Қылмыстық процестің үш буынды моделі

Қылмыстық процестің үш буынды моделі дегеніміз не және енгізіліп отырған жаңалықтың мәні қандай? Ендігі өзгерістер қандай болмақ?

Бұл сұрақтарымызға Атырау облысы Жылыой ауданының прокуроры аға әділет кеңесшісі Медетбеков Даурен Түзелбекұлы жауап берді.

- Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша енгізілген қылмыстық процестің үш буынды моделі дегеніміз не? Осы тұрғыда айтып берсеңіз. 2020 жылдың 1 қыркүйегінде Мемлекет басшысы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында адам құқықтарын қорғауға бірден-бір жауапты – полиция, прокуратура мен сот өкілеттіліктерінің аражігін нақты ажыратып беретін үш буынды модель құруды тапсырды. «Бізге азаматтардың құқығын заманауи тұрғыдан қорғауды қамтамасыз ететін және жоғары халықаралық талаптарға жауап беретін үлгі керек», - деп негізгі бағыт-бағдарды да айқындап берді.

Осылайша, үш буынды модель қылмыстық процеске полиция, прокуратура және сот секілді үш буын жауап береді. Үш буынды модельдің басты басымдығы азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау болып табылатындықтан, ол құқық қорғау органдарына сенім мәселесіндегі кезекті қадам болады.

- Қылмыстық процестің жаңа моделі неліктен үш буынды деп аталады?

- Себебі, қылмыстық процестің бұл жаңа моделі полиция, прокурор және сот арасындағы өкілеттіктердің аражігін нақты ажыратады. Осыдан атауы - үш буынды модель. Бұл тізбектегі полиция өз кезегінде дәлелдемелерді жинақтап, бекітеді, оқиға орнына шығады, жауап алады және басқа да тергеу әрекеттерін жүргізеді. Осыдан кейін жинақталған материалды прокурорға береді. Прокурор жиналған дәлелдемелерге тәуелсіз баға береді, процеске қатысушылардың құқықтарының бұзылуына жол бермейді және сотта айыптауды қолдайды. Сот органдардың іс-әрекеттеріне шағымдарды қарайды және түпкілікті үкім шығарады.

- Үш буынды модельді жүзеге асыруда прокуратура қандай қызметтерді орындайды?

- Үш буынды моделдің басты ерекшелігі - енді прокурордың келісімінсіз іс жүргізу шешімінің заңды күші жоқ. Бұрын прокурор, қылмыстық істерді зерделеу кезінде ғана заңдылықты тексерген болса, қазір процессуалдық шешімнің прокурордың келісімінсіз заңды күші жоқ. Прокуратура қылмыстық істерді тергеу барысында барлық негізгі шешімдерді электронды нысанда келіседі және бекітеді. Бұл адамды күдікті деп тану, оның әрекетін саралау, тергеу мерзімдерін үзу, істі тоқтату және басқалар.

- Негізгі процессуалдық шешімдерді электронды нысанда келісудің артықшылықтары қандай?

– Прокурордың сотқа дейінгі тергеп-тексеру органымен жедел өзара іс-қимыл жасау, сөзбұйдалықты болдырмау қажеттігі ескеріле отырып, СДТБТ негізінде электрондық нысандағы өзара іс-қимылды қамтамасыз ету міндеті қойылған. Осыдан кейін, тергеушілер іспен прокурорға барып, шешімді келіскенін күтудің қажеті жоқ. Прокурордың негізгі шешімдерді келісу мерзімдері заңнамалық нормалармен нақты белгіленген. Сонымен қатар, электрондық келісу тергеу органдарының басшылығына және қадағалаушы прокурорға қылмыстық істерді тергеу барысын онлайн режимінде бақылауға мүмкіндік береді. Заңдылықты қадағалауы тиіс прокурор іс оған түсер алдында ғана процеске қатыспай, оның тергеп-тексеруіне басынан бастап қатысады. Яғни, электрондық келісу қылмыстық істі бұрмалау мүмкіндігін азайтады.

- Осы модель бойынша істер қаралды ма?

- Өткен мерзімде полициямен 400 жуық негізгі шешімдер қабылданып, оның ішінде 25 шешімдері заң талаптарына қайшы болғандық уәкілетті прокурорлармен келісуден бас тартылды. Жоғарыда айтылғандай, азаматтардың Конституциялық құқықтарының бұзылуын болдырмауға мүмкіндік береді.

- Болашақта үш буынды модель қоғамның құқық қорғау органдарына деген сенімін арттыру үшін шаралардың бірі бола ала ма?

- Әрине мүмкін. Адам құқықтары саласындағы мемлекеттің функциялары үш міндетпен байланысты: - Адам құқықтары мен бостандықтарын құрметтеу,үшінші тұлғалар тарапынан адам құқықтарын қорғау, адам құқықтары мен бостандықтарының сақталуын қамтамасыз ету үшін тиісті заңнама қабылдауды қоса алғанда, қажетті шараларды қабылдауға міндетті. Үш буынды модельдің басты басымдығы азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау болып табылатындықтан, ол құқық қорғау органдарына сенім деңгейін арттыру мәселесіндегі кезекті қадам болады. Жаңа қабылданған Заңның берер нәтижесі және азаматтардың құқықтарын барынша қорғауға қызмет ететіндігі жан-жақты айтылып, қазіргі уақытта аудан прокуратурасымен заңның мүлтіксіз сақталуына бағытталған барлық іс-шаралар атқарылып жатыр.

Жылыой ауданының прокуратурасы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT