Махамбет баба туралы біз білмейтін деректер

Махамбет Өтемісұлы туралы бұқаралық ақпарат құралдарында ірілі-ұсақты, кейде біздің пікірімізше, «бір қайнауы ішінде» түрлі материалдар жарық көріп тұрады. Оған қоса, кей дастархан басында, не кездесулерде батыр бабамыз жөнінде маған сұрақ қоюшылар бар. Сондықтан оның мүрдесін қайта жерлеу жұмыстарына тікелей араласқан адам ретінде және қолда бар деректерге сүйеніп, төмендегі материалды оқырман қауымға ұсынамын.

Негізінде, ғасырдан астам уақыт бұрын иен далада жер қойнауына тапсырылған батырдың ешқандай белгісі, не ескерткіші, не моласы жоқ, керісінше, ешкім білмеуі үшін әдейі тегістеліп (үстінен қой да айдап) тасталған сүйегін бүгінгі ұрпаққа жеткізген бір адамның еңбегі тарихи зор маңызға ие деп білемін. Ол – Бектұрғанов Құрақ. Осы Құрақ Махамбет сүйегінің жатқан жерін белгілі ғалым Қажым Жұмалиев пен ақын Тайыр Жароковқа олардың қолқалауы бойынша апарып көрсеткен. Сонда қатысқан Есбол ауданының белгілі азаматы Құспан Еспосынов арқылы, 1966 жылы 8 шілде болуы керек, Ноэль Шаяхметов бастаған топ батырдың сүйегін қазып алғаны зерделі көпшілікке аян.

Қ.Бектұрғанов сол сүйекті Ноэль кері қайтармай, «жертөледе сақтағанына» ренжіп ҚазақССРы Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы И.Әбдікәрімовке батыр баба сүйегін еліне жеткізу жөнінде хат жазады. Ол хатына сүйек Атырау қалалық ішкі істер бөліміне жіберілгендігі туралы жауап алады. Содан Құрақ Гурьевке әдейі сүйекті алып келуге жол тартқан. Бірақ Гурьевте сүйекті жеке адамның алып кетуіне болмайтындығын, тиісті орындардың ресми рұхсаты қажеттігін түсіндіріп, бермеген екен.

Бұдан бұрын екі рет (1968 және 1971 ж.ж) Ноэльден батыр баба сүйегін алып келу үшін баласы Амангелдіні Алматыға жиналысқа баратын бір топқа қостырып жіберткізген. Ноэль Калинин көшесі, 119 үй, 6 пәтерде тұрған. Бірінде Ноэльдің әйелі мен қызы «өзі ауылда жоқ» деп есік ашпаған екен. Құрақ Махамбеттің сүйегі жеті жыл осы жертөлесінде (подвалында) жатты деп есептеген. Бірақ қаладағы көппәтерлі үйлердің астында әр пәтердің сенімді қоймалары болды дегенге де сену қиын. Екіншіден, Ноэльді ол сүйекті қадірлемеді, елге әкелмей подвалға салып тастады деп кінәлауға да болмайды деп санаймын. Себебі Ноэль қадірлемейтін болса, әу баста белгілі академик-археолог Сайыс Бамұхановтың жұмсауымен Қараойға барып сүйекті қазып алмас та еді. Ол ғалым адам, ақылсыз деуге жатпайды. Оның үстіне Ноэль Қазақстан Компартиясын Д.Қонаевтан бұрын басқарған, қателеспесем, жалғыз және алғашқы қазақ Ж.Шаяхметовтың ұлы (кей жерде немересі деп те жазады) емес пе! Текті тәрбиелі адам ғой.

