Мәжіліс депутаты Мақат ауданында болды

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Сәлімжан Нақпаев Мақат ауданында болды, деп хабарлайды ATPress.kz Makat tynysy сайтына сілтеме жасап.

Халық қалаулысы алдымен Доссор кентінде қоғамдық қабылдау өткізіп, тұрғындардың мұң-мұқтажына құлақ түрді.

Депутатқа аталмыш кенттің тұрғыны С.Исаков кентке перрон салу және зираттарды қоршау мәселесін жеткізді. Жалпы бұл екі мәселе де бұған дейін бірнеше рет көтерілген болатын. Аудан әкімі Ш.Кейкин: «Жалпы аудандағы он зиратты қоршауға жобалық сметалық құжаттама дайын тұр. Екі жылдан бері үш жүз миллионның үстінде қаражатты сұрап келе жатырмыз. Облыстық мәслихат депуттарына да осы мәселені құлаққағыс қылғанмын» деді.
Өз кезегінде сөз алған С.Нақпаев бұл мәселенің оң шешім табатынын, оған кент әкімінің қаржысы жетпесе, аудан деңгейінде жасалынуы қажеттігін айтып, бұл мәселені облыс әкіміне жеткізуге уәде берді.

"Тозығы жеткен қос кенттің де перрондары аталмыш кенттердің қақпасы іспетті. Сондықтан да келген жолаушылардың көзі ең бірінші осы жерге түсетіні жасырын емес. Облыс әкімі бұл мәселенің де оң шешімін қолдайтынын бұған дейін жеткізген",-деді аудан әкімі.

Кезекті мәселені көтерген Р.Үмбетова О.Шаримов көшесінен кенттің Құлсарыға шыға беріс бетіне салынып жатқан жаяу жүргіншілер жолының аяқсыз қалмауын сұрады.

"Себебі бұл маңда үй салып жатқан жастар өте көп. Атқарылып жатқан істерге ризамыз, соның айқын дәлелі жақында ғана іске қосылған айналма жол" деді ардагер ұстаз.

Ал, Доссор кентіндегі аналар кеңесінің төрайымы А.Қадырғалиева көп балалы аналарға көрсетілетін қолдауды арттырсақ дейді. Бұл ретте "жақсының жақсылығын айтқан" Ш.Кейкин "Доссормұнайгаз" мекемесінің көмегі аз еместігін тілге тиек етті. Аталмыш басқарма бір күнгі жалақысымен аналарымызға бірнеше рет үй алып берген еді.

Бүгінде өз белсенділігімен көзге түсіп жүрген алтын алқа иегері Э.Мусина қайтарымсыз берілетін гранттарды ауданымызға көптеп бөлуді қалайды.

"Біз алдымен түсінік жұмыстарын жақсылап жүргізуіміз керек. Қазір барлық мекеменің беті бері бұрылып келе жатыр. Талпынған адамға қолдау қашанда беріледі. Сондықтан бұл мүмкіншілікті жақсылап пайдалнуымыз керек",-деді халық қалаулысы.

Қоғамдық қабылдаудан кейін, мәжіліс депутаты “Доссормұнайгаз” бастауыш партия ұйымы мен Доссор селолық ауруханасының қызметкерлерімен кездесіп, елдегі орын алып жатқан жағдайларды талқылады. Сондай-ақ, Доссор теміржол вокзалына барып, осы жерге салынатын перронның жобасымен жақыннан танысып, ақсақалдардың ұсыныс-пікірін тыңдады.

Айта кетейік, Атырау облысындағы түйткілдері саралап, тұрғындармен кездесу мақсатында аймаққа Парламент Мәжілісінің депутаты С.Нақпаев, Д.Тұрғанов және Н.Ожаев келді. Олардың мұнайлы өңірдегі іссапары 25 ақпанға дейін жалғасады.

Әнуарбек САДЫҚОВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT