Әр адам өмірінде өз жолын таңдайды. Сол жолдың ең маңыздысы – мамандық. Мамандық – тек табыс көзі ғана емес, ол адамның қоғамдағы орны, абыройы және болашағы.
Менің өзім қалаған мамандығым энергетика саласы болғандықтан, 2017 жылы 9 сыныпты аяқтағаннан кейін, қаламыздағы Сафи Өтебаев атындағы Жылыой мұнай және газ технологиялық колледжіне «Электромонтер» мамандығына оқуға түсіп, колледжді 2020 жылы «Үздік Дипломмен» аяқтап шықтым. 9 сыныптан кейін техникалық білім алуға колледжге келген маған сол кездегі директоры Ибраев Марат Оразұлына, қазіргі директордың міндетін атқарушы Сарбалиева Маруся Шәмшіқызына, директордың өндірістік оқу жөніндегі орынбасары Кенжеғалиева Римма Қайраққалиқызына, өндірістік оқыту шебері Избасов Жарас Тулешұлына, аға шебер Бухиев Хазен Қоңырбайұлына және тағы басқа ұстаздарға үлкен алғысымды білдіремін. Одан кейін заман талабына сай білімімді жетілдіріп, жоғары оқу орнында оқып, «Электроэнергетика» мамандығы бойынша Техника және технологиялар Бакалавры дәрежесін алдым.
Таңдаған мамандығым бойынша алғаш дәріс берген оқу ордасы – С.Өтебаев атындағы Жылыой мұнай және газ технологиялық колледжіне «Өндірістік оқыту шебері» болып жұмысқа қабылданып, кәсіби жолымды өз саламда жалғастыру мүмкіндігіне ие болдым. Бүгінде арнайы пән оқытушысы лауазымында жас маман ретінде қызмет атқарудамын. Кешегі менің ұстаздарым, бүгінде әріптестерім. Жұмыс барысында білікті де білімді ұстаздарымның қасында өзіме үлкен тәжірибе жинақтап, өз салам бойынша әртүрлі форумдар мен сайыстарға қатысып келемін. Сонымен қоса, аудандағы қоғамдық жұмыстарға да спорттық сайыстарға да қатысып, белсенділік танытып, уақытты текке кетірмеуге тырысамын.
Менің таңдаған мамандығым энергетика саласы - қазіргі заманның тірегі. Президентіміздің 2025 жылғы қыркүйектегі Жолдауында Қазақстанның энергетика саласын дамытуға ерекше мән беріліп, жаңа электр қуаты көздерін қосу және энергия қауіпсіздігін арттыру жұмыстарының жалғасатыны айтылды. Электроэнергетика саласының трансформациясы мен тұрақты даму стратегиясы маңызды мемлекеттік басымдық ретінде белгіленді. Бүгінгі күні жарықсыз, электр жабдықтарынсыз бірде-бір өндіріс те, мекеме де, үй де жұмыс істей алмайды. Сондықтан электромонтер мамандығы – жауапты әрі сұранысқа ие кәсіптердің бірі. Бұл мамандық дәлдік пен тәртіпті, білім мен тәжірибені талап етеді. Электр жабдықтарын монтаждау, техникалық қызмет көрсету, ақауларды анықтау – барлығы үлкен жауапкершілікпен атқарылады. Себебі электр – қауіпсіздікпен тікелей байланысты сала.
Өзім қатарлы жастарға, кейінгі іні-қарындастарыма «Мамандық таңдау – адамның өмірлік бағытын айқындайтын маңызды шешім. Дұрыс таңдалған кәсіп адамға тек материалдық тұрақтылық емес, рухани қанағат, өз-өзіне деген сенім, қоғамға пайда тигізу мүмкіндігін береді. Өз ісін сүйіп атқарған жан әрдайым биік жетістіктерге жетеді. Өмірлік жолды дұрыс таңдау – жарқын болашақтың кепілі», - дер едім. Мен үшін болашақ – білімді, білікті мамандар тәрбиелеу. Студенттерге тек теория емес, тәжірибелік дағды беру – басты мақсатым. Қазіргі жастар заман талабына сай технологияларды меңгеріп, өз ісінің шебері болуы тиіс. Сонда ғана еліміздің өндірісі дамып, экономикасы нығаяды.
Рафхатов Фархат Ильнурович,
С.Өтебаев атындағы мұнай-газ технологиялық колледжінің Өндірістік оқыту шебері, арнайы пән оқытушысы,
ҚХА Атырау облысы «Ассамблея жастары» РҚБ-нің Жылыой ауданы бойынша көшбасшысы