Қалай десек те, Махамбет бабамыздың сүйегін елімізге жеткізу жұмыстарында Қ.Бектұрғановтың еңбегі елеулі-ақ. Әкесі Дінмұхамбеттің аманатын ақтай алмадым деп өкінуі, Махамбет жатқан жерге белгі, ескерткіш салыну орнына, көмілген сүйектерін де қазып алып кетіп, ақырында оның көрінің де бос қалғанына қиналып жылдар бойы уайымдауы, мұны қалпына келтіру үшін қолынан келгенінің бәрін де жасағаны үлкен жүректі азаматтың ғана қылығы. Сондықтан Атырау қаласындағы Исатай-Махамбет алаңына тірелетін, не Махамбет көшесімен қиылысатын бір көшеге Құрақ Бектұрғанов атын берсе артық болмас еді.

Белгілі ғылым докторы, профессор, Алматыда тұратын, 90 жасқа шыққанын ғылыми орта атап өткен филолог Бабанияз Әбілқасымов Орынбор мұрағатынан бір құжатқа тап болады. Бұл көтерілісті жаншыған полковник Геккенің рапорты екен. Сол құжатта Исатайдың дәптерге карандашпен арабша Асау Барақұлына «Ақбұлаққа пәлен күні барамыз, сонда келерсің» деген жазған хаты екен. Қалай болғанда да, осы хат Геккенің қолына түсіп, оның отряды ол жерге екі күні бұрын 10 шілдеде барып Исатайларды қарулы отрядпен күтіп алған екен. Исатайды екі орыс, екі қазақ жабылып, сауытынан оқ өтпегесін, әуелі атын атқан, жаяу жүріп те бірнеше қарсыласын өлтіргесін, оны арт жағынан бір қазақ құрық лақтырып жығып, жалаң тамағынан атып өлтірген делінеді рапортта. Бұл төртеуіне 125 сомнан сый төленген ( егер тірі ұстаса – 1000 сом тігілген екен).

Әнес Сарайдың 1997 жылы шыққан «Исатай мен Махамбет» кітабында, Орал әскерінің атаманы генерал В.О.Покатилоның рапорты т.б тарихи деректерді зерттеген Бабаш ағамыздың тың болжамдары жазылған құжат Исатай аудандық «Нарын таңы» газетінің 4.08.2007 жылғы №31 санында бар.

Махамбеттің басын қашан, кім, қалай әкеліп денесіне қосқаны туралы түрлі пікірлер бар, қайшылықтар да жоқ емес. Қолынан келетін бір ғалым азамат осыны нақты дәлелдеп, халыққа айқындап беруі қажет-ау. Мен жазушы да, ғалым да емеспін, бәлкім бұл туралы нақты деректер бар да болар.

Мен Индерде он жылдың үстінде аудандық партия комитетінің екінші хатшысы ретінде идеология мәселелеріне басшылық жасадым. Сонда ең әуелі Махамбет бабаның сүйегін өз қабіріне қайта жерлеуді ұйымдастырғанымызды әрқашан мақтан тұтамын.

Негізінде қайта жерленбестен бұрын, Махамбет сүйегі соңғы жылдарда белгілі ғалым Шаяхметов Ноэльден алынып, ішкі істер органдарында «до особого распоряжения» делініп сенімді сейфте сақталған екен. Бабамыздың сүйегіне тиісті қамқорлық жасалмай, «пәлен жыл подвалда жатты, біреудің гаражында жатты» деген жоғарыдағыдай әңгімелер де болмай қалған жоқ . Одан өз топырағына тапсыру туралы мәселе нақты шешілгеннен кейін біз өзіміздің аудандық ішкі істер бөліміне алдырғанбыз. Сүйекті Гурьевтегі өзі атындағы театр алаңында, Индерборда, Алматыда жерлеу туралы ұсақ әңгімелер де болғанын жасырмаймын. Алдыңғы түні 3-4 адам көріп, түгендеп, рәсімдеп қойғанбыз. Қайта жерлеу жұмыстарын ұйымдастыратын комиссияға аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары М.Ахметова басшы болды. Махамбет қабірінің үстіндегі қойған тасын (әлі бар) көтеріп, қабір қайта қазылды, түгел ішіне тас қаланып цементтелді. Жәндік, не айналадағы ауыл малдарынан, ит-құстан сақтау үшін кеште беті бүркемеленіп, айналасы уақытша қоршалып қойылды. Бұл жұмыстарға рудник басшыларының бірі Ж.Сармұханов көп еңбек сіңіріп еді. Махамбеттің кәзіргі мазарын салуда Индер ауданы әкімі болған марқұм Д.Төленовтың еңбегі ерекше . Ол: «қаражат жоқ, заманның өлара кезінде материалы, басқа да қажеттер үшін тірілей түйелер беріп салдырттық қой»,- деп айтып отыратын еді.

Жерленетін күні күн шуақты болды, бірақ сүйек салынбастан бұрын бір шөкім бұлт қана келіп, сәл себелеп жаңбыр жауып өтті. Мұны жиналған халық бабаның қабіріне нұр төгілді және сол рәсімді өткізуге «жоғарыдан» ризашылық білдіргені деп әңгімеледі.

Белгілі ғалым Хайыржан Абисатовтың жазбаларында көп деректер келтірілген, сол шараның ішінде басқарып жүрген біздердің қатерімізден шығып кеткен біраз мәселе айтылыпты. Хайыржан баба сүйегін қазуға да, қайта жерлеуге де қатынасқан ғалым ғой. Бірен-саран кісі аттарындағы дәлсіздіктер айтылған материалдарға сызат түсірмесі хақ. Бек рахмет дейміз рухына. Сол мақала кәзір құнды тарихи дерекке айналып отыр.

Негізінен бабамыздың сүйектері саусақтардың бір-ер буындарынан басқасы түгенделіп орнына салынды. Бір жамбас сүйегі көпіршіктеніп (уақ тесіктеніп) қалыңдаған. Мұның себебін Хайрекең жазды. Біздер оны кезінде сүйектен түскен құрт, не қатерлі ісіктің салдары шығар деп ойлағанбыз. Қақ төбесі айбалтамен сыналап шауып ойылған, сол сына сүйек те жоқ. Ал бір жақ сүйегі астынан жонылып түскен. Басын кеспек үшін желкеден ұрған айбалта жағын «жалап» кеткен сыңайлы.

Сол бас сүйегі арқылы жасалған бабаның ең алғашқы бейнесін марқұм Хамит Ерғалиев майлы бояумен салдыртып, Махамбеттің 175 жылдық мерейтойында Махамбет театрында өткен облыстық салтанатқа тапсырып еді. Сол портрет Махамбеттің кейінгі суреттеріне нағыз үлгі түпнұсқа болуға тиісті деп білемін.

Хамаңның сондағы «Тарих батырлық пен ақындықты қатар игерген, мысалы Тычина, Неруда сияқты, санаулы ғана бейнелерді біледі. Бірақ олардың ішінде тек Махамбет қана жырын суырып жауының көзіне айтқан, басқалары ойын жазып, сырттай жеткізген. Сондықтан да Махамбет тұлғасы тарихта жалғыз да дара» дегені есімнен кетпейді.

Сүйекті қайта жерлеу рәсімінде қабір басында «1966 жылы Махамбет мүрдесі қазып алынып 15.05.1983 жылы қайта жерленді. Бұнда ескерткіштер комплексі салынады» деп мәрмәрдан ойылған тақта орнаттық. Мұны жұртшылық аудан басшылығының баба рухына берген уәдесі ретінде қабылдады.

Мазардың эскизіне конкурс жарияланды, онда облархитектор Ю.Корнейконың жобасы жеңімпаз атанып, макеті Махамбет атындағы аудандық тарихи өлкетану мұражайына қойылды. Ол кәзіргі ескерткіштен күрделілеу және мазмұндырақ еді.

Сол кездегі қатал да сантүрлі кедергілерге қарамастан кесенеге қаржы жинау үшін ауданда бұрын практикада жоқ «Махамбет қорын» аштық. Түрлі сенбіліктер өткізіп, көптеген ұжымдар өз шешімдерімен бір күндік жалақыларын осы қорға аударды. Сөйтіп 1988 жылы 20 мың сомнан астам (ол қазіргі миллиондармен шамалас) ақша жиналып еді. Қабірден 150 метрдей Қаройға таман жерге Махамбет мұражайының көшпелі экспозицияларына арнап тұрақты павильон орнаттық. Әлі тұр. Бұл сұраныспен Алматыдағы «Сауда жабдықтары» зауыты шығарған алты қанатты темір «киіз үй». Облыстық сауда басқармасының бастығы марқұм Б.Қаленов ағамыздың қолдауымен, Индер руднигі басшысы Х.Байбосынов біржолғы көмектерін жасады. Бұл «киіз үй» Қаройдағы Махамбеттің басы шабылатын қараша үйді де сипаттайды.

Ауданымыздағы түрлі мекеме басшыларының (Н.Қонасов, Б.С.Паличев, М.Бақтығалиев т.б) қолдауымен оның айналасына және зиратымен екі ортаға асфальт төселді. Екі жағына ағаш отырғызылып, бәрінің сыртына темір қоршау жасалды. Шетіне суымен цистерна қойылып, тағзым етуге келгендер ол ағаштарды суарып тұрды, соның арқасында талдың барлығы да өсіп шыққан еді. Өкінішке орай бүгінде ол ағаштар қурап таусылған деуге болады. Көктаудан Малайсарыға дейін автогрейдермен жол тартып қойылды, қажет жерге баба басына сілтейтін жол көрсеткіштері қағылды. Жерлестігімізді пайдаланып сол кездегі республиканың Жергілікті өнеркәсіп министрі марқұм Ғ.Мырзағалиев арқылы Өнеркәсіп-құрылыс материалдары министрі C.Парымбетовпен кездесуге кол жеткіздік, оның рұқсатымен «Казмрамордан» Махамбет ескерткішіне қажет 200 шаршы метр мрамор алатын болдық. Сол кезде «Отырар» қонақ үйінің директоры, дипломат, өзіміздің Қайрат Исағалиевтың машинасымен Бурундайдағы карьерге барып, түсін т.б мәселелерін шешіп қайтқанбыз. Ауылға келгесін Бурундайға тікелей машинамен райкомхоз Қ.Жұмағалиев ағамызды жіберіп алдырдық.

Аудан қаламгерлерінің және ақындардың қаламын ұштау мақсатымен батыр баба атындағы жүлделер тағайындап, жыл сайын Махамбет поэзиясы күндері, айтыс, мүшайралар өткізіліп тұрды. Арнайы «Отырар сазы» оркестрі ауданымызға келді. Махамбеттің жырларын оқып, шабыттанып жазылған Нұрғисаның «Махамбет» поэмасы оркестрдің орындауында қасиетті бабаның қабірі басында, белгілі Қаройдың жағасында шалқығанда бүкіл тыңдарман қауым тарих тұңғиығына шомып, тебіренген еді. Марқұм Нұрағаң дирижер таяқшасын тастап, орамалымен көзін қайта-қайта сүртумен болды, оркестр поэманың жартысын дирижерсіз өзі ойнап шықты. Құдіретті Махаң мен дарынды Нұрағаң арасындағы тылсым үндестік деген осы шығар деп ойладық. Махамбет жырларын түрлі керемет мақамдармен айтуға ауданымыздағы белгілі ұстаз, марқұм Қ.Қаюпов әбден машықтанып алған-ды. Кейін облыстағы Махамбет атындағы сыйлықтың лауреаты болды. Гурьевтегі аудан күндерінің бірінде, кезіндегі жалғыз базар ортасына кузовтардан жасалған сахнада Кенжекең көпшіліктің сұрауына орай екі сағат бойы Махамбет жырларын айтып беріп еді. Сонда халық базарға сыймай кетті. Бүгінде махамбет жырларын Кенжекең жырлайтын дарындар керек-ақ.

Ал еркін күрестен жасөспірімдер арасында Махамбет жүлдесі үшін сайыс ұйымдастырып тұрдық. Мұнда марқұм С.Азербаевтың еңбегі өте зор. Жарысқа республика көлемінен ғана емес Астрахан, Красноводск қалаларынан командалар қатысуы оның мәртебесін халықаралық дәрежеге жеткізіп жүрді. Ж айықты жағалай әр жерде түрлі тас мүсіндер болды, оларды Алматылық мамандар Индердің тастарынан қашап жасап еді. Сол тастарды Көктаудан өзіміз кестіріп, Гурьевке жіберуге біраз көмегіміз тиген. Соның ақысына Алматыдан Махамбеттің тас кеуде мүсінін әншейін жасатқанбыз, бірақ оны дулығасыз жасап әкелген екен. Дулығамен қайта жасатып, оны типтік жобамен жаңа салынған Махамбет атындағы орта мектептің ауласына орнаттық. Ғажап, мұның да басы кеудесінен бөлек жасалуы бір тылсым. Кезінде жалғыз әйелі Типан батырдың кеудесін жабатын (басы болмады ғой) тақтай таба алмай, киіз үйдің бір сықырлауығымен жауып жерленген қайран Махамбетке садақа да берілмегені хақ. Сондықтан мүрдесі қабіріне қайта жерленген күні Жамбыл атындағы кеңшар (директоры М.Бақтығалиев) жерлеу рәсіміне қатысқан бүкіл халыққа баба рухына арнап ас беріп, құран оқылды. Кезінде Ғалымжан Жақиянов бастаған Семей облысы осыдан ширек ғасыр бұрын Абайдың мерейтойын қандай масштабта өткізді десеңізші! Ас-та төк той демегеннің өзінде, біздің Семейдің кем соғар ретіміз тіпті жоқ. Басқаны тереңдеп айтпай-ақ қоялық, мысалы, Жарсуаттан ба, Индерден бе, Көктаудан ба кесенеге дейін асфальт жол керек-ақ. Ең болмағанда, Көктаудан әрі қарай 20 км. жол төселсе жарар еді. Махамбет сүйегін қазуға қатысқандардың бірі Ж.Бахитов ағамыз болды. Оның көрген білгендерін кезінде қадеге асыруға болатын еді. Бұл азаматта Ноэльдың Махамбет туралы алғашқы ғылыми кітабы бар, соны көбейтіп қайта бастырса көпшілікке де пайдасы тиер еді. Сүйекті қазып алуға одан басқа Қ.Төленбаев, Ноэльдің өзі, Қ.Әбисатовтар да қатысқан. Нақты сілтеме, жорамал және нар тәуекел қабыл болып, мүрденің бас сүйегі өзінің кеудесінде жатқан боп шығыпты, яғни бұл қазба дәл Махамбеттің сүйегі екені айдан анық дәлелденген.

«Махамбет қорына» бір белгілі, беделді, қолынан іс келетін адамды қойып тұрақты жұмыс жасатса деймін. Соңғы кезде қорға қанша ақша түсірді екен, меніңше, көк тиын да түспеген болар, тіпті қордың өзі бар жоғы да белгісіз. Жасауға болатын, бұрын тиісті дәрежеде өткізіліп тұрған шараларды неге жалғастырмаймыз? Аруақты да айбарлы Махамбеттің, дара да дана Махамбеттің, күйші де ғажап ақын Махамбеттің тұлғасынан бүгінгі ұрпақтың алар тағлымы неғұрлым мол болсын, ағайын. Соған жұмыстанайық!

Қатимолла Ризуанов,

мемлекеттік қызмет ардагері

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521