Мамандығы – құтқарушы

Қай уақытта болсын, өрт сөндіруші мен құтқарушы мамандығы өмірде аса қажет.

Өйткені олар аса қымбат адам өмірін құтқарумен айналысады. Су тасқыны, өрт, апаттар, тіпті қарапайым тұрмыстық мәселелерде ең алдымен біз 101 немесе 112 нөмірін теріп, құтқарушылардан көмек сұраймыз. Қиындыққа қарамастан, олар зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсетуге асығады. Лаулаған оттың ортасына кіреді, апаттан адамды құтқарып, қатыгез қыстың аязы мен боранында адасып қалғандарға қол ұштарын созады.
Бұл ерлікке пара-пар әрекеттер- олардың жасайтын күнделікті жұмыстары. Алайда өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың өздері бұл ауыр да абыройлы жұмыстарымен жаһанға жар салып, мақтанбайды.
Батыл мамандар елдің кез-келген жеріне жедел көмекке келуге дайын. Адам өміріне қауіп төнген уақытта еш кідіруге болмайды. Міне, осындай мамандық иесінің бірі - Қапашев Асхат Асқарұлы. Ол қарапайым өрт сөндірушіден бөлімше командирі лауазымына дейін көтеріліп, еңбек етіп жүрген азаматтық қорғау старшинасы. Өзін ешқашан өрт сөндіруші боламын деп елестетіп көрмеген ол, бұл мамандық иесі атанғанына еш өкінбейді.

- Мен ешқашан өрт сөндіруші боламын деп ойламадым. Бірақ бұл салаға мені өмірдің өзі әкелді. Мен өзімді абыройлы мамандық иесімін деп санаймын. Сондықтан осы салада жүргеніме еш өкінбеймін, - дейді Асхат .

Қызметтік міндетін үлгілі атқарғаны үшін азаматтық қорғау старшинасы А.Қапашев «Өртке қарсы қызмет органдарындағы мінсіз қызметі үшін» ІІ-ІІІ дәрежелі медалімен, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігінің «Төтенше жағдайлар комитетіне -20 жыл» мерекелік медалімен, «Қазақстан Республикасы полициясына - 25 жыл», «Өртке қарсы қызметіне -100 жыл» медалімен, ҚР ІІМ ТЖК төрағасы В.Беккердің Алғыс хатымен марапатталды. Ұжымдастары арасында беделді, үлгілі маман.
Мамандығына деген адалдығы болар, 20 жыл бойы Жаңа Қаратон кентіндегі №9 Өрт сөндіру бөлімінде талмай қызмет етіп жүр. Бүгінде қырықтың қырқасына шыққан жігіт ағасы өзінен кейінгі жас мамандарға мол тәжірибесімен бөлісіп, ағалық ақылын айтып жүрген жайы бар. Отбасында Асхат жақсы әке, адал жар. Ол жары Айнагүлмен бірге 1 ұл, 3 қыз тәрбиелеп отырған бақытты отбасы.

Ж.Сүндетов,
Жаңа Қаратон кентіндегі
№9 ӨСБ бастығының міндетін уақытша атқарушы,
а/қ аға лейтенанты

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT