Мемлекеттік қызмет әдебі – қоғам сенімінің негізі

Қоғамдағы тұрақтылық пен әділеттіліктің кепілі – тиімді әрі адал мемлекеттік басқару. Осы орайда мемлекеттік қызметшілердің әдептілігі мен кәсібилігі мемлекеттік аппараттың беделін айқындайтын басты көрсеткіштің бірі саналады. Мемлекеттік қызметші – халыққа қызмет ететін тұлға. Сондықтан оның бойынан жоғары мәдениеттілік, жауапкершілік, сабырлылық пен әділдік секілді қасиеттер табылуы тиіс.

Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңына сәйкес, әрбір мемлекеттік қызметші Әдеп кодексін сақтауға міндетті. Бұл кодекс тек қызметтік тәртіп ережелері ғана емес, сонымен қатар қызметшінің моральдық бейнесіне қойылатын талаптардың жиынтығы. Онда мемлекеттік қызметшілердің мінез-құлқы, азаматтармен қарым-қатынасы, әріптестерімен өзара сыйластық қағидалары нақты көрсетілген.

Мемлекеттік қызметшінің әдебі тек сыртқы сыпайылық емес. Бұл – қоғам мен мемлекет алдындағы адалдық, шешім қабылдаудағы әділеттілік пен ашықтық, кез келген жағдайда заң мен мораль нормаларын ұстану. Әдеп қағидаларын сақтау – халықтың билікке деген сенімін нығайтып, қоғамда оң моральдық климат қалыптастырады.

Сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілер әлеуметтік желіде өзін қалай ұстайтынына дейін жауапкершілікпен қарауы тиіс. Бұл платформадағы әрекеттері де Әдеп кодексінің шеңберінен шықпауы керек. Себебі мемлекеттік қызметкер – қызметтен тыс уақытта да мемлекеттің айнасы.

Қазіргі таңда әр мемлекеттік органда әдеп жөніндегі уәкілдер қызмет атқарып, қызметшілерге кеңес беріп, құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған шараларды жүзеге асырып келеді. Бұл – әдеп талаптарының жүйелі түрде сақталуын қамтамасыз ететін маңызды тетік.

Мемлекеттік қызметтің абыройын арттыру әр қызметкердің жеке жауапкершілігі мен азаматтық ұстанымына байланысты. Әдеп жай ереже емес, бұл – халыққа адал қызмет етудің мәдениеті мен міндеті.

Е.ТАГАШОВ,

облыстық сауда және тұтынушылар құқықтарын

қорғау департаменті басшысының орынбасары

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT