«Мейірім төкші жүрекке»

Жүрекке жылу сыйлаған тағы бір тағылымды мәдени шара 23 желтоқсан күні «Кең Жылыой» мәдениет үйінде өтті.

«Мейірім төкші жүрекке» атауымен өткен мүмкіндігі шектеулі жандардың өздері дайындаған рухани-мәдени кеші аудан жұртшылығына ерекше әсер сыйлады. Шара барысында сахна төрінде тағдыр тауқыметіне мойымай, өнерді өздеріне серік еткен жандардың қатысуымен мазмұнды концерттік бағдарлама ұсынылып, әрбір өнер көрсетуші өмірге деген сүйіспеншілікті, үміт пен сенімді паш етті. Ән мен биден құралған мәдени шара көрермендерді бейжай қалдырмай, қоғамдағы жанашырлық, мейірім мен адамгершілік секілді асыл қасиеттердің маңызын тағы бір мәрте терең сезіндіргендей әсер қалдырды. Рухани кеш мүмкіндігі шектеулі жандардың шығармашылық әлеуетінің жоғары екенін дәлелдеп қана қоймай, олардың қоғам өміріне белсене араласып, өз орнын айқын таба алатынын көрсеткен әдемі кешке айналды. Мәдени шараның басты мақсаты мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамдағы орнын айқындап, олардың өнерін, еңбегін, қайсар рухын көпшілікке таныту, сондай-ақ өмірге деген сенімін нығайту, шығармашылық әлеуетіне қолдау көрсету болды. Сахна мерекеге сай безендіріліп, лед экранда тақырыптық бейнелер көрсетіліп, залдағыерекше жылы атмосфера фанфар үнімен басталды.

      Шара барысында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған әлеуметтік қолдау, қоғамдағы оң өзгерістер кеңінен айтылды. Бұрынғы жылдармен салыстырғанда өнерлі жандарға жасалып отырған қамқорлықтың ауқымы кеңейіп, олардың қоғамдық өмірге белсене араласуына жол ашылғаны атап өтілді.

 -Қоғамның дамуы тек экономикалық көрсеткіштермен өлшенбейді. Оның шынайы деңгейі мүмкіндігі шектеулі жандарға жанашырлық танытып, әрбір азаматтың мүмкіндігін ескеріп, тең жағдай жасауымен бағаланады. Осы тұрғыда мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғам өміріне белсенді араласуына қолдау көрсету баршамыздыңортақ міндетіміз деп білемін. Біздің Жылыой ауданы филиалы мүгедектігі бар жандардың қоғамы осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Қазіргі таңда бірлестік құрамында өнерге, спортқа, қолөнерге бейімі бар азаматтар мен азаматшалар аз емес. Олар түрлі байқаулар мен фестивальдерге қатысып, өздерінің қабілеттерін танытып, өзгелерге үлгі бола білуде. Бүгінгі жылды қорытындылау концертіміз, сол еңбектің нақты жемісі. Сахна төрінде өнер көрсеткен әрбір қатысушы жүрек түкпіріндегі сезімін, өмірге деген махаббатын көрерменге шынайы жеткізе алады.Осы орайда бізге әрдайым қолдау көрсетіп жүрген аудан басшылығына, мәдениет саласының қызметкерлеріне,барша демеушілерге және бүгінгі кештің жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан барлық азаматтарға шынайы алғысымды білдіремін. Осындай жанашыр жандардың арқасында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың үні естіліп, еңбегі еленіп келеді. Алдағы уақытта да бірлестігіміз өз жұмысын жалғастырып, мүгедектігі бар жандардың қоғамдағы белсенділігін арттыруға, олардың шығармашылық және әлеуметтік мүмкіндіктерін кеңейтуге күш салатын болады. Баршаңызға денсаулық, отбасыңызға амандық, еңбектеріңізге табыс тілеймін. Мейірім мен түсіністік ешқашан ортамыздан алыстамасын», - деді “Жылыой ауданы филиалы мүгедектігі бар жандардың қоғамы”қоғамдық бірлестігінің төрағасы Аманкелді Көздібайұлы.

       Тарихқа көз жүгіртсек, 1996 жылдың желтоқсан айында Қазақстан Республикасында Атырау облыстық мүгедектер қоғамының қоғамдық бірлестігі құрылып, 1997 жылы Жылыой аудандық филиалы өз жұмысын бастаған болатын. Бүгінде бұл ұйым аудан өмірінде өзіндік орны бар, белсенді қоғамдық құрылымға айналып отыр. Қазіргі таңда Жылыой аудандық мүгедектер қоғамының қатарында қолөнер шеберлері, өнерпаздар, спорт шеберлері бар. Олар түрлі облыстық, аудандық байқаулар мен фестивальдерге қатысып, аудан намысын абыроймен қорғап жүр.

Кештің салтанатты бөлігінде Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысының орынбасары Ақтоты Әбілхайрова құттықтау сөз сөйлеп, мүмкіндігі шектеулі жандардың табандылығы мен ерік-жігері баршаға үлгі екенін атап өтті. Ол мұндай шаралардың қоғам үшін маңызы зор екенін айтып, алдағы уақытта да қолдау жалғасатынын жеткізді.

       Өнерпаздардың сахнадағы шынайы орындауы, жүректен шыққан әндері мен ұлттық нақыштағы билері залға жиналған қауымның ыстық ықыласына бөленді. Надырхан Ерасылдың орындауындағы «Анашым-ай» әні аналарға деген сағыныш пен құрметті сездірсе, Күмісжан Саяттың «Таңғажайып» әні үміт пен сенімге толы көңіл күй сыйлады. Қазақтың ұлттық биі «Қаражорға» сахнаға ерекше сән беріп, көрерменді бір серпілтіп тастады. Ән мен биден құралған бағдарламада Айымхан Әуесбаева, Нұрболат Асқаров, Рысгүл Орысбаева, Ислам Жалғасбай, Мұратұлы Жұмахан, Әбдіралі Нұрбергенұлы Күміс Молдабекова, Еркін Сүйешов, Исламбек Арыстанов, Бейбарыс Сәндібекұлы, Жайнаргүл Баймешова, Рауан Кенжеғалиұлы, Фаризат Еңсегенова сынды өнерпаздар жүректен шыққан туындыларын тарту етті. Әсіресе «Анаға хат», «Бауыр керек» сынды әндер залдағы көрерменді бейжай қалдырмады.Шара барысында Жылыой өңіріне арналған әндер де орындалып, туған жерге деген сүйіспеншілік ерекше сезілді. Ал жаңа жылдық көңіл күй сыйлаған «Jingle Bells» әні кештің шырайын аша түсті. Концерт «Туған жер» әнімен қорытындыланып, көрермендер өнерпаздарды ұзақ қол соғып шығарып салды. Кеш соңында демеушілік танытып отырған жеке кәсіпкер Ғалым Каленов, «Артур» сауда үйінің балалар киімі бөлімінің меңгерушісі Алма Тұрабаева, «Тәй-тәй» балақай басшысы Құндыз Дилимбетова, «Мұсылман заттары» сауда дүкені басшысы Айгерім ханым және тағы да демеуші кәсіпкерлердің құттықтау лебіздерімен балаларға арнайы сыйлықтар мен марапаттар табысталды. «Гранд Холл» кафесінің иесі Сания Мамбетова кешке қатысқан барлық өнерпаздар мен ұйымдастырушыларды, арнайы қонаққа шақырып, дастарқан жайды. Бұл игі қадам кештің мәнін одан әрі тереңдете түсті. Жылы жүздесу, ақжарма әңгіме мен көтеріңкі көңіл күйге ұласқан мәдени кеш,шараға қатысушылардың жүрегінде ұзақ сақталары сөзсіз.

     «Мейірім төкші жүрекке» атты бұл мәдени шара адам бойындағы асыл қасиеттерді оятқан, жүрекке жылу сыйлаған, қоғамның бірлігін нығайтқан тағылымды кеш болды. Мұндай шаралар арқылы мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірге деген құлшынысы артып, олардың шығармашылығы мен еңбегі лайықты бағасын табары сөзсіз.

 

А.Ерденқызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT