Қасиетті Рамазан айының келуі барлық мұсылман қауымы үшін рухани жаңару, мейірім мен кешірім айы болып саналады. Бұл кезде адамдар жаман әдеттен тыйылып, жүректерін жақсылыққа бұрып, Аллаға жақындай түсуге тырысады. Осы орайда аудан тұрғындарына Рамазанның мәні мен ерекшелігін түсіндіру үшін ауданның бас имамы Думан Мұратұлымен сұхбаттасқан едік.

- Мұсылман қауымы үшін Рамазан айының орны қандай?
– Рамазан – мұсылман үмбеті үшін жылдың ең қасиетті әрі ерекше айы. Бұл ай барлық айлардың сұлтаны. Биылғы жылы Рамазан айы ақпан айының 19 жұлдызында басталып, 19 наурызында аяқталады. Жыл сайын асыға күтетін қасиетті айдың келуі барша мұсылман үшін зор қуаныш. Рамазан айында мүміндерге ерекше мол сауаптар беріледі. Бұл айда ұсталған ораза адамның тәнін ғана емес, жанын да тазартады. Адам баласы жаман істерден тыйылып, сабыр мен төзімділікке үйренеді. Осы ретте барша халқымызды Рамазан айының келуімен шын жүректен құттықтаймын.
– Рамазан айының ерекшелігі неде?
– Мұсылман жұрты үшін қасиетті айлардың орны ерекше. Атап айтсақ, Ережеп пен Шағбаннан кейін келетін берекелі Рамазан – рухани жаңару мен тазару айы. Бұл – жүректерге нұр құйылып, жан дүниеге тыныштық орнайтын ерекше кезең. Рамазан айының қадірін арттыратын екі ұлы ерекшелік бар. Біріншісі – адамзатқа тура жол нұсқаушы болған қасиетті Құранның осы айда түсуі. Екіншісі – исламның бес парызының бірі саналатын оразаның дәл осы айда парыз етілуі. Одан бөлек бұл айда мың айдан да қайырлы болған Қадір түні бар. Сол түнде жасалған әрбір игі іс пен шынайы дұға еселенген сауапқа кенеледі. Рамазан – сабырдың мектебі. Сабыр еткен жанның сыйы – жәннат. Бұл ай – мейірім мен кешірімге толы ай. Ауызашар берген жанға үлкен сауап жазылып, күнәларының кешірілуіне себеп болады. Ең кереметі – ауызашар берген адам ораза ұстаған жанның сауабындай сауап алады, алайда ораза ұстаушының сауабы еш кемімейді. Сондықтан әрбір мұсылман бұл айдың әр сәтін қадірлеп, уақытын игілікке арнауға тырысуы тиіс. Құлшылығын арттырып, жүрегін жұмсартып, иманын жаңғыртып, Жаратқанға жақындай түсу – Рамазанның шынайы мәні осында.
– Оразаның адам тәрбиесіндегі маңызы қандай?
– Алла Тағала оразаны пенденің нәпсісін тәрбиелеп, тақуалыққа жету үшін парыз етті. Қасиетті Құранда Құран Кәрім: «Ей, иман келтіргендер! Сендерге дейінгілерге парыз етілгендей, сендерге де ораза парыз етілді. Мүмкін тақуалыққа қол жеткізерсіңдер» (Бақара сүресі, 183 аят). Ораза – адамды тәртіпке, сабырға және жауапкершілікке үйрететін ұлы мектеп. Ауыз бекіткен жан тек ішіп-жеуден емес, жаман сөзден, теріс әрекеттен, харам атаулыдан өзін тыюға тырысады. Нәпсісін тежеп, жүрегін жұмсартады. Нәтижесінде рухани тұрғыдан кемелдене түседі.
– Пітір садақа мөлшері жөнінде не айтасыз?
– Пітір садақа – Рамазан айында берілетін міндетті садақа. Бұл – жан садақасы, бас амандығына берілетін сауапты іс. Биыл бір адамға белігіленген пітір садақа мөлшері - 735 теңге болып бекітілді. Бұл сома ұнның орташа нарықтық бағасына негізделіп есептелді. Материалдық жағдайы бар азаматтар пітір садақаны 2 келі мейіз немесе 4 келі құрма құнымен бергені абзал. Бұл сауапты арттырып, мұқтаж жандарға көбірек көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Пітір садақа Рамазан айының ішінде берілуі тиіс. Оны себепсіз кешіктіру немесе бермеу күнә саналады. Сондықтан әрбір мұсылман бұл міндетті жауапкершілікпен орындап, мұқтаждарға қуаныш сыйлауға асыққаны жөн.
– Підия туралы түсіндіріп өтсеңіз?
– Денсаулығына байланысты, қарттықтың әлсіздігі себепті немесе айықпас дертке шалдыққандықтан ораза ұстауға шамасы келмейтін жандар үшін дініміз жеңілдік қарастырған. Олар ұстай алмаған әрбір күннің орнына пидия береді. Биыл бір күннің підия мөлшері 4022 теңге болып белгіленді. Бұл – бір адамның орташа таңғы және кешкі асының құнына негізделген. Яғни, підия – мұқтаж жанды бір күн тамақтандыру арқылы орындалатын сауапты іс. Алайда материалдық жағдайы төмен, өзіне әрең жетіп отырған адамдарға підия беру міндет емес. Өйткені ислам діні ешкімге шамасынан тыс жүк артпайды, әрбір үкім адамның жағдайына қарай белгіленген.
– Зекет беру жайында не айтасыз?
– Рамазан айында жасалған әрбір ізгі амалға еселеп сауап жазылады. Сондықтан көпшілік осы айда зекет беруге тырысады. Зекет беру – дәулеті нисаб мөлшеріне жеткен мұсылманға парыз. Қазіргі есеп бойынша нисаб мөлшері шамамен 4 миллион теңгеге тең. Зекет арқылы адамның мал-дүниесі тазарады, берекесі артады. Құранда намаз оқу мен зекет беру қатар айтылған. Бұл – Исламдағы маңызы зор амалдардың бірі.
– Алдағы уақытта Рамазан айына байланысты қандай шаралар ұйымдастырылмақ?
– Биыл Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасы «Ислам және адал қоғам» тақырыбын жылдық бағдар етіп жариялап, ізгілік пен имандылыққа үндейтін ауқымды бастамаларды қолға алды. Бұл бағыт аясында қоғамда рухани құндылықтарды нығайту, жат ағымдардың алдын алу және діни сауаттылықты арттыру мақсатында жүйелі дәрістер мен кездесулер ұйымдастырылуда. Жамағатқа намаздың дұрыс орындалу тәртібі үйретіліп, теріс пиғылды ағымдардың зияны кеңінен түсіндірілуде. Рамазан – мейірім мен шапағат айы. Сондықтан бұл айда қайырымдылық шараларына айрықша мән берілмек. Бүгінде мешітімізде 500-ге жуық мұқтаж отбасы тіркелген. Алдағы уақытта кәсіпкерлер тарапынан қолдау көрсетілсе, игі істер ауқымы көбейіп, отбасыларға көмек қолын созуға мүмкіндік туады. Сонымен қатар мешітімізде Рамазан айының 29 күні бойы ауызашар дастарханы жайылып, жамағатқа ыстық ықылас пен береке дәмі ұсынылады. Қасиетті Құран оқылып, хатым түсіріліп, ел амандығы мен жұрт тыныштығы үшін дұға жасалады. Қасиетті айда сауапты іске үлес қосу жүрекке нұр, қоғамға береке сыйлайды. Барша жамағатты қайырымдылық пен ізгілік жолында бірлікте болуға шақырамыз.
– Қорытынды тілегіңіз?
– Рамазан – қайырымдылық пен құлшылық айы. Ата-анаңыздың батасын алыңыз, туыспен қарым-қатынасты нығайтыңыз, мұқтаж жандарға көмектесіңіз. Ғайбаттан, күнәлі істерден аулақ болыңыз. Құлшылыққа көбірек көңіл бөліп, күн сайын Құран оқуға дағдыланыңыз. Алла Тағала баршамызды осы қасиетті айдың берекесіне бөлеп, жасаған ғибадаттарымызды қабыл етсін. Елімізге амандық, жұртымызға тыныштық берсін!
– Сұхбатыңызға рақмет!
А.Мейрамбайқызы




