«Ембімұнайгаз» АҚ «Жылыоймұнайгаз» МГӨБ геология және мұнайгаз кен орнын игеру бөлімінің геологы, жылыойлық Гүлшара Байтаңатқызы Оңдашева Астана қаласында өткен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламент палаталарының бірлескен отырысында жарияланған Жолдауына қатысты.
Мұнай саласының мәртебелі қызметкері - Сенат пен Мәжіліс депутаттары, орталық мемлекеттік органдар басшылары, Ұлттық құрылтай мүшелері, қоғам өкілдерімен бірге Президент Жолдауын тыңдады. Ол барша қазақстандықтардың бойына сенім, алға жылжуына тың серпін берген саяси маңызды сәтке Атырау облысы халқы атынан куә болып, уәкіл ретінде барған жалғыз қатысушы.
- Қазір жаппай цифрландыру және жасанды интеллект дәуірі. Жолдаудың тақырыбы да осы мәселеге арналды. Бұл бағытта Президент маңызды стратегиялық мақсат қойып, Қазақстан үш жыл ішінде жаппай цифрлық ел болуы керек екенін атап айтты. Жаңашылдықтар өзім еңбек ететін салаға қатысты да айтылды. Президенттің геологиялық барлау жұмыстары мен жер қойнауын зерттеуді басты міндеттердің бірі ретінде атауы - геология саласына серпін беретін маңызды шешім. Еліміздегі геофизикалық зерттеулер ескіріп, қазіргі талапқа сай қайта қарауды қажет ететіні де айтылды.
Расында да, жаңа технологиялар мен цифрлық құралдары пайдалану арқылы заманауи геологиялық карталарды жасау болашақ кен орындарын ашуда шешуші рөл атқарады. Президент атап өткендей бұл салаға жасанды интеллекті енгізу мен халықаралық стандарттарға сай зертхана ашу – уақыт талабынан туындаған қадам. Аталған бастамалар еліміздің табиғи ресурстарын тиімді әрі жауапкершілікпен игеруге жол ашады. Бұл – ауқымды жұмыстардың бастауы. Жер қойнауын терең зерттеу кез-келген өндіріске тың серпін беріп, сала мамандарына үлкен жауапкершілік жүктейді, - дейді өз пікірінде Гүлшара Байтаңатқызы. Сонымен қатар, елорда төрінде өткен Жолдауға облыс бойынша уәкіл ретінде өзі қатысқанын үлкен толқыныспен айтады.
Шаттық Мұхтарқызы