«Кең Жылыой» мәдениет үйінде Құлсары қаласының Бас жоспарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жобасын талқылауға арналған жиналыс өтті. Оған Атырау облысы сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Гүлбаршын Арыстанова мен аудан әкімінің орынбасары Жантөре Рашев, қоғамның белсенді азаматтары, тұрғындар қатысты.
Алдымен сөз кезегін алған Гүлбаршын Арыстанова:
«Бас жоспар 2013 жылы әзірленіп, бекітілген болатын. Биылғы жылы аудандық әкімдіктің ұсынысымен Бас жоспарға өзгерістер, толықтырулар енгізу керек болды. Сол бойынша жұмыстар мамыр айында басталды. Мердігер мекеме «АТС ГРАД» ЖШС жобалау жұмыстарын атқарып жатыр. Бас жоспарды нормативке сай мекеменің бас архитекторы Қасиет Тәшімбетов түсіндіріп береді», - деді өз сөзінде.
Қ.Тәшімбетов жиналысқа қатысушыларға слайд, схема арқылы бас жоспардағы қаланың қалыптасқан жағдайы туралы егжей-тегжейлі түсіндірді. Ол қала аумағында орналасқан газ және су құбырлары мен мұнай құбырлары өтетін жерлерді де атап өтті. Болашақта салынатын ғимараттардың нақты қай жерде екенін де көрсетті. Осылайша, алдағы уақытта Құлсары қаласының шығыс жаққа қарай кеңейіп, дамитынын айтты.
Аудандық мәслихат депутаты С.Кенжеғалиев өз пікірін білдірді.
«Осы даму қарқыны жақсы. Тек қаланың келешегі жоғары қысымды газ құбыры өтетін жер - шығысқа емес, батысқа қарай дамыса жақсы болар еді», - деді.
Содан соң тұрғындар пікірлерін ортаға салып, талқылады.
Қала тұрғыны И.Шаукеров:
«Құлсарының экологиясы нашар. Жел, шаң және топырақ борайды. Көгалдандыру жұмыстары жүру керек деп ойлаймын. Себебі қала жасылданбаса, салған жобалардың ешқайсысының халыққа пайдасы жоқ», - дейді.
Тағы бір тұрғын:- Қалада саябақ аз, бір саябақтың іші тұрғындарға тарлық ететінін айтты. Сонымен қатар Қамыскөлдің айналасына көпқабатты үйлер тұрғызылса деген ұсынысы мен орталықтағы ескі үйлер бұзылып, тасжолды кеңейтсе, - деді.
Архитектор мамандар келесі айда да қаланың келешек Бас жоспары жобасына қатысты талқылау болатынын айтты. Сол кезде ықшамаудандар туралы, қай жерге тасжолдар салынатыны туралы да тұрғындармен пікір алмаспақ .
Ж.ШАҢҚАНОВА