Өткен аптада «AMANAT» партиясы аудандық филиалының бекітілген кестесіне сәйкес ауданымыздағы сауда орындарындағы азық-түлік бағасына мониторинг жасалды.
Мониторингті аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімінің бас маманы А.Мейрамбаев, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Е.Нұрланов, қоғам белсендісі Б.Өтегенова және партиялық бақылау комиссия мүшелерінен құралған топ жүргізді.
Қаламыздағы орталық базардан бөлек, «Лидер» «Ярмарка» супермакеттеріне де тұрғындар жиі барады. Аталған дүкендерде кейбір тағам өнімдерінің бағасында базардағы бағаға қарағанда өзгешелік бар. Өйткені «Лидер» т.б азық-түлік дүкендерінде "Атырау" әлеуметтік-кəсіпкерлік корпорациясы тұрақтандыру қорының әлеуметтік маңызды тауарлары сатылуда. Қазіргі таңда шекті бағадан төмен бірінші сұрыпты нанды «Атырау Сауда» ЖШС 110 теңгеден, «Керемет» кулинариясында 100 теңгеден, «Даулет нан» дүкенінде аптасына 2 рет 90 теңгеден және «Лидер» сауда орталығында тұрақтандыру қоры арқылы бөлінетін нан бағасы 106 теңгеден сатылуда.
Сонымен қатар, ағымдағы жылдың маусым айында Атырау облысы кәсіпкерлік және туризм басқармасының ұйымдастыруымен Жылыой ауданына 12 тонна қант 495 тенгеден кәсіпкерлерге жеткізілді. Жеткізілген қант өнімі аудан бойынша 130 азық-түлік дүкендеріне сатылды. Қазіргі таңда аудан бойынша сақтау қорларында 18 тоннадан астам қант бар. Атырау облысы кәсіпкерлік және туризм басқармасына қосымша 68 тонна көлемінде қант алдыруға ұсыныс берілді.
Айта кету керек, ауданымызда азық-түлік бағаларын тұрақты ұстау, негізсіз өсірмеу және азық-түлік өнімдерінің қорларын қамтамасыз ету мақсатында 40 шаруа қожалығымен және 8 жеке кәсіпкермен меморандум жасақталды. Шаруа қожалықтарының өнімдерін халыққа базар бағасынан 10-15% төмен бағамен ұсыну мақсатында ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері тұрақты түрде әр аптаның сенбі күндері өткізіліп келеді. Міне, осы ақпараттар мониторнг кезінде айтылды. Бұл шаралардың бағаны тұрақтандыруға сәл де болса ықпал ететіні даусыз.
А.МОЛДАШЕВ