Соңғы жылдары көңілді көтерерлік үрдіс басталды. Ұлттық киімдеріміз ұлығыланып, қайтадан сәнге айналуда. Себебі, заманауиланған ұлттық киімдеріміз жастардың да жүрегін жаулап, қоғам ішінде кеңінен тарауда. Стилистердің де зор еңбегін бағалап өткен жөн шығар.
Мұны байқаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда:
-Наурызнамадағы «Ұлттық киім күні» қоғамның зор қолдауына ие болды. Ұлттық киімдерге деген қызығушылық арта түсті. Мектептерде, түрлі мекемелерде, сондай-ақ, ірі компанияларда ұлттық киімге мән беріле бастады. Сұранысқа сай тігін цехтары ашылып, жаңа брендтер, дүкендер пайда болды. Осылайша, ұлттық киім кию біртіндеп қалыпты көрініске айналып келеді. Бұл – өте жақсы үрдіс,-деді өз сөзінде.
Иә, шынында, ұлттық киімді негізгі формаға айналдырған білім ордалары жетерлік. Сол бастаманы барлық мектеп қолға алар болса, нұр үстіне нұр болар еді. Себебі, әр ұлтты өзгелерден ерекшелейтін тілі, ділі, діні және киім үлгісі. Сондықтан, атадан қалған осы асыл қазыналарымызды заманға сай жаңғыртып, сөз жүзінде ғана мақтаныш тұтпай, іс жүзінде де дәлелдеуіміз қажет.
Мария Сағынбайқызы,
ұстаз
Жылыой ауданы