары ғана бас қатырып жататынын айтсақ та жеткілікті. Сондай мемлекеттік мекеменің бірі - аудандағы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі.

ОРНЫ БӨЛЕК ОРТАЛЫҚ

Онда жалғызбасты қарттар мен мүгедектерге әлеуметтік қызмет көрсету аумақтық орталығы бар. Біз жақында сол мекеменің тыныс- тіршілігімен танысып көрген едік. Ондағы орталықтың нұсқаушысы Гүлмира Наурызбаеваның айтуынша, онда үш бөлімше жұмыс жасайды.

Мүмкіндігі шектеулі балаларға үйде әлеуметтік қызмет көрсету бөлімшесінде 46 бала есепте тұр. Оларға 6 әлеуметтік қызметкер қызмет көрсетеді. Әрқайсысына 7-8 баладан бекітіліп берілген және бүлдіршіндерге 8 түрлі әлеуметтік қызмет көрсетіледі. Атап айтқанда, әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік- мәдени, әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік-құқықтық, әлеуметтік- еңбек. Ал күндізгі бөлімшеде мүмкіндігі шектеулі 16 бала бар. Оларға 3 тәрбиеші, 2 дефектолог, 1 психолог қызмет көрсетеді. Мамандар консультативтік-диагностикалық, психотерапиялық жеке коррекциялық жұмыстар жүргізеді, яғни мүмкіндігі шектеулі тұлғаның әлеуметтік бейімделуіне ықпал етеді. Әр тәрбиеші 5-6 баланы қамтиды.

Жалғызбасты қарттар мен мүгедектерге үйде қызмет көрсету бөлімшесі де қауырт жұмысқа толы. Онда 59 қария есепте тұр, оның біреуі – мүгедек. Мұндағы жұмыс жасайтын 6 әлеуметтік қызметкердің әрқайсысына 9-10 жалғызбасты жаннан бекітілген. Әлеуметтік қызметкер стандартқа сай 7 түрлі қызмет түрін көрсетіп отыр. Олар: әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік- психологиялық, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік-құқықтық, әлеуметтік-еңбек.

Аумақтық орталық тек әлеуметтік қызмет көрсетіп қана қоймайды. Мұнда демеуші мекемелер мен қайырымды жандардың көмегімен түрлі қолдау шаралары да ұйымдастырылып тұрады. Айталық, 1 наурыз – Алғыс айту күні мерекесіне орай «Алғыс айту – асыл қасиет» атты шара өткізілді. «Алғысым шексіз бәріңе», «Жомарт жандар» атты бейнетаспа көрсетілді. 7 наурыз күні «Теңіз жүрегі» еріктілер жобасы балалармен ашық хат жасады. 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күніне орай «Ана – өмір шуағы» атты шарада ана жайлы көңіл тебірентер бейнетаспа көрсетіліп, балаларға тәттілер таратылды.

Ұлыстың ұлы күні мерекесіне орай «Жаса, Наурыз!» атты мерекелік шара ұйымдастырылып, мүмкіндігі шектеулі жандар төс қағыстырып көрісіп, бір-біріне деген ыстық ықыласын білдірді. Бәсіре, аушадияр, сірге мөлдірету, т.б. ұмыт боп қалған дәстүрлер көрсетілді. «Арқан тарту», «Теңге алу» ойындары өтті. Ата-аналар мен балалар бауырсақ пен наурыз көжеден ауыз тиіп, көңілді тарқасты. 1 сәуір күні мешіт жамағаты орталықта есепте тұрған балаларға ораза айына байланысты ойыншықтар мен тәттілер таратса, «Шаңырақ» мейрамханасында 30 қартқа дастархан жайылды.

- Қазіргі таңда қаладағы төтенше жағдайға байланысты үйлері суға кеткен 16 баланың отбасына гуманитарлық көмек көрсетілді. Сонымен қатар, «Біз де адамбыз» қоғамдық қоры мен «Теңіз жүрегі» жобасы арқылы 2 балаға арба және 4 бүлдіршінге гигиеналық құралдар табысталды. 1 маусым - Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Балғын балалық» атты мерекелік шара өтті. 4 маусым - Рәміздер күніне орай «Рәміздер мақтанышым» деген тақырыппен Елтаңба, Әнұран, Туды насихаттау мақсатында Рәміздер алаңына саяхат жасалды. Бұдан басқа «Ертегілер еліне саяхат» тақырыбымен «Найзағай мысық пен сиқырлы үй» атты мульттайм ұйымдастырылды. Орталықтың бір күндік тынысы ұйымдастырылып, балаларға «Сиқырлы пішіндер», «Пішіндердің ғажайып әлемі», «Жолда жүру ережелері» туралы кеңінен түсінік берілді. Сондай-ақ, «Әкем, анам және мен» атты отбасылық спорттық шара ұйымастырылды. Онда қатысушылар «Сұңқар» және «Жігер» тобына бөлініп, жарыс қорытындысымен жеңімпаздар І және ІІ дәрежелі дипломмен марапатталып, орталық атынан сыйлықтар берілді. «Теңіз жүрегі» жобасының еріктілері орталықта тіркеуде тұрған қарттардың үйлеріне барып, ауласына тазалық жұмыстарын жүргізді. Риза болған қарттар еріктілерге бата беріп, алғыстарын жеткізді, - дейді орталықтың нұсқаушысы Гүлмира Наурызбаева.

Орталықта шетелдіктер де болып тұрады. Олар да қолдан келген көмегін аямайды екен. Айталық, голландиялық эрготерапевт маманы Лике Блом орталықта тіркеуде тұрған тірек-қимыл аппараты бұзылған балалармен және ата-аналармен кездесіп, бүлдіршіндерді қоғамға бейімдеуге арналған «үйдегі жақсару» бағдарламаларымен бөлісті.

ШЕТІНЕН СПОРТ ШЕБЕРІ

Мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдайтын, мұң-мұқтажын құзырлы органдарға жеткізіп тұратын ауданда қоғамдық бірлестік бар. Олар түрлі қайырымдылық іс-шараларын, спорттық сайыстар ұйымдастырып қана қоймайды, керек кезінде, қамкөңіл жандардың заңды құқығын да қорғай алады. Айталық, қоғам белсенділері мен қоғамдық бірлестіктің ұйтқы болуымен биыл «Каспий Нефть» мекемесі демеушілік көрсетіп, І топ мүгедегі Бақтылы Байзулдиеваға Құлсары қаласынан баспананың кілтін табыс етті.

-Қоғамдық бірлестік 1997 жылдан бері жұмыс жасап келеді. Негізгі мақсаты – мүгедектігі бар тұрғындармен тығыз байланыста болып, мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамға етене араласуына, шығармашылық қабілетін іске асыруына және өзін-өзі дамытуына жәрдемдесу, бойдағы қабілетін шыңдауына қолдау көрсету. Бүгінде қоғам мүмкіндігі шектеулі азаматтарды мейлінше қамқорлап, өздерін қоршаған ортада өзгелермен тең дәрежеде сезініп, кедергісіз өмір сүруіне қажетті жағдай жасауға жәрдемдеседі. Қазір бірлестікте 320 мүгедек тіркеуде тұр. Оның 125-сі – І топ, 75-і – ІІ топ, 30-ы –ІІІ топ, 90-ы – бала жастан мүгедек жандар,-дейді қоғамдық бірлестік төрағасы Амангелді Мыңжасаров.

Оның айтуынша, қоғам мүшелері салауатты өмір салтын ұстанады. Әсіресе, спортқа қатты мән береді. Айталық, қоғамның спортшылары аудандық, облыстық жарыстарға қатысып, республикалық паралимпиадаларға жолдамалар алып, жетістіктерге жетіп жүр. Аудан көлемінде жалпы саны 33 спортшы бар, 4 спортшы Қазақстан Республикасының спорт шебері болды.

Айталық, Алматы қаласында өткен еліміздің 6-шы жазғы паралимпиада ойындарында жүлделі орындарға ие болған І топ мүгедегі Айдана Әлиева 100 метрге және 200 метрге жүгіруден 1-орын, диск лақтырудан 3-орын, ал ІІІ топ мүгедегі Ерлан Есекенов диск лақтырудан 3-орын, найза лақтырудан 1-орын алып, рекорд жаңартты. Халықаралық спорт шебері атағын алды. Өскемен қаласында өткен ат спорты федерациясы кубогінің 7-ші Республикалық жарысының пара ат спортының тәртібімен ересектер арасынан ІІ топ мүгедегі Аманқос Төлешов 1-орын және ІІ топ мүгедегі Айсұлтан Дюсалиев 2-орынды иеленді. Атырау қаласында өткен ақпан айында мүмкіндігі шектеулі жандар арасында ҚР-ның чемпионатына шахмат, дойбы, тоғызқұмалақтан облыстық іріктеу жарысы өтті. Шахматтан Ыбырай Караеев, дойбыдан Аманжан Қожасейлов, тоғызқұмалақтан Амангелді Мыңжасаров, Күләш Ғалымжанова ҚР-ның чемпионатына жолдама алды. Наурыз айында мүмкіндігі шектеулі жандар арасында үстел теннисінен ҚР чемпионатына іріктеу жарысы өтті. Берекет Ақжігітов және Ақмөлдір Тлеуқұлова осы чемпионатқа жолдама алды. Ел чемпионатында үстел теннисінен жекелей турдан Б.Ақжігітов 2-орын, жұппен 1-орын иеленсе, А.Тлеуқұлова жекелей турдан 3-орын, жұппен 2-орынды жеңіп алып, ҚР чемпионатының спорт шебері атағын алды, - дейді А.Мыңжасаров.

Қоғамда өнерпаздар да жетерлік. Олар көптеген фестивальге қатысып, өз бойындағы талантын шыңдап жүр. Өткен қазан айында Құлсарыдағы мейрамханалардың қолдауымен «Қазыналы қарттарым» деген тақырыппен қоғам мүшелеріне дастархан жайылып, құрмет көрсетілді. Қоғам бірлестігінің ұйымдастыруымен Тәуелсіздік күніне орай тәуелсіздік құрбандарын еске алып, «Бабаларым аңсаған тәуелсіздік» атты мәдени шара өтті. Жергілікті жас ақын Қарлығаш Ұзақбайқызымен тәрбиелік маңызы зор шығармашылық кеш ұйымдастырылып, көрермен көңілінде игі әсер қалдырды. Әрине, мемлекет тарапынан қоғамның әлсіз топтарына қолдау көптеп көрсетіліп келеді. Сондай қолдаудың тағы бірі – жұмыспен қамту. Мәселен, «Мансап» орталығы ерекше жандарды қоғамдық жұмысқа қабылдап, арнайы квота бойынша аудандағы мекемелер арқылы жұмысқа орналасуына жәрдемдеседі. Бұл – адамның еңбекке деген ынтасы болса, оған мүгедектіктің кедергі бола алмайтынының айқын көрінісі. Ерекше жандар өздерінің шыдамдылығымен, мықты ерік- жігерінің арқасында алға ұмтылып, өмірден өз орнын табуға, өмірге деген құштарлығының арқасында мүмкіндігі шектеусіз екендігін дәлелдеп келеді.

Ж.ШАҢҚАНОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT