Соңғы жылдары елімізде құмар ойындарға тәуелді азаматтар саны артып келеді. Букмекерлік кеңселер мен онлайн казиноның көбеюі, жарнаманың ашық жүргізілуі қоғамда жаңа бір әлеуметтік мәселеге жол ашты. Мамандар бұл құбылысты лудомания деп атап, оны психологиялық ауру ретінде қарастырады. Лудомания – адамның құмар ойындарға бақылаусыз әуестенуі. Мұндай тәуелділікке шалдыққан адам ұтылса да, ойынды жалғастыра береді. Себебі басты мақсат – ақша емес, адреналин мен уақытша эмоциялық қанағат. Психологтардың айтуынша, лудомания алкоголь мен есірткіге тәуелділікпен бір деңгейде қауіпті. Мамандардың пікірінше, лудомания көбіне әлеуметтік және психологиялық қиындықтардан туындайды. Жұмыссыздық, қаржылық қысым, отбасындағы түсініспеушілік, сондай-ақ «жеңіл жолмен байып кету» туралы жалған үміт адамды құмар ойынға итермелейді. Әсіресе, жастар арасында онлайн ставкалар мен виртуалды ойындарға тәуелділік жиі кездеседі. Құмар ойынның салдары ауыр. Көптеген азаматтар қарызға батып, банктер мен таныстарынан ақша сұрауға мәжбүр болады. Отбасылық жанжалдар, ажырасулар, психологиялық күйзеліс – лудоманияның жиі кездесетін зардаптары. Кей жағдайларда бұл дерт адамның өмірге деген сенімін жойып, қайғылы жағдайларға әкеліп соқтырады. Дәрігерлер лудоманиямен күресуде ең маңызды қадам – мәселені мойындау екенін айтады. Уақытында психолог немесе психотерапевтке жүгіну, жақындарының қолдауы тәуелділіктен арылуға көмектеседі. Сонымен қатар, қоғамда құмар ойындардың зияны туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет.
Диана ІЗБАСАРҚЫЗЫ



